Осы күні Н.Назарбаев Түркия Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті, сондай-ақ Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын бірнеше құжатқа қол қойылды.
Қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары журналистерге арналған баспасөз жиынын өткізді.
Түркі тату болса, табыс көп
Қазақстан Президенті іскер топтар өкілдерімен кездесу барысында Түркияның бизнес өкілдері алдында сөйлеген сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 процентке өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы инвестициялық ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бері елімізге Түркия 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын және бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі ел кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде айтты.
– Осы бағдарлама аясында құны 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Кеше елдеріміздің бизнес өкілдері құны 1,7 миллиард доллардан асатын 24 келісімшартқа қол қойды. Бұл – біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық артықшылықтарына және елімізде бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайларға назар аударды.
– Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-орында. Біздің мемлекет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық комитетінің мүшесі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен «Қазақ Инвест» компаниясының жұмысы және инвесторлар үшін қарастырылған түрлі жеңілдіктер жөнінде айтты.
– Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ бар. Олардың жұмысына қатысушылар үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Түрік компанияларын Қазақстанда өз бизнестерін өркендетуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті еліміздің көлік-транзит әлеуетінің мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды.
– Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконти-нентальды мультимодальды жүк тасымалын белсенді дамытуда. Еліміз арқылы 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Транскаспий мультимодальды жүк тасымалын дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ақтау портын жаңғыртып, оның мүмкіндіктерін кеңейттік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарын жекешелендіру үдерісіне және агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобаларды іске асыруға шетелдік инвесторлардың қатысу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.
Сонымен бірге Қазақстан Президенті түрік бизнесмендерін Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында құрылған инновациялық кластерлердің жұмысына атсалысып, туристік саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.
– ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істей бастады. Бұл орталық Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілді, жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл – өңірдегі қызметі ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі артықшылықтары жөнінде айтып, бұл орталықтың жұмысына қатысушылар үшін арнайы салық, валюта, виза және еңбек режімдері енгізілгенін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті екі ел бизнесмендерін бүгінгі жасалып отырған мүмкіндіктің бәрін пайдалана отырып, мемлекетаралық байланыстарды дамыту және нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
Инвестициялық әріптестік нығая түседі
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Сауда-экономикалық байланыстар ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның маңызды инвестициялық әріптестеріміздің бірі екенін айтты.
Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың нақты шараларына тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзара ынтымақтастық мәселелерін шешу үшін Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, инвестициялық әріптестікті дамыту перспективалары туралы әңгімеледі.
– Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңартуда. Біз осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Орталық Азиядағы жетекші логистикалық хабқа айналуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бізге елдеріміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ және әскери-өнеркәсіп салаларындағы қатынастарды нығайту мәселелеріне назар аударды.Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде, туристік және ғылыми-техникалық салаларда тиімді байланыстар орнатудың маңызды екенін атап өтті.
Кеңес барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше мән берілді.
Бекем бауырластықтың бедерлі белесі
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қонақжайлылық көрсеткені үшін Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанға ризашылық білдіріп, өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
«Ресми сапарға түрік еліне шақырып, қонақжайлылық көрсеткендеріңіз үшін баршаларыңызға, ең алдымен Президент мырзаға шын жүрегіммен алғысымды айтамын. Бауырлас Түркияның ішкі саяси тұрақтылығы мен тыныштығы Қазақстан үшін өте маңызды. Режеп Тайип Ердоғанды биылғы маусымда жаңа жүйе бойынша өткен президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.
Сайлау нәтижесі түрік халқы Президент мырзаның ерен еңбегін жоғары бағалап, жүргізіп отырған саясаты мен стратегиялық бағыттарын қолдап отырғандығын әлем алдында көрсетті. Барша қазақстандықтардың атынан Түркия басшылығының жаңа бастамаларына табыс, бауырлас түрік халқына бақ-береке тілеймін. Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық әріптестерінің бірі. Қазір ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынасымыз өрістей түсуде. Байланысымыз барлық салада ілгерілеп, дамып келеді», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Түркия Президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, осы заманның өзекті мәселелері жөнінде ой-пікір алмасқанын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.
– Ортақ тарих пен рухани құндылықтарға негізделген қарым-қатынастарымыз қарқынды дамып, барлық бағыттар бойынша нығая түсуде, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен өткен келіссөз нәтижелеріне жан-жақты тоқталды.
– Бүгін Түркия Президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Бұл кездесу өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы, Астана мен Анкара өңірлік және халықаралық проблемаларды әрдайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы екіжақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы екі елдің саяси диалог пен бауырлас халықтардың достығын әрі қарай нығайтып, тереңдете түсуге мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.
– Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, «түрік бизнесінің капитандарымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.
– Жалпы, сапарым барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті түрік инвесторларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.
– Бүгінгі келіссөздер барысында біз көлік-транзит, мұнай-газ, әскери-техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастығымызды талқыладық. Біз осы бағыттар бойынша өзара ықпалдастығымызды нығайтуға уағдаластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Атажұртқа құрмет
Жиын барысында сөз алған Түркия Президенті Р.Ердоған Қазақстан Президентіне ресми сапары үшін ризашылық білдіріп, кездесулер нәтижесін жоғары бағалады.
Түркия Республикасының Президенті сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне қатысты келіссөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталып, оның оң қарқынын атап өтті.
Өз сөзінде Режеп Тайип Ердоған Атажұрттан келген делегацияны өз резиденциясында қабылдағанына қуанышты екенін жеткізіп, Елбасы Н.Назарбаевты Түркі әлемінің ақсақалы деп санайтынын тағы бір мәрте еске салып өтті.
«Түркі әлемінің ақсақалына тағы бір рет қош келдіңіз деймін. 2015 жылы Қазақстанда басталған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысын Анкарада өткіздік. Н.Назарбаевпен соңғы рет 3 қыркүйекте Қырғызстанда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті барысында бас қосқан едік. Құрметті әріптесіммен жеке кездесуде және делегациялық басқосуда екіжақты, күн тәртібінде тұрған бүкіл мәселелерді шынайы түрде талқыладық. Өте ауқымды әрі тиімді кездесу өтті», деді Р.Ердоған.
Сондай-ақ осы сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтіп, соған сәйкес жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллардан асатын 20-дан астам құжатқа екі елдің жауапты мекемелері мен жекеменшік секторы өкілдері қол қойғанын жеткізді.
«Келіссөздер барысында экономика, сауда, қорғаныс және білім беру салаларына қатысты екіжақты мәселелерді жан-жақты әрі айрықша талқыладық. Түркия мен Қазақстан қарым-қатынастарының барлық салада жоғары деңгейге жетуі үшін алдағы уақытта қарқынымыз бен ынтамызды арттыра түсеміз. Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және Түркі кеңесінің жұмысына қарқын беру жөнінде келістік», деді Түркия Президенті.
Соңында Р.Ердоған Қазақстанды Атажұрт деп санайтынын тағы бір мәрте қайталап, Елбасы Н.Назарбаевқа алғысын білдірді. Терең де тамырлы тарихымыздан нәр алған Түркия мен Қазақстан қарым-қатынасының болашақта одан әрі нығайып, дамитынына сенім білдірді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – Анкарадан (Түркия)