Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2018

Нұрғали Ораз. Ол

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нұрғали Ораз. Ол

Кемеге қанша жолаушы мінетіні, қай бағытпен жүретіні, қандай қалаларға тоқтайтыны – бәрі-бәрі өзге тілде айтылды.

Сол кезде Ол:

«Біздің тіліміз ұлы мұхитқа шығу үшін саяси айлақтың рұқ­сатын күтіп, қаңтарылып тұр­ған кеме тәрізді екен-ау», деп ойлады.

 

* * *

Ұшақ жерге қонған кезде жолаушылар ду қол шапалақтап қуанып жатты.

«Не үшін?.. – деген ой келді оған. –  Әрине, өмір үшін, тір­шілік үшін».

Өйткені жолаушылар осыдан бір апта бұрын көрші елде апатқа ұшыраған ұшақтың тағдырынан жақсы хабардар еді.

 

* * *

– Ой, сен кім боп кеткенсің?! – деді оған отыз жылдан бері көріспеген бір танысы таңдана қарап. – Кім боп кеткенсің?..

«Япыр-ай, сен мені осыдан он бес жыл бұрын көргеніңде ғой! «Оу, не боп кеткенсің?! Не боп?..» дейтін едің-ау!..» деп ойлады Ол.

 

* * *

1998 жылы Шымқалаға келген бір ірі шенеунік:

– Сіздер сырттан келген қо­нақтарға құрақ ұшып, жік-жаппар болуды қоймайды екенсіздер! – деп қабақ шытып еді.

Кім білсін, ол кісінікі де жөн шығар. Бірақ дәл сол күнгі сөзі орынсыздау көрінгені рас. Себебі Шымқалаға әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов қо­нақ болып келіп жатқан-ды...

Содан бері де талай жыл өтті арада. Ұлы жазушы да, әлгі шенеунік те мәңгілік сапарға аттанды.

«Әрбір жаңа ұрпаққа жазу­шының шығармалары жыл сайын қонақ болып келеді, – деп ойлады Ол. – Ал сіз, шенеунік мырза, бұл қалаға енді келе алмайсыз...».

 

* * *

«Адам баласы өзінің жан дүниесіне жіті үңілсе, жер бетіндегі секілді онда да биік таулар, өзен-көлдер, теңіздер мен мұхиттар бар екенін бағамдар еді. Сонымен бірге түпсіз терең шатқалдар, ұшы-қиыры жоқ шөлейт далалар мен апат аймақтары да көп екенін көріп, зәресі ұшар еді... – деп ойлады Ол. – Сондықтан да, оған зер салуға қорқып, әманда жеңіл жолды таңдауға құмбылмыз.

Бірақ бұл, шын мәнінде, өзіңді өзің танымай, өзгелерге құл болып өту емес пе?..».

 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»