Жеңіл атлетика • 27 Тамыз, 2018

Луценко болмаса, қайтер едік?!

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойын­дары да бел ортасына жетті. Қазірше Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша жалпы­коман­далық есепте 11-орында келеді.

Луценко болмаса, қайтер едік?!

Велоспорт бойынша топтық жарыс кезеңінде топ жарған отандасымыз Алексей Луценко жекелей сында да өзін Азиядағы ең мықты велошабандоз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол 40 шақырым жолды 55:37:13 уақыт жүріп өтіп, Азиаданың екінші алтын жүл­десін жеңіп алды. Осылайша, Алексей Луценко Азия ойын­дарында екі дүркін жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды. Шын­дығында Азиадаға Алексей бармаса, қайтер едік?!

Сондай-ақ джиу-джитсу спортының өкілі Дархан Нортаев (62 кг) ел қоржынына төртінші алтын жүлдені салды. Нортаев финалдық айқаста Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшысы Омар әл-Фадлиді жеңіп, джиу-джитсудан қазақ спортшылары арасында тұңғыш Азия ойындарының чемпионы атанды. Себебі джиу-джитсу спорты Азиадаға биыл ғана қосылды.

Ал күміс жүлдені Денис Евсеев пен Александр Бублик жеңіп алды. Жұптасып сынға түсуде теннисші­леріміз финалда үндістандық спортшыларға есе жіберді. Қола медалді джиу-джитсу спортшылары Нұржан Сейдуәли (56 кг) мен Нартай Қажеков (69 кг), Ризат Мақашев (94 кг), теннистен қыздар арасындағы жұп­­тасып сынға түсуден Анна Данилина мен Гозаль Айнит­динова, сондай-ақ жұптасып өнер көрсетуде Анна Данилина мен Александр Недовесов, суда жүзу спорты бойынша Дмитрий Баландин мен Қазақстан құра­масы және ядро лақтырудан Иван Иванов жеңіп алды.

Командалық есепте Қытай көш бастап келеді – 153 медаль (72 алтын). Екінші орындағы Жапонияда 109 жүлде (34 алтын), үшінші орындағы Оңтүстік Кореяда 84 медаль (25 алтын) бар.