Биыл Ақтөбе аймағында 26 мектептің құрылысы қызу әрі тоқтаусыз жүргізілуде. Аталған білім беру нысандары толық іске қосылған кезде 10 мыңнан астам оқушының жаңа білім беру стандарттарына сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған сәулетті орында білім алуына мүмкіндік тумақ. Сонымен бірге өңірде мектеп ғимараттарына жасалатын күрделі жөндеу жұмыстары тың серпін алды. Жетпіске тарта білім нысандары жаңа оқу жылына дейін қайтадан жаңғыртылды. Жұмсалған қаражат мөлшері – 2 миллиард теңгеге жуық.
Жалпы білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына әзірлеу тек бірыңғай жаңа мектеп ғимараттарын пайдалануға берумен немесе оған күрделі жөндеулер жүргізумен шектелмейді. Бұл кешенді әрі үздіксіз үдеріс. Осы орайда 2018-2019 оқу жылында мектеп оқушылары пайдалануға қажетті оқулықтарды жеткізу ісі де белгіленген кестеге сай ретін тапты. Әрі мектептердің материалдық-техникалық базасын одан әрі жаңғырту бағытында қолда бар мүмкіндіктер мен әлеуеттер қарастырылды. Бұған қоса облыстағы білім беру мекемелерін спорттық құрал-жабдықтармен қамту жөнінде қажетті шешімдер қолайын тапқан. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева айтып берді.
«Облыс аумағы үлкен. Салыстырмалы түрде айтқанда, өңір аумағына Еуропаның 2-3 шағын мемлекеті сыйып кетеді. Мұндай жағдайда шалғай ауылдардағы білім беру нысандары мен мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің жай-күйін жан-жақты ойластырмай отыра алмаймыз. Қазір күн салқындай бастады. Осындай қарбалас шақта алыстағы ауыл мектептерін жылыту үшін сұйық және қатты отынмен толық қамту мәселесі де ұдайы назарда. Бұл жауапты іс қазанға дейін аяқталады», деді ол.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ