11 Қыркүйек, 2018

Татар кәсіпкерлері әріптестікке әзір

499 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында биылғы «Қала күні» мерекесі халық­ара­лық деңгейде атап өтілді. Дәлі­рек айтсақ, мереке аясында татар халқының «Сабантуй» ұлт­тық мейрамы өтіп, оған Татар­стан Республикасының прези­денті Рустам Минниханов бастаған мәртебелі меймандар арнайы келді.  

Татар кәсіпкерлері әріптестікке әзір

Бұл әрине, өңір басшысы Алтай Көлгіновтің бұған дейін­гі жасаған барыс-келіс келісім­шарт­тарының нәти­жесі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде Татарстан делегациясы мен батысқазақстандық кәсіпкерлер арасында іскерлік кездесу ұйымдастырылды.

– Қазақстан-Ресей қарым-қат­ы­насы әуелден-ақ страте­гия­­лық басымдыққа ие. Ресей Феде­ра­циясы – Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі. Соның ішінде Татарстан Республикасының үлесі қомақты. Қазақстан мен Татарстанның өзге өңірлерден гөрі географиялық та, тарихи да жақындығы бүгінде эко­но­ми­калық, мәдени және қоғам­дық-саяси әріптестіктің әр саласында айқын көрінеді. Жыл сайын екі мемлекет басшылары­ның қатысуымен Өңіраралық фо­рум өтіп келеді. Өткен жылы мұн­дай кездесу Челябинск қаласын­да өтсе, биыл мәртебелі мей­ман­­дарды Петропавл қаласы қа­был­­дайды. Биылғы кездесудің та­қы­рыбы екі елдің туризм саласын дамытуға арналмақ. Бұл салада біздің өңірдің де әлеуеті өте үлкен. Әсіресе балалар мен жас­өспірімдер туризмі бойын­ша біздің өңір Қазақстанда ал­дыңғы қатарда. Батыс Қазақ­стан облыстық балалар мен жасөс­пірімдер туризмі және эко­ло­гия орталығы ЮНЕСКО клубы мәртебелі статусына ие бол­ды, – деп атап өтті өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Татарстан Республика­сы делегациясы құрамында Татарстан Премьер-министрі­нің орынбасары Василь Шайх­разиев, Мәде­ниет министрі Ирада Аюпова, Татарстан Республикасының Туризм бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Иванов және басқа лауазымды басшылар келген екен.

– Екі ел арасындағы әріп­тес­тіктің муниципальдық дең­гейде бастау алғанына қуаныш­тымын. Біз әріптестіктің бір­неше бағы­тын ұсынып отырмыз – мәде­ниет, білім саласы, туристік ба­ғыт, ұлттық және ғылыми-зерт­теу ізденістері. Жақын күн­дері Татарстан Респуб­лика­сына Орал қаласынан туризмді дамыту бойынша делегация келеді. Біз Қазақстан жағының инвесторлармен жұмыс істеу, балалар мен жастар туризмін ұйымдастыру және дамыту тәжірибесін зерттеп көрмекпіз. Сондай-ақ екі жақ­тың да мүд­десіне сай, бірге қыз­мет ету­ге болатын қызықты жоба­лары­мызды ала келдік, – дей­ді өз сөзінде Татарстан Пре­зи­денті Р.Минниханов.

Екі жақты іскерлік кездесудің нәтижесінде ең алдымен сауда-экономика саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды. 

– Қазақстан Республикасы Татарстанның ең үлкен сауда-экономикалық серіктерінің бірі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сыртқы сау­да айналымы 700 млн АҚШ дол­ларынан асып кетті. Ал биыл­ғы алғашқы тоқсанның қоры­тындысын қарасақ, татар-қазақ сауда айналымы өткен жылғы­дан 67%-ке артып, 400 млн АҚШ долларына жетіпті. Біз мұндай жақын әріптестікті одан әрі дамытып, қос республика арасындағы сыртқы сауда айналымын 1 млн АҚШ долларына жеткізуді көздеп отырмыз, – деп атап өтті Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев.

Оралдағы кездесу барысында «Каzakh Invest» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжанов өңірді инвести­циялау бағдарлама­сымен таныстырып, Батыс Қазақ­стан об­лысындағы инвестжоба­лардың негізгі жұмыс кезеңдері туралы айтып берді.

Жиналғандар Татарстан Рес­публикасының Туризм бо­йынша мемлекеттік комитеті­нің төрағасы Сергей Иванов ұсынған бейнероликті тамашалады. Онда Татарстан Респуб­ликасының туризм саласы бо­йынша ең қызық­ты нысандары, елеулі шаралар туралы ақпарат берілген.

Батыс Қазақстан облыс­тық балалар мен жасөспірімдер туриз­мі және экология орталы­ғы­ның директоры Виктор Фо­мин­нің баяндамасын меймандар қызыға тыңдады. 

Іскерлік кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салаларда әріптестік мақсатында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы және Татарстан Республикасының Актаныш ауданы басшылары меморандумға қол қойды. Батыс Қазақстан об­лыс­тық ақпараттандыру, мем­ле­­кет­тік қызметтер көрсету және ар­­хивтер басқармасы мен «Гра­диент Килби» компаниясы ара­сы­нда ниеттеме хаттамасы жа­сал­ды. Сондай-ақ «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мен «Ак Барс» кеме­жасау корпорация­сы» АҚ ара­сында әріптестік жө­­нін­­де меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, қазақ пен татар халқының арасын­дағы бауырластық әсіресе Орал қала­сында айқын көрініс тап­­қан. Татар халқының классик ақы­ны Ғабдолла Тоқай 9 жасын­да Орал қаласына келіп, қазақ жерінде ақын болып қалып­тасқан еді. Осы жерде медреседе оқып, баспасөз жұ­мысына араласты, қоғам қайрат­кері­не айналды. Небәрі 27 жасында өмірден өткен ақынның сана­лы ғұмыры Оралмен тікелей байланысты. Дәл осы тарихтың өзі қазақ пен татар әдебиетін де жақындастыра түскен. ХХ ғасырдың басында Ғабдолла Тоқай шығармашылығы қазақ қаламгерлеріне қалай әсер ет­кенін жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» трилогиясында әдемі суреттейді. 

Бүгінде Орал қаласында Ғабдолла Тоқайдың музейі, XIX ғасырдың 70-жылдары салынып, татар халқының про­грессивті өкілдері қызмет ет­кен «Қызыл мешіт» жұмыс істеп тұр. 1895-1905 жылдары Ғ.Тоқай оқыған бұрынғы медресенің ғи­мараты да сақталған. Рустам Мин­ниханов бастаған меймандар осы тарихи ғимараттар­ды аралап көріп, Ғабдолла Тоқай ескерткішіне гүл шоғын қой­ды. Бұдан кейін татарстан­дық делегация Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Достық үйіндегі татар диаспорасымен және облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Ал татар халқының ұлттық мейрамы «Сабантуй» мерекесінде татарлардың ұлт­тық «бел күресінен» жеңімпаз болған қостанайлық Талғат Жиентаев Татарстан Прези­денті Рустам Миннихановтың қолынан су жаңа автокөлік­тің кілтін алды. Тағы бір автокөлік Қазақстан халқы Ассамблеясы татар этномәдени орталығына табыс етілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»