Бокс • 16 Тамыз, 2018

АҚШ-тың әйгілі кәсіпқой боксшысы Рой Джонс Рудныйда рэп оқыды

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері АҚШ-тың әйгілі кәсіпқой боксшысы, әлемнің экс-чемпионы Рой Джонс Қазақстанда жүргені баршаға мәлім. Күні кеше ол Қостанай облысының Рудный қаласында өтіп жатқан ERG Спартакиадасы барысында рэп оқып, стадион толы көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады.

АҚШ-тың әйгілі кәсіпқой боксшысы Рой Джонс Рудныйда рэп оқыды

49 жастағы Рой Джонстың қандай қайратты боксшы екенін жанкүйерлер жақсы біледі. 1988 жылы Сеул Олимпиадасында 71 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан ол барлық қарсыластарын күмәнсіз ұтқан еді. Финалда Оңтүстік Кореяның өкілі Пак Сухунмен кездесті. Бұл бәсекеде де америкалықтың мысы басым болды. Алайда әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті жергілікті боксшыға алып берді. Арамза қазылардың бұл шешімі үлкен жанжал тудырды. Өз кінәләрін жуып-шаймақ болған АИБА басшылығы Олимпиаданың ең таңдаулы былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогын Джонсқа табыс етті. Бірақ финалдық сайыстың нәтижесі өзгеріссіз қалып, әділетсіздіктің құрбаны болған АҚШ-тың өрені күміс медальді қанағат тұтты.

1989 жылы Рой кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буды. 30 жылға жуық уақыт аралығында 75 кездесу өткізіп, 66 рет жеңіске жетті. 47 қарсыласын есінен тандырды. Орта салмақ дәрежесінен бастап, ауыр салмаққа дейін көтеріліп, ең белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанды. Өз дәуірінің ең мықты деген боксшыларының барлығымен күш сынасып, сол жекпе-жектерінің денін айқын жеңіспен аяқтады. Жеңілген жағдайдың өзінде жігерсіздік танытқан кезі жоқ. Өзінің соңғы кездесуін үстіміздегі жылдың ақпан айында өткізген әйгілі АҚШ боксшысы өз отандасы Скотт Сигмонға сан соқтырды. 

Джонс спортпен қатар, басқа да салаларда өзін мойындата білді. «Ібілістің адвокаты», «Жауынгер», «Матрица: Қайта жүктеу», «Әмбебап солдат – 4», «Солақай» атты бірқатар фильмдерде ойнады. Түрлі конкурстарда ән салып, би биледі. Рэп оқып, «Body Head Bangerz» деп аталатын топ құрды. Бірнеше альбом шығарып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Рой Джонстың Қазақстанға деген ілтипаты да ерекше. Ол өзінің досы, белгілі спорт функционері Нұрғазы Жарылқаповтың шақыртуымен біздің елге үшінші мәрте келіп отыр. Біраз қалаларды аралап, қазақтың қонақжай дастарханынан дәм татты. Отандық боксшылармен жүздесіп, оларға ақыл-кеңес берді. Таяуда ғана Астанаға ат басын бұрып, Жакартадағы жазғы Азия ойындарына даярланып жатқан Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшелеріне ақ жол тіледі.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар