Қаржы • 11 Қыркүйек, 2018

Банктердің саннан сапаға көшкені ұтымды

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары еліміздің нарығындағы бірнеше банктің жұмысы тоқтатылды. Жалпы, банктер 2 жолмен жабылатынын айта кетейік. Біріншісі, қаржы институтының акционерлері осындай шешім шығара алады. Әрине, бұл үшін алдымен тиісті органдардың рұқсатын алуға тиіс. Екінші жағдайда Ұлттық банк сот шешімімен оларды лицензиясынан айыра алады. Қазақстандағы банктер көп жағдайда осы екінші жолмен жабылуда. 

Банктердің саннан сапаға көшкені ұтымды

Бұған дейінгі бірнеше мысалды тілге тиек етейік. 2016 жылдың соңында Ұлттық банк «Қазинвестбанкті» лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды. Арада бір жыл өтпей жатып қараша айында сот шешімі бойынша Delta Bank-тің жұмысы тоқтатылды. Бұл екі банктің салымшыларына өтемақы төлеу жұмыстары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) жүктелді. Биыл жазда ҚДКБҚ баспасөз қызметі «Қазинвестбанк» салымшыларына өтемақы беру аяқталғанын хабарлаған-ды. Ал Delta Bank салымшыларының ағымдағы есепшоттағы және төлем карточкаларындағы салымдарын қайтарып алу қазір жалғасып жатыр. Теңгемен салым жасағандар – 10 миллион теңгеге дейін, ал шетелдік валютамен салым жасағандар – 5 миллион теңгеге дейінгі қаржысына қол жеткізуде. 

Биыл мамыр айында Ұлттық банктің қаулысымен тағы бір банктің лицензиясы тоқтатылды, Астана банкінің депозит қабыл­дауына және банктен есепшот ашуына тыйым салынды. Мил­лиондаған қаражатын қайтара алмаған салымшылардың дау-дамайы содан бері толастаған емес. 

Тамыз айының соңында Qazaq Banki мен Эксимбанк бағалы қағаздар нарығында қандай да бір операция жүргізуіне мүмкіндік беретін лицензиядан айырылды. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл екі қаржы ұйымының ірі акционерлері қосымша капиталдандыру туралы талаптарды орындамағандықтан және нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзғандықтан сотқа жүгінуге тура келген. 

Ұлттық банктің хабарла­уынша, отандық банк сектор­ын­дағы Qazaq Banki мен Эксим­банктің жалпы активтер мен мін­деттемелерінің көлемі 0,8 және 0,2 процентті құрайды екен. Яғни басқа қаржы ұйымдары үшін бұл екеуінің лицензиядан айы­рылғаны қандай да бір қауіп төндірмеуге тиіс. Екеуі де мін­детті кепілдендірілген депо­зиттер жүйесінің мүшесі болған­дықтан, салымшылардың кепілді сомалары қайтарылуға тиіс. 

Белгілі экономист Жанкелді Шымшықовтың пайымдауынша, бірқатар шағын банктердің жабылып жатқаны – нарықтық экономиканың заңдылықтарына сәйкес жүріп жатқан қалыпты табиғи процесс. Банк экономиканы қаржымен қанағаттандыруға қабілетті болуға тиіс. Кәсіп­орындар барлық қаражатын банкте ұстайтыны белгілі, банк оны қаражатқа зәру екінші бір кәсіпорынға ұсынуы керек.

– Банктердің отандық өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығын қаржыландыру деңгейі өте төмен. Қаржы ұйымдары көп жағдайда шынайы экономиканы дамытуға әрекет жасамайды, түрлі делдалдық жұмыстармен пайда табуға тырысады. Мысалы, коммуналдық төлемдер, басқа да төлем түрлерінен, тұтынушы несиелерден ғана табыс түсіруді жөн көреді. Активін ұлғайтуды көздеген банктер төлем қабілеті төмен адамдарға біле тұра қаражат береді. Қалай болғанда да активін ұлғайта беруді көздеген банктердің ешқандай кепілдіксіз, төмен талаппен несие ұсынған жарнамаларын күнде көріп жүрміз. Біздегі жабылып қалған банктердің біразы осындай жолмен активтерін көбейтіп, тамаша жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырған-ды. Алайда проблемалық несиелері көбейген сайын олардың біразының жағдайы нашарлай берді. Айналып келгенде, несие алушыларының 30 процентіне дейін төлем қабілетінен айырылып, бірталай қаржы ұйымының жағдайы мүшкіл болуға айналды. Qazaq Banki мен Эксимбанктің жағдайын осылай түсіндіруге болады, – дейді Ж.Шымшықов. 

Экономика ғылымдарының кандидаты айтқандай, мұндай банк­тер ауылшаруашылық сек­тор­ы­на да, өнеркәсіпке де жары­­тып қаражат салған емес. Не­гі­зінен тұрғындардың тұты­нушы­лық сұранысын өтеуді ғана мақ­сат тұтты. Яғни халықтың тө­лем қабілеті төмендеген кезде олардың басына қара бұлт үйі­рілгеніне таңғалатын түк те жоқ. 

Жанкелді Шымшықов шынайы экономикаға жұмыс істей­тін банктердің басына қара бұлт үйірілсе, онда қобалжуға бола­тындығын айтады. Ал тұты­ну­шылық несиеге ғана сенетін, түрлі төлемдерден ғана та­быс алуды көздейтін банктер біртіндеп азаюға тиіс. Банк­тердің арасындағы бәсекелестік ке­зінде өміршең ірі жобалармен тиімді айналысқан ұйымдар ғана жеңіске жетеді, қалғандарының жұмысы ерте ме, кеш пе тоқ­тай­тыны түсінікті. «Бұған дейін еліміздегі ең ірі деген банк­тер­ді дағдарыс кезінде сауық­тыру үшін Үкімет тарапынан қа­ра­жат аударылғанын білесіздер. Соның салдарынан банктер «Үкі­мет далада тастамайды» деп санайтын болды. Қаржы сек­торы құлдыраса, тұтас елдің қар­жылық жүйесіне нұқсан келеді. Ал экономика қаржы сек­торымен тығыз байланыста да­миды. Әлеуметтік ахуалдың ушық­пауын ойлаған мемлекет банк­терге әрдайым көмектесетіні осыған байланыс­ты. Әсіресе Қа­зақстандағы ең ірі төрт банктің жағ­дайын мемлекет тікелей бақы­лайды. Ал Qazaq Banki, Эксим­банк сияқтыларына мемлекет кө­мектесе бермейді. Ондай қаржы ұйым­дарының жабылу процесі алда әлі де жалғасады деп ойлаймын. Жалпы, 18 миллион халқы бар ел үшін 30 банк тым көп. Шы­найы экономикаға жұмыс істейтін 10 банк сұранысты толық қанағаттандырады деп ойлаймын. Әлсіз қаржы ұйымдары жабылып, экономика үшін тиімді жұмыс істейтін банктер қалып, айналып келгенде біртіндеп банк секторы ұтымды деңгейге келеді деп санаймын, – дейді қаржыгер. 

Биыл жаз айында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің тым көбейіп кетуіне жол беруге болмайтынын айтқаны белгілі. Кейбір банктердің акционерлері әлеуетсіз клиенттерге біле тұра несие беретінін айтқан Пре­зи­дент «Банктер дегеніміз – қар­жы, қаржы – экономика, ал экономика – халықтың әл-ау­қа­ты» екенін айта келіп, банк секторында жауапсыздыққа жол беруге болмайтынын ескерткен.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»