Қазақ мүсін өнерінде өшпес із қалдырған қылқалам шеберінің өмір жолы мен шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен көрмеге мүсіншінің әр жылдары жасаған «Томирис», «Тұңғыш», «Салт атты», «Кездесу», «Би», «Бүркітші» сынды 16 мүсіні, қызы Сәнді Әбішеваның кескіндемелік туындылары қойылған.
Бақытжан Әбішевтің есімі еліміздегі көптеген ескерткіштердің авторы ретінде белгілі. Астанада Ататүрікке, Әлия Молдағұловаға, Жаяу Мұсаға арналған ескерткіштері орналасқан. Тоқаш Бокин, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Әди Шәріповтердің ескерткіштері Алматыға көрік беріп тұр. Атыраудың орталық алаңындағы Исатай мен Махамбет ескерткіші де мүсіншінің дара қолтаңбасын айқындайды.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан мүсіншінің зайыбы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңген әртісі Шәмшәгүл Меңдиярова: «Бақытжан жұмыс істегенде сыртқы формасына ғана мән беріп қоймайды, әр кейіпкерінің жан-дүниесіне терең үңіле біледі. Ақыл, жүрек және қол – осы үшеуі біріккенде ғана құнды дүние шығады дейтін. Әсіресе жүйрік тұлпарды жақсы көрді, сондықтан болса керек, оның туындыларының қатарында жылқы бейнесі көп кездеседі», дейді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ