Үкімет • 04 Қыркүйек, 2018

Б.Сағынтаев медициналық көмек сапасын арттыруды тапсырды

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін өңірлермен бірлесе отырып жұмыс жасауға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрлігінің баспасөз қызметі.

Б.Сағынтаев медициналық көмек сапасын арттыруды тапсырды

Баяндамаларды қарау қорытындысы бойынша, Денсаулық сақтау министрлігінің болашақта атқарылуы тиіс жұмыстарының тәсілдері бекітілді. Сөз арасында Премьер-Министр бүгінде қыруар жұмыстар жасалып жатқанына қарамастан медицина саласында әлі де кемшін тұстардың бар екені атап өтті. Әсіресе ауылды жерлердің халқы сапалы медициналық қызметке жеткілікті түрде қол жеткізе алмай отыр. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп ұсынылған шараларды тиімді іске асыру тапсырылды.

Астана қаласында әкімдіктің бастамасымен «Үйдегі дәрігер» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға сәйкес қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан шағын АМСК орталықтарын ашылу көзделіп отыр. Бүгінде қалада осындай үш орталық өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері  №8 қалалық емхананың базасында алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің практикасын құру жобасы іске асырылған болатын, онда дәрігерлер топтық практиканың құрылтайшылары болып айқындалды. Жобаны іске асыру нәтижесінде консультациялық-диагностикалық қызметтерді тұтыну 33%-ға төмендеді, дәрігерлер мен мейіргерлердің жалақысы 2 есеге ұлғайды, медициналық қызмет сапасының индикаторлары 1,5 есеге жақсарды

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев жеке инвесторларды тарту арқылы медицина мекемелерінің сапасын жақсарту саласындағы Астананың оң тәжірибесіне назар аударып, оны басқа облыстардың да қолға алуын тапсырды.

«Дәрігердің алдындағы ұзын-сонар кезекті мүлде азайту керек. Кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында болып келдік. Жаңадан шағын аудан бой көтеріп жатыр. Бұрын ол жерде 600 үй болса бүгінде оның барлығы сүріліп, орнына 2000 пәтер салынып отыр. Егер бұған дейін ол жердегі емдеу мекемесіне 600 отбасы тіркелген болса, бүгінде олардың саны 2000-ға жетіп отыр. Жүктеме көбейіп келеді», — деп ҚР Премьер-Министрі, үйлердің жобаларын әзірлеу кезінде бірінші қабаттарда халыққа арнап емханалар мен балабақшаларды орналастыру мәселесіне назар аударуды тапсырды. Әрі бұл жұмыстар барлық өңірлерде іске асырылуы тиіс екенін ескертті.

Бақытжан Сағынтаев өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын қайта реттеу мәселесіне баса назар аударуды тапсырғанын еске салды. Әсіресе шағын медицина ұйымдарын құру және салаға инвестициялар тарту мүмкіндігі ерекше аталып өткен еді.

Бұдан өзге, Денсаулық сақтау министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, медицина саласында жүргізіліп жатқан реформалар, адамдардың сапалы медициналық көмек алуын жеңілдету үшін енгізіліп жатқан заманауи цифрлық технологиялар туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп отыру тапсырылды.