Әдебиет • 14 Қыркүйек, 2018

Сәкен сері шығармасы ағылшын тілінде сөйледі

1177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесі Лондонда ағылшын тіліне аударылып, жарыққа шықты. Кеше Көкшетауда, облыстық әкімдікте қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармасының әлемдік әдебиетке жылы бұлақ болып жылға тартқан кесек туындысының тұңғыш тұсаукесер рәсімі өткізілді. 

Сәкен сері шығармасы ағылшын тілінде сөйледі

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылған міндеттер үдесінен шығуымыз үшін шаруаны сәтімен сабақтап жатырмыз,–деді облыс әкімі Мәлік Мырзалин,–мұның алдында академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығын осы қазақ халықаралық қазақ ПЕН-клубы арқылы шығарған болатынбыз. Сол қуанышқа бүгінгі сәт ұласып отыр.

Сәкен сері Жүнісовтің сәтті туындыларының бірінің санатындағы «Заманай мен Аманай» повесінің қазақ прозасындағы орны ерекше екендігін көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Бұл повесте жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы ел ішіндегі ахуал сипатталған. Сол бір тар жол, тайғақ кешу заманында туған топырағынан үдере көшкен қалың қазақтың зар-мұңы. Бастарына түскен тағдыр тәлкегінен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған бейкүнә адамдардың туған жерге деген сарытап сағынышы. Отанды сүю, туған жер мен елге деген махаббат жинақтың әр жолында жан дүниеңді уылжытып, көкірегіңді удай ашытып, кілкілдеп тұр.

Сәкен серіні ағылшын тілінде сөйлетуге зор үлес қосқан халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин өз сөзінде аударма мәселесіне тоқталды. Содан соң Шекспир тіліне аударылған Сәкен сері арқылы қазақ әдебиетінің кесек туындысының кемел бейнесін жарты әлемнің жұртшылығы танып білетіндігін баса айтты. Сол бір замандағы ел басына туған адам айтқысыз ауыртпалықты да.

Ал, Саймон Гейган, Саймон Холлингсворта тәрізді аудармашылар Сәкен серінің шұрайлы шығармасына өз таңданыстарын білдіре келе, әлемдік әдебиетке сара жол ашылғандығын айтып өтті. Ағылшын тілді жұртшылық қаламгерлері арқылы қазақты танитын болады. Исі қазақтың сөз өнерін, сөз өнеріне қоса тарихы мен тағдырын.  Мұның алдында Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев тәрізді қазақтың қабырғалы қаламгерлері ағылшын тіліне аударылса, енді міне Сәкен сері Жүнісовтің қаламынан туған тамаша шығарма төрткүл дүниеге жол тартып отыр. Тұсаукесер рәсімінің соңында жазушының қарындасы Роза Жүніс, жерлесі Мейрам Ғибадиловтар сөз сөйлеп, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Көкшетау