– Жыл басында депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері және өңірлік бизнес-қауымдастық өкілдерінің бастамасымен облыста «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы жарияланды, – деді ол. – Жақында қолыма өңірлердегі кәсіпкерлік саласының даму барысы туралы статистика түсті. Жеті айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республика көлемінде бірінші орында келеді екен. Жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны облысымызда 10,8 процентке артқан. Яғни республикалық орташа деңгейден 2,4 есеге артық. Өткен жылы ғана облысымыз 16 өңірдің ішінде 10-шы орынға тұрақтаған. Дегенмен, жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда атқарар жұмыс жеткілікті. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бастамасының үш жылға ұзартылғандығын ескерсек, облыста жұмыссыз азаматтардың қатары азайып, кәсіппен айналысушылар еселенеді деген сенімдемін.
Жұмыс жүйелі қойылған жерде табыс болады. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен жыл басында өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен қатар мүлде жұмыссыз адамдардың есебі алынған. Аз емес, 100 мыңға жуық азамат екі қолға күрек таппай, қолына ілінгенін кәсіп қылып күн көріп жүр. Осынша азаматтың ертеңін ойлаған облыс басшылығы кешенді жоспар жасап, кәсіпкерлікті өрістетуге шешім қабылдады. Нәтижесіз емес. Осы мақсатқа 32 млрд теңге қарастырылған еді. Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының өзі ғана 280 жобаны қаржыландырады.
Ауылдағы ағайынның кәсіп ашуына жағдай жасалып, жеңілдетілген несиенің басым бөлігі ауыл азаматтарына берілуде. Мәселен, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1,8 млрд теңге ауылды елді мекен жобаларын қаржыландыруға бөлінсе, 89,5 млн теңге қалалық жаңа кәсіпкерлердің жобасына бөлінген.
Неміс халқында «қарны ашқанға балық берме, қармақ бер» деген қанатты сөз бар екен. Бір реттік көмек ешқандай аз қамтылған отбасының қабырғасын жаппайды. Ал жеңілдетілген несие мен кәсіпкерлікке оқыту ісі осылайша жемісін беруде.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы