Ақтөбе • 30 Тамыз, 2018

Тарихи атаулар таңдалды

911 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тарихи атаулар таңдалды

Ақтөбе қаласының аумағы мен шекарасы жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі кезде облыс орталығының ішінде де, сыртында да жаңа көшелер мен орамдар пайда болуда. Оның бәріне атау керек екені белгілі. Әйтпесе ел-жұрт жаңа мекен­жайлар мен ғимараттарды қай­дан іздеп табарын білмей, әуре-сарсаңға түспей ме? Оның үс­ті­не Ақтөбе қаласының құра­­­мы­­на кіретін Ақжар, Ақжар-2, Заречный, Кірпішті, Рауан және Ясный секілді тұрғын үй аудан­дарында біраз көшелер әлі күнге дейін атаусыз қалып келіпті. 

Осыған орай Ақтөбе облыс­тық мәслихаты 2018 жыл­дың наурыз ­айында 67 көшеге атау беру жөнінде шешім қабыл­даған еді. Міне, сол кезден бері 4-5 ай сырғып өте шығыпты. Осы уақыттың аралығында жа­ңа көше атаулары әділет орган­дарында тіркеліп, тиісті құ­жаттары реттелген. Бүгін­гі күні қай көше екенін айғақ­тайтын көрсеткіштер мен бел­гілерді ілу мен орнату жұмыс­тары қолға алынған. 

Сонымен бір мезгілде тәуел­сіздік пен бүгінгі жаңа Қа­зақстан қоғамы талаптарымен сәйкесе алмайтын көшелерді ел-жұрттың зердесінде сақ­талып қалған бұрынғы төл атау­­ларымен алмастыру немесе оны басқаша атау шаралары да мәслихат шешіміне сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақ­­­төбе облыстық тілдерді дамы­ту басқармасының басшысы Гү­л­айым Төлебаева айтып берді. 

Айталық, нақты деректерге сүйенсек, қаланың қақ орта­лығындағы Ғазиза Жұбанова көшесімен қиылысатын ­атаусыз көше бүгінгі Конституциямыз­дың түпкі төркіні – «Жеті жар­ғыны» өмірге келтірген Тәуке ханның есімін иеленуі қай тұрғыдан да қисынды әрі жа­расымды көрінеді. Осы ыңғай­мен тағы да әрі қарай тіз­белей түссек, Қабанбай ба­тыр, Жүсіп Баласағұн, Ақан сері, Ақтан Керейұлы және Ер Қосай секілді тарихи тұл­ғалардың аты-жөндері халқы­мыздың арғы-бергі тарихымен тығыз үйлесім тауып тұр­ғаны талассыз. Сонымен бірге Қозы Көрпеш, Қалқаман – Мамыр, Нарын, Сәйгүлік және Оқжетпес сынды атау­лар да бүгінгі ұрпақ өкілдерін асыл да асқақ сезімді пір тұтуға және туған топырақ пен ежелгі салт-дәстүрлерді қастерлеуге үндей алары анық. 

Бұл арада көше атауларынан көрініп тұрғанындай, облыстық мәслихат депутаттары аймақтық тар өрістіліктен бойларын аулақ салып, тұтас­тай еліміз мақтан тұтатын тарихи тұлғалардың есімдері мен киелі жер атауларын асқақ­татуға басымдық бергені айқын байқалады. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ