Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2018

«Нұр Отан» партиясы Павлодарда тұңғыш аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумын өткізді

709 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясын модернизациялау аясында 2018 жылғы 6-7 қыркүйек күндері Павлодарда партия Хатшысы Тамара Дүйсенова мен партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен тұңғыш аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумы өтуде.

«Нұр Отан» партиясы Павлодарда тұңғыш аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумын өткізді

Павлодарда өтетін тұңғыш БПҰ форумында жалпы саны 250 адамнан астам партия Орталық аппаратының қызметкерлері, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген ірі бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысады.

Екі күндік жиынның басты мақсаты – БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясының жобасын талқылау. Сонымен бірге, іс-шара барысында қатысушылар партиялық кадрлық резервті қалыптастыру мәселелерін қарастырып, «Әлеуметтік желілерде партиялық жұмысты жүргізудің технологиялары» секілді масс-медиа мамандарының мастер-класстарына қатысты.

- Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру Концепциясын әзірлеп, оны партия қызметін модернизациялау тұрғысынан қарастырудамыз. Мәселен, бастауыш ұйымдар жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қалай қатысады, Мемлекет басшысының жүктеген міндеттері мен мақсаттары туралы халыққа қандай ақпарат жеткізеді, жастармен қалай жұмыс істейді, аймақтардың әлеуметтік мәселелерін мониторингілеу үшін саяси және стратегиялық мүмкіндіктеріміз қандай болмақ, партия мүшелерінің сапалық құрамы қандай болуы керек деген мәселелер аса маңызды. Аймақтық форум нәтижесі бойынша түскен ұсыныстар Астанада өтетін БПҰ республикалық форумында көрсетіледі, - деді Тамара Дүйсенова іс-шараның ашылуында.

Форум жұмысы бірнеше секцияға бөлінген. Әрбір секцияда республиканың төрт облысынан келген партиялықтар партия Хатшысы Т. Дүйсенованың қатысуымен болашақ БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясын талқылады. Оның ішінде қызметті бағалау, жігерлендіру жүйесін енгізу, бастауыш партия ұйымдарының мәліметтер базасын жаңарту, партиялық білім беру, адами ресурстарды басқару және партиялық кадрлық резервті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Т.Дүйсенова атап өткендей, партия басшылығы бастауыш ұйымдардан БПҰ қызметінің белсенділігін арттыру және ұйымның кадрлық әлеуетін күшейту бойынша нақты ұсыныстар күтеді. Әрі қарай форумға қатысушылар «Цифрлық партия» жобасымен танысты. Бұл жоба партия қызметін цифрландыруға, біртұтас мүшелер базасын қалыптастыру және қағазбастылықтан арылуға бағытталған.

Партия Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаментінің директоры Данияр Әлжановпен бірге қатысушылар партияның идеологиялық жобалары, цифровизация, тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру, үштілділікке көшу, бизнестің геоақпараттық онлайн-сервис, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясатын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және қолдау және т.б. 22 жаңа партжобаның жүзеге асырылуын талқылады.

Орталық аппарат Баспасөз-қызметінің басшысы Әлия Бөриевамен спикерлермен жұмыс жасау меxанизіміне талдау жасалынды. Сонымен қатар, аймақтық форумға қатысушылар назарына «Шешендік өнер», «Саяси коммуникациялар» және басқа да тренингтер ұсынылды. Форумның екінші күнінде партия облфилиалында пленарлық отырыс өтеді. Онда қатысушылар БПҰ белсенділігін арттыру Концепциясы мен өзге де мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай іс-шаралар Шымкент пен Қарағанды қалаларында өткен болатын. Үш аймақтық форум ұсыныстар болашақ концепцияның негізіне айналады. Оның тұсаукесері үстіміздегі жылдың қараша айында Астанада өтетін республикалық БПҰ форумында өтеді. Анықтама үшін: қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясының 1 млн. адамды біріктіретін 6 мың БПҰ жұмыс істейді. Олардың жұмысын ұйымдастыруда басты рөл бастауыш ұйымдардың басшыларына жүктелген. Сондықтан БПҰ төрағаларын оқытуға ден қойған. 2017 және 2018 жылдары БПҰ-лардың 4 мың төрағалары онлайн-оқыту, семинар-тренингтерде білім алды.