Теннис • 24 Тамыз, 2018

АҚШ-қа Қазақстанның үш теннисшісі аттанады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

27 тамызда Нью-Йоркте АҚШ-тың ашық біріншілігі басталады. Әлемнің ең үздік теннисшілерінің басын қосатын «Үлкен дуылға» санатындағы турнирде Қазақстанның үш ойыншысы өнер көрсетеді. Олар – Юлия Путинцева, Зарина Диас және Михаил Кукушкин.

АҚШ-қа Қазақстанның үш теннисшісі аттанады

Әйелдердің әлемдік рейтингінде 51 орында тұрған еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева америкалық Бернарда Перамен шеберлік байқасады. Ол WTA тізімінде 94 орында тұр. 23 жастағы АҚШ ойыншысы дүбірлі додаларда әлі де ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе қойған жоқ. Биыл Пера Австралияның ашық біріншілігінде үшінші кезеңге дейін жетті. Әзірге оның ең үздік нәтижесі осы.

WTA рейтингінде 62 орынды иемденген Зарина Диас алғашқы айналымда өте мықты қарсыласқа тап келіп отыр. Соңғы жылдары 26 жастағы Чехия теннисшісі Каролина Плишкова дүбірлі додалардың көбінде үнемі үздіктер санатынан көрініп жүр. Атап айтсақ, 2017 жылы Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетіп, бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды. Соның нәтижесінде әлемнің бірінші ракеткасы атанды. 2016 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінің финалына шықса, биыл Мельбурндегі бәсекеде озық сегіз ойыншының қатарына қосылды. Қазіргі кезде Плишкова әлемдік рейтингте 8 орында тұр.

Ерлер сайысында жалғыз Михаил Кукушкинге үміт артылып отыр. АТР тізімініде 84 орынға табан тіреген жерлесіміз Нью-Йоркте Ноа Рубинмен күш сынасады. 22 жастағы АҚШ-тың өкілі де пәлендей табыстарға жете қойған жоқ. Бұл күндері ол әлемдік рейтингте 135 орынды еншілеуде.

АҚШ-тың ашық біріншілігінің биылғы жылғы жүлделік қоры 25 282 400 долларды құрап отыр. Бұл жарыс 9 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»