Өкінішке қарай, Кеңес Одағының ішінде халықтар арасындағы интернационалдық достық туралы әңгіме өте көп айтылғанымен шынтуайтында, халықаралық олимпиадалық сайыстар басталғанда «Кубертэннің қағидалары» ұмытылып қалып жататын. Жасыратын несі бар, әркімге армандай болған әлемдік спорттық сынақтарға қазақ жастары жүрек қалауынша қатыса алмады.
Мыңнан бір мүмкіндік туған сәтте ғана олар жарыс алаңына шықты, шыққан бойда өздерінің кім екенін таныта білді. Содан Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана барып біздің жастарымыздың спорт алаңдарында бағы ашылып, жұлдызы жанды. Атағы әлемге танымал болған әйгілі марафоншы Әділбек Шаяхметов туралы сөз қозғағанда талайымыздың, тіпті өз басымыздан өткерген спорттағы саясаттың солбір солақай да осал тұстары менің есіме еріксіз оралады.
Сонау 1973 жылдың өзінде еркін күрестен Орта Азия әскери округінің чемпионы атанған Әділбек Шаяхметовтің спорттағы ең жұлдызды сәті байрақты сол бәсекеден соң біржолата аяқталады деп кім ойлаған?! Өйткені балуанға Алматыдан ары аттап басуға, халықаралық дәрежедегі бәсекелестермен белдесіп, бақ сынасуға «орын болған жоқ».
Ең жанға бататыны, спорттағы мұндай кедергілерден өту-өтпеу тағдыры сол жылдардағы болашақ спорт жұлдызы атанатын әрбір қазақ жасының маңдайына жазылып қойған еді. Кубертэннің арманын орындауға Кеңес Одағының партия басшылары мен спорт саласының функционерлері соншалықты бейіл танытпады. Өйткені мемлекет «КСРО – бір ұлт» деген өлшемді қағидамен өмір сүрді.
Сонымен менің әңгімеме өзек болған танымал спортшы Әділбек Шаяхметов кім? Қазақстан Тәуелсіздік алғанда Әділбек Шаяхметов қырықтың қырқасына шыққан өз ұжымындағы беделді азаматтың бірі, білікті инженер-технолог қызметін атқаратын. Тал бойында бұла күші тасып тұрғанымен бұл жаста спортшылардың дені рекордтар жасау мүмкіндігінен айырылып, көбісі жаттықтырушылық қызметке немесе басқадай мамандықтарға ауысып жататын заңдылық бар.
Бір сөзбен айтқанда, спорттың көп түрінен аламан жарыстарға қатысып жүрген жігіттеріміз орда бұзар отызында негізгі кәсібімен қоштасады. Спорт тәртібі солай. Алайда Әділбек үшін, кешегі балуан үшін – жұлдызды шақтар жасы қырықтың қырқасына шыққанда туды. Бұл да бір сиқырлы спорт әлеміндегі сыры мол құбылыс. Көз ашқаннан адал еңбектің, таза маңдай тердің өтеуін жақсы біліп өскен жігерлі азамат өз өмірінің осы кезеңінен жаңаша жол іздейді.
Сонымен біздің Әділбек кәдімгі кәсіби қызметте жүріп-ақ жүрек қағысының әмірімен біржолата алыс қашықтықтағы марафондық жарысқа жүгіруге бел шеше кіріседі. Алдымен Қазақстан аумағында 42 километрлік марафондық жарысқа түсіп, бағын сынап көрді. Көп кешікпей желаяқтар қатарынан қаймықпай орын алады. Ащы тері шығып, іштегі бұла күші табиғи жанартаудай бұлқынған Әділбек сол күндері шын мәнінде өзін халықаралық үлкен жарыстар қол бұлғап шақырып тұрғанын сезінген де шығар-ау!
Өзім де куәмін, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының екінші жартысынан кейін-ақ қазақ жастарының есімдері халықаралық жарыстарда ауызға ілініп, көк байрағымыз көкке өрлеп желбірей бастады. Бір ғана мысал, біздің кейіпкеріміз марафоншы Әділбек Шаяхметов өткен осы мерзім ішінде Қазақстан мен әлемдік жарыстарда, сондай-ақ Азия құрлығындағы сайыстарды қосқанда марафондық жарыстан барлығы 35 рет жеңіс тұғырына көтеріліп үлгеріпті. Соның ең алғашқысы да сүбелісі – 2010 жылы Куала-Лумпур (Малайзия) қаласында жеңіл атлетикадан өткен ХVІ Азия чемпионаты.
Осы жарыста кешегі еркін күрестің шебері – жерлесіміз Әділбек Шаяхметов 60 жастан жоғары топ арасындағы сайыста күміс медаль иеленді. Араға екі жыл салып Тайбей қаласында (Тайвань) өткен дәл осындай әлемдік бәсекеде, ол кезде 64 жаста, мойнына алтыннан алқа тағып Қазақстанның туын көкке желбіретті. Дүние жүзінде зәулім үйлері көкпен таласып күллі адамзатты тамсандырған Тайваньнның әкімшілік орталығында өткен осы біріншілікте Әділбек Әлем чемпионы атанды! Аса тартысты бәсекеге Азия құрлығының 18 елінен барлығы 1800 спортшы қатысқан болатын.
2014 жылы Жапония астанасы Токиода өткен кезекті ХVІІІ Азия чемпионатында тағы да күміс жүлдеге ие болды. Айтпақшы, осының алдында ғана, яғни бір жыл бұрын Жеңіл атлетикадан Сан-Паулу қаласында (Бразилия) өткен марафоншылар жарысында оның 7-ші орын алуының да маңызы зор.
Қысқа уақыт ішінде мұхит асып барып мың-сан адам ішінде 7-ші орынды иелену де, мұны марафоншылардың өздері өте жақсы түсінеді, ерлікке пара-пар дер едім. Соңғы 20 жылда жүгірген жолы Жер шарын 5 рет орап алатын Қазақстанның ардагер-марафоншысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбек Шаяхметовтің қазақ спорты тарихынан ойып тұрып алған өз орны бар.
Жастығында тап келген әділетсіздік кедергілерге мойынсұнбай, нағыз спортшыға тән мінез көрсете білген Әділбектің көздеген арманы бұдан да жоғары әрі асқақ болатын. Оның атадан дарыған жігерін жанитын асыл қасиеттері бүгінгі жас ұрпаққа, жеткіншектерімізге, спорт жолын қуған нағыз сайыпқыран саңлақтарға өте үлкен үлгі-өнеге дер едім.
Өмірінің соңына дейін шынайы спортқа шын көңілімен адалдық танытқан, жарыс жолынан шықпаған Әділбек тосыннан душар болған кеселге ота жасату үстінде кенеттен көз жұмды. Ауыр қасірет, «қыран қазасы қияда» деген осы екен. Нағыз спортшыға тән салмақты да сабырлы байсалды азаматтың, жауырыны жер иіскемеген балуанның, әлемге аты танылған желаяқтың өзі туып-өскен Саурық батыр ауылындағы даңқты бабалары жатқан қасиетті қорымда жамбасы жерге тиді... Небәрі төрт айдан соң жетпіс жасқа толар еді.
Спорттың жас талғамайтынын өзінің осы саладағы өнегелі өмірі арқылы баршаға дәлелдеп өткен Әділбектің ойлы жанары, қоладан құйғандай шымыр сом тұлғасы, қарапайым азаматтық болмысы біздің жадымызда мәңгілік сақталып қалды.
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы