Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

Қызылжар өңірінде бруцеллез дерті көбейіп келеді

584 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бруцеллездің қатерлі дерт екенін ауылдықтар жақсы біледі. Қазақ бұл кеселді «сарып» деп те атайды. Бруцеллез қоздырғыштарын жұқтырған адам ауруын асқындырып алса мүгедектікке, тіпті ақыры өлімге соқтыруы мүмкін. Солай екенін біле тұра жекелеген агроқұрылым жетекшілері мен тұрғындар тарапынан жұқпалы мал ауруларына қарсы сақтық шараларының барынша сақтала бермейтіні өкінішті. Айталық, Қызылжар аудандық ветеринария саласының басшылары мен мамандары мал өнімдері мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі  қызметтік міндет екенін біле тұра іске салғырт қарау, жауапкершілік жүгін басқаға ысыра салуды әдетке айналдырған. 

Қызылжар өңірінде бруцеллез дерті көбейіп келеді

Архангелька ауылдық округі аумағында мүйізді ірі қара малынан бруцеллез ауруының шығуына байланысты шектеудің жарияланғанына әжептәуір уақыт болғанына қарамастан эпизоотиялық қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде жүргізіліп отыр деп айту қиын. Әрине, дабыл қағылысымен эпизоотияға қарсы күрес жасағы жетіп, ауру малдар оқшауланған.

Санитарлық сою орындарына өткізілген. Дегенмен жеке кәсіпкердің  бруцеллезге шалдыққан малдары мезгілімен сұрыпталып, оқшауланғанда 11 адамның қанынан кесел белгілері табылмас еді. Анатолий Шушомоин жетекшілік ететін «Ер-Агро» ЖШС-і індеттің негізгі таралу көзі саналғанымен, түптей келгенде, жіптің бір ұшы «Жанбай» шаруа қожалығына келіп тіреледі. Тұрғындардың жанайқайынан кейін мәселенің мән-жайын анықтау мақсатымен алдымен ат басын фельдшерлік-амбулаториялық пунктке тіредік. Оның меңгерушісі деректер бермек түгілі аты-жөнін айтудан бас тартты. Ешбір адам зардап шеккен жоқ деген емеурін танытып, ат-тонын ала қашты.

Соған қарағанда болған оқиғаға боямасыз түсінік берудің орнына жасырып-жасқауға бейім бе деп қалдық. Есесіне ауыл тұрғыны Тоғжан Жарасбаева жайып салған шындықтан біраз жайтқа қаныққандай болдық. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін отағасының ауруханада емделіп жатқанына жарты айдан асыпты. Ұзақ жатуына алаңдаулы. Әукесі  жер сызған екі сиырдан ауру қоздырғыштары табылысымен бірден етке өткізуге тура келген. «Жылына екі рет тексеріп, қан алып тұратын. Аяқасты сайтандай сап ете қалған індеттің салдарынан талай отбасы нәпақасынан қағылып қалды. Кеселдің қайдан келгенін ешкім ашып айтпайды. Сұрай қалсақ өзімізді кінәлап шыға келеді. Өтемақыны қашан өтері белгісіз», дейді Тоғжан мұңын шағып.  

Біз «Ер-Агро» ЖШС-і дәл­ ауыл іргесінде тұрғызған мал қораларын барып көрдік. Ве­теринарлық заңнамалар мен зооветеринарлық талаптармен үйлеспейтіні көрер көзге бадырайып тұр. Ғимаратты салуға ешқандай құжат рәсімделмеген. Оны аудандық ветеринария бөлімінің жетекшісі Сырғабек Байжанов та мойындады. Оған кім рұқсат берді, бақылау неге жасалмады деген сауалымызға жауап бере алмаған күйі жер шұқыды. 

– «Ер-Агро» серіктестігі  малдарды өзге шаруашылықтан рұқсат құжатсыз әкелуді әдетке айналдырған. Осы себепті жұқ­палы ауру жеке сектордың малына да таралып отыр. Мемлекет­тік жобаларға қатысу үшін әр фермада тіркеу нөмірі болуы тиістілігіне қарамастан бұл талап та өрескел бұзылған. Соған қарамастан же­ңіл­детілген суб­си­дияны қалай  ал­ғаны таңдан­дырмай қоймайды. Қазір бұл шаруа­шылықта  үкі­меттік бағдар­лама бойын­ша әке­лінген малдан 40 бас қалған. Мұ­ның бәрі заң­сыз­дықтарға көз­ жұма қарау салдарынан, – дей келіп, жанымызда жолбас­шы болып жүрген  Вруйр Геворкян былтыр алғашқы ауру белгілері білінісімен дабыл қаққанын, жергілікті  билік дұрыс құлақ аспаған соң облыс басшылығына дейін барғанын жеткізді. Ол осында ауылдық кооператив бірлестігін құрып, тұр­ғындардан ет, сүт өнімдерін жи­науды ұйымдастыруға бел ше­ше кірісіпті. Көлденең көк аттыдай киліккен келеңсіздік қолын шідерлеп байлап тастаған тәрізді. 

Біз орын алған жағдайға орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровпен әңгімелескенімізде, ол ерекше жұқпалы және эпизоотиялық кеселдердің алдын алу, диаг­ностикалау шаралары жүйелі жүргізілетінін, ұдайы бақылауда ұсталынатынын, қаржы жеткі­лікті мөлшерде бөлінетінін айта келіп, көп жағдайда жекелеген қожалықтар мен қоғамдық мал ие­лері маңызды міндетке жүрдім-бардым қарайтынын, ұлт денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді ортақ талапты орындай бермейтінін ашып айтты. Оған нақты мысалдар келтірді. Есіл ауданында серіктестік директорлары өзара уағдаласып, малдарды ал­мастырған. Оның ақыры жұқпалы дерттің туындауына соқтырған.

Ғ.Мүсірепов ауданы «Малая Бобровка»  фермерлік шаруашылығы ветеринарлық бақылаусыз Қостанай облысынан бруцеллезбен ауыратын малдар әкелген. Кейін ауданның бірнеше шаруашылығында осы аурудың ошақтары табылған. Тимирязев ауданына қарасты «Керей» шаруа қожалығының басшылығы ветеринарлық қыз­меттің  келісімінсіз 200 бас ірі қара малды сырттан сатып алған. Көктемге салым сиырлардың түсік тастауы күдік тудырып, алын­­ған сынамалар нәтижесінде бру­целлезге шалдыққаны белгілі болған. Табынның жартысы етке жөнелтілгенімен қалған малды бергісі жоқ. Санитарлық союға өткізбеудің амал-айласын қарастырып, сотқа жүгінген. Сот қайтадан сынама алу жөнінде  шешім шығарған. Ырғалып-жырғалып, уақыт оздырудың соңы жағдайды оңалтудың орнына  күрделендіріп жіберуі әбден мүмкін.

Демек, Айдарбек Сейпілұлының сөзі негізсіз емес. Ветеринария бас­қармасының басшысы Алтынбек Аб­доллаев­тың айтуынша, округтерде 177 ветеринарлық қосын орналасқан. Бұл салада 500-ге жуық мал дәрігері жұмыс істесе, үштен екі­сі ауылдық жерлерде. Былтыр бір мыңға жуық ветеринарлық заңнаманың бұзылу оқиғасы тіркелген. Заңды және жеке тұл­ғаларға қатысты 800-дей ұй­ғарым шығарылып, 364  әкім­­шілік айыппұл салынған. Төрт шаруашылыққа шек­теу қойыл­ған. Облыста сарып кесе­ліне шалдыққан малдардың саны республикалық  көрсеткіштен төмен болса да тоқмейілсуге әсте болмайды.

Бірқатар фермада санитарлық өткізу орындары, жас төлдер бөлімшелері қарас­тырылмаған. Ветеринарлық және зоотехникалық қызметтер жүйе­сі құрылмаған. Бәрінен де мал шаруа­шы­лығы бағдарламаларын жүзеге асыруды желеу етіп, арнау­лы рұқсат құжатынсыз мал сатып алу оқиғаларының  тыйылмай келе жатқаны қынжылтады. Бірер жыл бұрын Рассвет ок­ругіне қарасты Семиполатное елді мекенінде жарияланған карантин де басқаларға сабақ болмаған сияқты. Осы ауылдың Н.Чернышов есімді тұрғыны ауру малдарды дереу  етке жөнелтудің орнына жөн-жосықсыз байбалам салу арқылы қоғам назарын аудармақ болған. Алты рет соттасып, айғай-шудан ештеңе өнбегеніне қазір қатты өкінулі. Әлі күнге дейін 1,7 миллион теңге айыппұлды өтеумен келеді. Енді міне, осы округте орналасқан «Жанбай» шаруа қожалығынан шыққан жұқпалы аурудың жеке секторға  таралуына «Ер-Агро» серіктестігінің еш құжатсыз әкелген 65 бас асылтұқымды герефорд сиыры басты себеп болған.

Тіпті міндетті  карантиндік шараларды жүргізуді қажет деп таппаған. Сөйтіп Архангелка ауылдық округі бойынша екі жүзден астам мал пышаққа ілік­кен. Енді жұқпалы дерт көрші Новокаменка елді мекеніне де тарала бастағаны байқалады.

Саналы ғұмырының 47 жылын ветеринария саласына ар­наған білікті мал дәрігері Әлім Төлебаевтың мына пікірі ой салады.

– Үкіметтен, облыс тарапы­нан жүйелі көмектің беріліп жат­қанына қарамастан жергілікті жерлерде пәрменді шаралардың сиырқұйымшақтанып кететінін, тапсырмалардың  жүрдім-бардым  орындалатынын тәжірибеден көріп жүрміз. Былтыр Архангелка округі бойынша қан алу жоспары орындалды деген ақпарды тұрғындар әшкере етті. Тексере келгенде отыз шақты отбасының малы қамтылмай қалғаны бел­гілі болды. Мына «қызықты» қараңыз. «Жанбай» шаруа қожа­лығынан ауру  мал шықты деген сыбыс таралысымен «Ер-Агро» серіктестігі одан әкелінген мал­дың бір бөлігін кері апарып тастаған. Тайынша ауданына қарасты «Алабота» асылтұқымды кәсіпорнынан сатып алынған құнажындар еш құжатсыз әке­лінген. Кей малдар жалпы тізімде жүргенімен, санда бар да санатта жоқ. Олардан алынған сынама зертханаға сақтауға тапсырылуы тиіс емес пе? Мұндай көзбояушылықтарды аудандық ветеринарлық стансаның басшысы Исмағзам  Құдасов жақсы білгенімен, көз жұма қарайды. Қаншама қызметтік хат жазылса да, кемшіліктерден қорытынды шығаруға асығар емес.

Ашығын айту керек, округтерде жұмыс істейтін мал дәрі­герлерінің  мехнатты қызметін жеңілдету жолдары ойластырыла бермейді. Еңбек шартында қарастырылмаған бірқатар міндетті орындауға мәжбүр. Жалақы атқарылған жұмыстың көлемі мен жасалған актілер негізінде төленуі, мал саны­на қарай көмекші берілуі тиіс деген талаптар жиі бұзы­ла­ды.­ Рощинск ауылдық окру­гін­­де қаншама қаржы жұм­сап, ве­­те­ринарлық пункт ашыл­ға­нымен жұмыс істемейді. Ме­ніңше, электр станса, фотоаппарат, смартфон секілді керексіз заттардың орнына қа­жетті құрал-жабдықтар алынса тиімді болар еді. Басшылар жылдық емдік өтемақыны еш кедергісіз алса, мал дәрігерлері үшін қол жетпес арман, – деді ойын бүкпесіз ақтарған маман.

Түрлі жұқпалы мал кесел­дерінің алдын алу, таралуына жол бермеу, адамдардың ден­саулығына нұқсан келтірмеу жергілікті атқарушы орган­дардың пәрменді бақылауы мен мем­лекет­тік ветеринарлық-са­нитарлық қызмет­тің сапалы атқарылуы нәтиже­сінде жүзеге асатынын ескерсек, ма­ңыз­ды міндетке салғырт қарау жоға­рыдағыдай келеңсіздіктерге киліктірері сөзсіз. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы,

 Қызылжар ауданы