Хоккей • 24 Тамыз, 2018

«Барыс» Башқұртстан кубогы үшін таласады

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

25-28 тамыз аралығында Ресейдің Уфа қаласында шайбалы хоккейден Башқұртстан Республикасының кубогы жолындағы дәстүрлі жарыстың жалауы желбірейді. 

«Барыс» Башқұртстан кубогы үшін таласады

Айтулы турнирде Астананың «Барысы» да бақ сынайды. Біздің команда сапында мына ойыншылар өнер көрсетеді: Қақпашылар –Доминик Граховина, Хенрик Карлссон, Сергей Кудрявцев және Вилен Прокофьев. Қорғаушылар – Артем Бакушин, Джесси Блэкер, Кевин Даллмэн, Даррен Диц, Александр Липин, Алексей Маклюков, Валерий Орехов, Кирилл Полохов және Максим Семенов. Шабуылшылар – Павел Акользин, Әлихан Әсетов, Брэндон Боченски, Кёртис Волк, Дмитрий Гренц, Дмитрий Гурков, Патрис Кормье, Иван Кучин, Никита Михайлис, Кирилл Панюков, Андре Петерссон, Егор Петухов, Антон Сағадеев, Роман Старченко, Фрэттин Мэттью және Дмитрий Шевченко.

Өзінің тұсаукесер кездесуін жерлестеріміз 25 тамызда Нижнекамскінің «Нефтехимигіне» қарсы өткізеді. Келесі күні Екатеринбургтің «Автомобилистімен» күш сынасамыз. Соңғы бәсекеде Уфаның «Салават Юлаев» клубымен шеберлік байқасамыз.  

Естеріңізге сала кетейік, Башқұртстан Республикасының кубогы жолындағы жарыстың тұсауы 1999 жылы кесілген болатын. Осы турнирде жарыс қожайындары сегіз рет жеңімпаз атанды. Ярославльдің «Локомотиві» екі мәрте топ жарды. Сондай-ақ, «Молот-Прикамье» (Пермь), «Лада» (Тольятти), «Ақ Барс» (Қазан), «Авангард» (Омбы), «ХК-36» (Скалица), «Югра» (Ханты-Мансийск), СКА (Санкт-Петербург) және «Нефтехимик» (Нижнекамск) сынды командалар бір-бір реттен дара шықты.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»