Күрес • 14 Қыркүйек, 2018

Марат ЖАҚЫТ: Бапкер баулыған шәкіртін баласындай көруі керек

910 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Самбо күресінің саңлағы, атақты бапкер Марат Жақыт – қазақ спортына зор еңбек сіңірген тұлға. Жекпе-жек спорт түрлерінен «КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын (1987 жылы) алған тұңғыш қазақ. Марат Нұрмұхамедұлы самбо күресінен 160-қа жуық спорт шеберін дайындаған. Осылардан, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері – 2, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 25, КСРО спорт шебері – 130. Яғни Алмас Мұсабеков, Нұрбай Жармұхамедов, ағайынды Ағайдаровтар мен Байшолақовтар, Сәлкен Жартыбаев, Сергей Валобуев, Айбатыр Махмұтов, Нұрғали Оспанов, Асқар Жақыт сынды шәкірттері әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарында, КСРО біріншіліктері мен спартакиадаларында топ жарған. Осы орайда, ұлт спортында орны бар тұлғамен өткізген сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Марат ЖАҚЫТ: Бапкер баулыған шәкіртін баласындай көруі керек

                                         

– Мен 1944 жылы бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау ауылында дүниеге келіппін, – деп әңгімесін бас­тады Марат аға. – Мектеп жа­­сынан бастап спортпен шұ­ғылдандым. Көбіне шаң­ғы те­бемін. Аудандық, облыс­тық бәсекелерде үздік атанып, жүлделі орындардан кө­рініп жүрдім. Орта мектепті бітірген соң 1965 жылы Алматы қала­сындағы Ауылшаруашылық инс­титутының агрономия фа­культетіне оқуға қабылдандым. Онда шаңғы үйірмесі жоқ екен. Еріксіз еркін күреске бардым. Адам көп, қабылдамады. Енді не істеуім керек? Самбоға бардым. Жаттығатын жері қуықтай тар бөлме екен. Дәтке қуаты көне төсеніші бар. Бапкерім – Петр Терещенко. Кешікпей институт біріншілігі өтті. Чемпион атандым. Сал­мағым – 68 кило. Алматы қаласы біріншілігіне қатысатын жолдама алдым. Қалалық жарыс наурыз айында өтті. Қарсыластарымның барлығы спорт шебері, одан қалды спорт шеберлігіне кандидаттар. Атағы жоқ мен ғана. Финалға шықтым. Финалда қарсыласты екі минутқа жет­кізбей таза жеңдім. Алда, яғ­ни мамыр айында Қазақстан бі­ріншілігі күтіп тұрды.

– Сөйтіп Қазақстан бірін­шілігіне қатыстыңыз...

– Иә. Іріктеу кезеңіндегі бел­десулерімді сәтті өткізіп, ширек финалға шығып, қарағандылық Малкин дейтін жігітпен кү­рестім. Оны жеңсем, маған «спорт шебері» атағы беріледі. Малкин қазіргі дзюдодан әлем чемпионы Максим Раковтың әкесі Сергей Раковтың бапкері. Қысқасы, Малкиннен жеңілдім. Менің осал тұсым «ауыр­ту әдісін» мүлдем білмеймін. Ке­лесі жылы тағы да респуб­ли­ка біріншілігі өтті. Екінші орын алдым. Финалда Диханбай Бит­көзовтен ұтылдым.

– Бұған дейін Диханбай аға­мен таныс па едіңіздер?

– Жоқ. «Бұл кім?» деп бапке­рімнен сұрасам, ол, «какой-то кол­хозник» деп менсінбейді. Ди­ханбай да мені «жап-жас бала» деп менсінбепті. Сөйтіп бірімізді-біріміз менсінбей кілемге шық­тық. Жамбасты сұмдық жасаймын. Зу еткіздім. Диханбай бір ұпайға түсіп қалды. Қайта күрестік. Тағы да зу еткіздім. Есеп – 2:0. Енді бір ұпай алсам, таза жеңемін. Содан Диханбай шапты. Мені иықтан асырып тас­тап жіберді. Тағы да тастады. Есеп – 2:2. Теңесіп қалдық. Қорқа бастадым. Ақыры Дихаш мені арқаға салып лақтырды да ұтып кетті. Төрт айдан кейін Қазақстан кәсіподақтарының спартакиадасы өтетін болып, қалалық іріктеу басталды. Тағы да Диханбай екеу­міз финалға шықтық. Бұл жо­лы мен таза ұттым.

– Қандай әдіс қолдандыңыз?

– Сарт еткізіп тобықтан қағып едім, Дихаш топ етті. Кешікпей Диханбай да Ауылшаруашылық иститутына оқуға түсті. Бірге жаттығу жасаймыз, жақсы дос­тасып кеттік. Әлі күнге дейін доспыз.

– Алғаш рет одақтық дең­гейдегі қандай жарысқа қа­тыстыңыз?

–  Одақтық деңгейдегі алғаш­қы жарысым кәсіподақтар спартакиа­дасы болды. Мәскеуде өтті. Бі­рінші қарсыласым Ана­толий Харлампиевтің төл шәкірті, Одақтың үш дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виталий Дорошкеевич. Мені «бірінші дәрежелі спортшы» деп жариялап еді, «мынаның әуселесін қара» дегендей көрер­мендер тырқылдап күлсін кеп. Шықтым да «бедроға» бастым, анау омақасты. Төрешілер ұпа­йымды бермейді. Сөйтсем, атақты Анатолий Аркадьевич жарыстың бас төрешісі екен. «Күрес тең аяқталды» деп жеңісті Дорошкеевичке байлап жіберді. Қалған екі балуанды таза жеңіп, топтан екінші болып шықтым. Бұдан кейін екі айналымнан да сүрінбей өттім. Соңғы айналымда төрт балуан қалдық. Ақыры маған үшінші орын бұйырып, самбодан «КСРО спорт шебері» нормативін орындадым.

– Сіз самбодан «КСРО спорт шебері» атанған тұңғыш қазақ­сыз.

– Солай болуы да мүмкін, бі­рақ артынан құжат бергенде «КСРО спорт шеберлігіне кандидат» деп жазып жіберіпті.

– Бұл әділетсіздік қой...

– Ондайдың талайын көрдік емес пе?! Мәскеу не десе солай болады.

– Дорошкеевичпен екінші қайта жолығып, есе қайтаруға мүмкіндік болды ма?

– 1966 жылы Сталиннің туған жері Грузияның Гори қаласында самбодан студенттер ойыны өтті. Дорошкеевич екеуміз бір топқа түстік. Баяғыша күресті тең аяқ­тадық. Бұл жолы төрешілер қу­лық жасады. Қарсыласымның сал­мағы менен 200 грамм жеңіл екен. Соны пайдаланып, жеңісті Дорошкеевичке алып берді. Мен өз тобымнан екінші болып шықтым. Тура Мәскеудегі жағдай қайталанды. Соңғы төрттікте қал­дым. Ә дегенде төрттің бірі украиналық Андреевский деген ба­луанды ұттым. Екінші белдесуде грузин Магелзадемен жолым түйісті. Өте сұрапыл, қиын күрес болды. «Төрешілер шешімі» деген ұйғарыммен ұтылып қалдым. Бірақ Дорошкеевич Магелзадені таза ұтты да, мен ұпай саны бо­йын­ша екінші орынға шықтым. Бұл жолы еріксіз «КСРО спорт шебері» атағын берді.

– Қысқасы, Одақ көлемінде студенттер арасында мықты балуандар қатарынан орын алдыңыз...

– Осы жылдың (1966) жазында тұңғыш рет дүниежүзілік студенттер ойыны Мексикада өтетін болды. Кеңес елі самбо және дзюдо күресінен команда қосатын болып, бапкерлер кеңесі самбоға Дорошкеевичті, дзюдоға мені апаруды ұйғарды. Жаз бойы Қара теңіздің жағасында дайындалдық. Оқу-жаттығу жиынын Анатолий Харлампиевтің өзі басқарды. Дзюдо күресі жақсы дамыған жапон елінен бапкер алдырды. Күнде іріктеу-сұрыптау. Бір салмақта алты адамбыз. Оларды бет қаратпаймын. Қыс­қасы, студенттер арасында дзю­додан КСРО-ның бірінші нөмірімін. Шетелге шығатын төлқұжатым да дайын болды. Бір күні Анатолий Харлампиев мені шақырды. Бардым. Шарт қойды: «Сен Мәскеудің атынан күресесің! Сол себепті Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл­шаруашылық академиясына ауыс!..». Салып ұрып, Алматыға келдім. Жағдайды айтып едім бапкерім Петр Терещенко жатып кеп тулады. Көлденең түсіп жатып алды. Құжатымды бермей қойды. Мәскеуге қайта келдім. Харлампиев шақырып алды: «Құжатың қане?». «Бермей қойды». Анатолий Аркадьевич түтігіп кетті. «Ех, баран» деді. «Мен тірі тұрғанда сені кү­рес­ке жолатпаймын! Кет..!». Төл­құжатымды қолыма ұстатты да құрамадан айдап шықты. Басым салбырап Алматыға келдім. Осылайша, Харлампиевтің бір ауыз сөзі күрестегі тағдырымды шешті. Сол кезде самбодан Қазақстанның бас бапкері Вла­димир Пак дейтін кәріс еді. Қа­зақстан біріншілігінде қан­ша рет топ жарсам да, Одақ бірін­шілігіне жібермей қойды. Екі рет әуежайда ұшақтан итеріп түсіріп, тастап кетті.

– Харлампиевтен тапсырма алған шығар?

– Солай болуы мүмкін. Өмір­дегі өкінішім: Одақ чемпионатына бір рет қатыса алмадым.

– Оқу бітірген соң күресті қойдыңыз...

– Жоқ, күресті тастама­дым. Ауылда агроном болып жү­ріп ешқандай жаттығу жа­са­май-ақ финалға шықтым. Жарыс Кентауда өтті. Финалда Клаводский деген балуанды 8:0 есебімен ұтып жатқанмын. Содан тағы бір әдіс жасап едім, анау кілем үстінде есінен танып қалды. Дәрігер шақырып әрең түзелді. Төреші келді де менің емес, есеңгіреп тұрған Клаводскийдің қолын көтерді. Күйіп кеттім. Төрешіні көтеріп алдым да кілемге бір ұрдым. Мені тізімнен сызып тастады.

– Содан...

– Содан қолымды бір сілте­дім де әскерге кетіп қалдым. Бело­руссияда борышымды ө­тедім. Бір дүркін Кеңес армиясының спартакиадасын ұттым. Қарулы күштер арасында өткен чемпионатта үшінші орын алдым. Армиядан келген соң күресті қойып, бапкерлікке бет бұрдым.

– Еңбек жолыңызды Семей­ден бастадыңыз...

– Иә. Бірақ бірден жолым бола қоймады. Қайраңдап, тосылып жүрдім. Жазда кезекті де­малысымды алып Жамбылда тұратын туысқандарыма келдім. Қайнағам журналист еді, мені Жамбыл облысының спортын 28 жыл басқарған Ермаш Бұзауов деген кісімен таныстырды. Ол жұмысқа шақырды. Семейдің ауа райы жақпай, басым ауырып жүретін. Дәрігерлер де жер ауыс­тыру қажет дейтін. Жамбылға келдім. Спорт мектебінде самбодан орын жоқ екен. Екі ай еркін күрестің балуандарын жаттықтырдым. Күзде самбодан штат ашып берді.

– Алғашқы шәкірттеріңіз кімдер болды?

– Қала іргесіндегі Байзақ ауданынан таңдап-толғап бір топ жас баланы алдым. Олар 12 шақырымнан қатынап оқиды. Бұған қаланың бір топ жастарын қостым. Алғашқы топтан Нұрбай Жармұхамедов пен Алексей Громов суырылып шықты. Жармұхамедов қатарынан үш дүркін КСРО ауыл спартакиадасын ұтып, жастар ойынында күміс медаль, КСРО кубогында қола медаль алды. Менің бапкер ретіндегі тұңғыш жетістігім осы-тын. Жоғарыда ауылдан алып келген 22 оқушымның 17-сі екі-үш жылда «спорт ше­бері» нормативін орындап үлгерді. 10-ы Қазақстан чемпионы атанды. Ал қаладан алған топтың ішінен жалғыз Шәйірбек Қоныбаев қана «спорт шебері» атанды. Кешікпей Бүкісбаев, Өміртаев, Струковский деген оқушыларым жастар арасынан рес­публика біріншіліктерін бағындырды. Мұның бәрі ауылдан шыққандар еді.

– Кешікпей республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоға­мына самбодан бас бапкер болып бардыңыз...

– Республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының бастығы Ахметжан Қазымбетов самбошыларды жаттықтыруға шақырды. Бардым. Менің қоғам атынан бәйгеге қосқан командам жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Төрт-бес жылдан кейін ересектер қатарында одақтық деңгейдегі жарыстарды ұта бас­тады. 1977 жылы КСРО-ның спорт тарихында тұңғыш рет «Уро­жай» спорт қоғамына самбодан бас бапкерлікке сайлау өтетін болды. Одақ құрамындағы 15 республикада және үлкен қалаларда қызмет істеген бап­кер­лер сынға түсті. Баяғыда Хар­­лампиев мені Мексикада өт­­кен дүниежүзілік студенттер сайы­сына қатыстырмай қу­ып тас­тап, орныма Крузе деген шә­кіртін жіберген болатын. Ол үшінші орын алып «халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері» атанған. Осы Крузе келді де «сайлауға сен де түс, қолыңнан іс келеді» деп итермеледі. Бапкер болғаныма алты-ақ жыл. Қалай болар екен? Сайлауға түстім. Онымен қоймай жеңіске жеттім және «Урожай» спорт қоғамына бас бапкер болып тағайындалдым. Бұл қызметімді 1991 жылы Кеңес Одағы құла­ғанға дейін атқардым.

– Марат аға, Диханбай Бит­көзов Жаңаарқадан жас балуан­дар дайындап Жамбылға жібереді. Сіз оларды әрі қа­рай ұштайсыз және бәрін Жам­был қаласындағы жоғары оқу орын­дарына түсіресіз. Сөй­тіп екі-ақ бапкер күллі Қазақ­стан сам­босын көтеріп тұрды­ңыз­дар.

– Жамбылда Құрылыс және сушаруашылық институты болды. Ректоры Марс Үркімбаев. Мәкеңе айттым, «менің дарынды шәкірттерім бар, соның бәрін сіз басқарып отырған институтқа түсірсек қалай қарайсыз?» деп. Ректор бірден келісті. Емти­хансыз қабылдайтын болды. Содан Диханбай Жаңаарқа спорт мектебінде жасөспірім балаларды дайындап, орта мектепті бітірген соң маған жібереді. Мен оларды институтқа қабылдатып, әрі қарай ұштаймын, үлкен жарыстарға алып шығамын. Инс­титут қабырғасында аға­йын­ды Ағайдаровтар, Байшолақовтар, Мұсабековтер оқыды. Сондай-ақ Асқар Шайхиев, Сергей Валобуев, Айбатыр Махмұдов сынды талантты балуандар да тәлім алды. Биткөзовтің маған жіберген алты жігіттің бесеуі КСРО-ның жеңімпазы немесе жүлдегері болып үлгерді.

– Сол жылдары самбодан еліміздің ересектер және жас­тар құрамасының дені тек сіздің шәкірттеріңіз екен ғой?

– Нақтырақ айтсам, екі құраманың 70-80 проценті менің оқушыларым болды. Осы жылдары еңбегім жанып, ісім ілгеріледі. 1979 жылы көктемде Анатолий Харлампиев қайтыс болып, күзінде мені самбодан КСРО құрамасының негізгі үш бапкерінің бірі етіп тағайындады.

– Әлемдік самбода «жам­былдық әдіс» дейтін термин қалыптасты. Күллі Одақ ба­луан­дары осы әдістен қорқа­ды екен. Мұны ойлап тапқан кім және әдістің ерекшелігі қандай?

– «Жамбылдық әдіс» ұласпалы әдістер тізбегі. Қарсыластың бір қолын орай байлап алып, екінші қолмен белбеуден ұстап жасайды. Әркім өзінің күрес үстіндегі мүмкіндігіне қарай іске асырады. Құйтырқылығы көп оның. Әдісті ойлап тапқан мен. Ерекшелігі, кез келген жағдайда қолдануға болады. Әсіресе Алмас Мұсабеков партерде жақ­сы жасайтын. Қарсыласын төрт тағандатып алады да, шыр айналдырып ұпайды саулатады. Самбодан жастар арасында әлем чемпионы Нұрғали Оспанов оңай игерді. Мейрамбек, Манарбек, Манас атты ағайындылар мұны керемет меңгерді. Манарбек осы әдіспен КСРО ауыл спартакиадасын ұтты. Мейрамбек сту­денттер арасында екінші орын алды. Бұл әдісті толық игерген балуан қарсы әдіске еш­қашан түспейді. Бірақ біздің балуандардың бір кемшілігі ауыр­ту әдісін ойдағыдай жасай алмайды. Өйткені оған менің өзім шорқақпын. Сол себепті осыған көп жұмыс істедім...

– Қалай жұмыс істедіңіз?

– Ресейдің Горький облысында Стова деген шағын қалашық бар. Ол жерден әлем чемпиондары көп шыққан. Бұлардың Михайл Бурдиков деген бапкері болды. 40 жасында КСРО чемпионатында топ жарған. Осы кісі ауырту әдісін керемет мең­герген. Осы Бурдиковпен өзім күресем. Аяқта тұрып күресуден мен жеңемін, партерде ол жеңеді. Баяғы ауырту тәсілін қолданады. Бірінен әзер құтылсаңыз, екін­шісін жалғастырып істей береді. Керемет шебер орындайды. Оқу-жаттығу жиыны 24 тәулікке жоспарланған болатын, соның 21 күнін Бурдиковпен күресіп өткіздім. Әлгі қудың барлық әдісін үйреніп алдым. Соңында маған әдіс жасай алмайтындай халге жетті. Үйренгенімді шәкірттеріме үйрете бастадым. Осылай жұмыс істедік.

– Айтпақшы, сіз бір кездері самбодан Франция құрамасын да жаттықтырған жоқсыз ба?

– 1981 жылы Париж қаласында самбодан әлем біріншілігі өтетін болды. Жарыстың деңгейін көтеру үшін кеңестік тәжірибелі бапкерлер жарысқа қатысушы мемлекеттерге барып балуандарын дайындады. Маған әуелі Испанияға барасың деп еді, кейін Францияға баратын болдым.

– Француз тілін білмейсіз, қиналған жоқсыз ба?

– Құдай сәтін салғанда, самбо күресінен Франция құрамасы бас бапкерінің әйелі орыс тілінің маманы екен. Күйеуі де қара жаяу емес, орысша кәдімгідей түсінісеміз. Мен дайындаған алты балуанның үшеуі финалда күресті. Француздар командалық есепте КСРО және Моңғолия балуандарынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Француздар маған «екі жылға жұмыс істеңіз» деп келісімшарт ұсынды. Бірақ Одақтың спорт басшылары бұған рұқсат бермеді.

– Марат аға, бапкерге ең қажет дүние не?

– Бапкер ең бірінші еңбекқор болуы керек. Екіншіден, әрбір оқушыны өз балаңдай жақсы көр. Сенің қабақ қағысыңнан олар бәрін аңғаратын болсын. Үшіншіден, бапкер өз ісіне сенімді болуы шарт. Бапкердің сенімі нық болса, шәкірттің де сенімі орнығады. Көңіліңде қауырсындай қобалжу болса, бала аңғарып қояды. Өз басым кілем үстінде күресіп жат­қан шәкірттеріме ешқашан айқай­ламаймын, жай ғана қолмен ескер­тетін белгілерім бар, соны жасап жайбарақат отырамын. Одан кейінгі жеке тәжірибем, жасым қырықтан асқанша спортшылармен күрестім. Әсіресе, шәкірттеріме қарсылас ретінде танылған атақты балуандарды іздеп жүріп күресемін. Мәселе жеңу немесе жеңілуде емес, әлгі балуанның амал-айласын се­зіну, осал тұсын аңғару, күш-қуатын мөлшерлеу, осыны біліп алам да, шәкірттерімді қарсы дайындаймын. Сергей Валобуев пен Қанат Байшолақовты осылай әлем чемпионы жасадым. Менің бапкерлік құпиямның сыры осында.

– Сіз басқарған балуандар төрт жылда бір өтетін КСРО ауыл спартакиадасының екі дүр­кін жеңімпазы атанғанын спортсүйер қауым ұмыта қой­ма­ған болар. Осы жарыстарды еске түсіріңізші?

– 1982 жылы Смоленскіде ауыл спортшыларының спартакиадасы өтті. Бұған 15 рес­публика және Мәскеу мен Ле­нинград командаларын қойды. Мен алып барған Қазақстан құрамасында – 4 спорт шебері, 6 спорт шеберлігіне үміткер болса, Ресейде – 2 еңбек сіңірген спорт шебері, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қалған екеуі жай спорт шебері екен. Мен 48 және 52 килоға екі адамнан қойдым. 100 килода балуан болмады. 48 килода мен қойған екі балуан Қанат Байшолақов пен Ли екеуі финалда күресті. 52-де дәл осы жағдай қайталанды. 57 килода алтын, ал қалған сал­мақта күміс немесе қола алып, командалық есепте 110 ұпай жинап рекорд жасадық. Төрт жылдан кейін дәл осы жарыс Әзербайжанда өтті. Төрт жыл бұрынғы құрамды алып бардым. Жарыс қорытындысы бойынша біздің құрама бұрын-соңды болмаған 128 ұпай жинап тағы да бас жүлдені жеңіп алды.

– Балуан һәм бапкер ретінде қазақ спортына өшпестей қол­таңба қалдырдыңыз. Сонымен қатар сіз ең жоғарғы дәрежелі төреші екенсіз...

– Баптаған шәкірттерімнен жетістік шыға бастаған соң маған төрешілер құрамынан орын алу қажет болды. Со­дан тө­реші бол­дым. Тіпті халық­аралық дәре­жедегі «экстра класс» атағын ал­дым. Самбоның дүріл­деп тұр­ған шағында әлем чемпионаты 6 немесе 4 кілемде өтеді. Соның біріне жетекшілік жасап жүрдім. Жапонияда өткен әлем бірін­ші­лігінде бас төрешінің көмек­ші­сі болдым. Азия құрлығының бас төрешісі лауазымын атқар­дым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

 «Егемен Қазақстан»