Күрес • 07 Қыркүйек, 2018

Ділдәш Күрішбаева: Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді

845 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан­ның әнұранын шырқатып, туын биікте желбіреткен жерлестері­міздің бірі – Ділдәш Күрішбаева. Самбодан 68 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен балуан қыз барлық қарсыластарын қапы қалдырып, алтыннан алқа тағынды. Елге оралған бетте Ділдәшпен азды-кемді сұхбаттасудың сәті түсті.    

Ділдәш Күрішбаева: Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді

– Жеңіс құтты болсын, Ділдәш!

– Рахмет, аға! Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз. Әсіресе самбошылар қауымы қатты қуанып жатыр. Себебі спорттың бұл түрі жазғы Азия ойындарының бағ­дар­ламасына тұңғыш рет еніп отыр. Индонезия астана­сында қыздар 48 және 69 кило, ал ерлер 58 және 90 кило салма­қ­­тар­да белдесті. Алдағы уақыт­та Азиа­дада салмақ дәре­желері артса, қазақстандық самбошылардың жеңіп алған жүлделері әлдеқайда көп болатынына сенімдімін. 

– Джакартадағы жарыс қалай өтті? Қандай мықты қар­­­сы­­ластармен кездестің? 

– Тұсаукесер кездесуде Қыр­ғыз­­с­таннан келген қызды «ауырту» әдісі­мен ұттым. Келесі кезең өте ауыр болды. Жапонияның бал­уа­ны өте мықты екен. Ұзақ уа­қыт екеуміз бір-біріміздің осал тұсы­мызды таба алмай, әбден қара терге түстік. Десек те оң­тай­лы тұста бір ұпай олжалап, же­ңіс­­ті қарсыласымның уысынан жұ­лып әкеттім. Жартылай финалда Моңғолияның және ақтық сында Өзбекстанның өкілінен айлам­ды асырып, алтын тұғырға көтерілдім. 

– Жеңіс тұғырына көтеріл­генде ерекше күй кешкен болар­сың... 

– Әрине оны сөзбен жет­кізу қиын. Төрт жылда бір өте­тін осындай дүбірлі додада ел үмітін ақтап, қазақтың әнұра­нын шырқата алғаныма қатты қуан­дым, айрықша шаттандым, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. 

– Осы спорт түрін қай жерде меңгердің? Балуандық өнердегі ұстазың кім? 

– Өзімнің туып-өскен өлкем – Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде самбоның қыр-сыры­на қанық­тым. Алғаш рет жат­тығу залына келгенде 13 жаста едім. 12 жыл бойы бұл өнер­ге мені елімізге еңбек сіңірген жат­тықтырушы Бақыт Қоқыс­беков баулыды. Кезінде ол кісі шағын ғана Қоянкөз аулы­нан Берік Жетпісбаев пен Мейіржан Қашағанов сынды әлем және Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шығарды. Уақыт оза осындай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алу бақыты маған да бұйырды. Қазір де Бақыт ағаның қол астында жаттығамын. 

– Ділдәш, Азия ойындарына дейін де көпшілік назарында жүрдің. Осы спорт түрінде қол жеткізген табыстарың жайында қысқаша баяндап берсең? 

– 2013-2016 жылдар аралы­ғын­да әйелдер арасында өткен әлем чемпионаттарында төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Санкт-Петербург, Касабланка және Софияда қола медаль алсам, Наритада күміс жүлдеге қолым жетті. Қатарынан төрт рет Азия біріншілігінде жеңімпаз атандым. 2013 жылы Дүниежүзілік Универсиадада үшінші тұғырға табаным тисе, 2017 жылы жабық ғимараттағы Азия ойындарында алтыннан алқа тағындым. Басқа да халықаралық және респуб­ликалық жарыстарда жеңіп алған жүлделерім тағы бар. 

– Ендігі арманың қандай? 

– Самбодан әлем чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілгенімен, бас жүлдеге әлі де қолым жетпей жүр. Сол белес­ті бағындырғым келеді. Дзюдо күресінен де бақ сынап, Олимпия ойындарында атой салуды армандаймын. 

– Көп рахмет, Ділдәш! Алға қойған мақсатыңа қол жеткізуіңе тілектеспіз.

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»