Спорт • 14 Қыркүйек, 2018

Астанада трек велоспортынан халықаралық Silk Way Series Astana жарысы өтті

446 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

12-14 қыркүйек аралығында Республикалық «Сарыарқа» велотрегінде трек велоспортынан Silk Way Series Astana жарысы өтті. Жарысқа Армения, Белорусия, Венгрия, Гонконг, Қазақстан және Ресей велошабандоздары қатысты. Олардың арасында Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Мамыр Сташ, Әлем чемпионаты және Еуропа чемпионатының жүлдегері Эдгар Степанян бар. Спортшылар төрт бәсеке бойынша медальға таласты: омниум, спринт, скретч және кейрин. 

Астанада трек велоспортынан халықаралық Silk Way Series Astana жарысы өтті

«Silk Way Series Astana» - CL2 деңгейіндегі жарыс. Мұнда велошабандоздарға Әлем кубогының кезеңінде өнер көрсетуге құқық беретін жолдамаға сай ұпайлар беріледі.

 Скретч бәсекесінде алтын медальді армениялық Эдгар Степанян жеңді.

 «Бұл менің Астанаға екінші мәрте келуім. Өткен жолы мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына келген едім, - дейді Эдгар Степанян. – Өткен жылы да жарыстың ұйымдастырылуы керемет болды. Мұнда өзімді үйдегідей сезінемін. Сонымен қатар, маған қолдау білдіруге келген осындағы Арменияның елшілігіне де алғысымды білдіремін. Олардың қолдауы мен үшін маңызды болды. Себебі мен жалғыз келген едім. Жанкүйерлердің қолдауы жеңіске жетуге септігін тигізгені анық».

Скретчте екінші орынды ресейлік Мамыр Сташ жеңсе, үшінші орын қазақстандық Ғабиден Әзенге бұйырды.

Мамыр Сташ сонымен бірге омниум жарысын жеңді.

«Жарыс мен үшін жақсы өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деді Мамыр Сташ. – Бәсекелестерімнің бәрі мықты болды. Бірақ мен олардан сәл мықтырақ болдым. Әлем кубогы үшін ұпай жинауға келген едім. Енді алдағы уақытта Германия мен Ұлыбританиядағы екі бірдей кезеңге қатыссам деймін. Астанада бірінші рет болуым. Бұған дейін Алматыда болғам. Онда мен «Алматы Туры» жарысына қатысқанмын. Астанадағы трек қатты ұнап қалды».

Омниумда күміс медальді Эдгар Степанян, қоланы Әзен Габиден жеңді.  Ал жекелей спринттегі медальдардың екі алтыны да жарыс иелеріне бұйырды. Спринтте қазақстандық шабандоз Павел Воржев үздік атанды.

«Күні бойы жарысып, ауыр жарыс өткіздік, - дейді Павел Вожев. – Дәл осы жарысқа мақсатты түрде дайындалғаным жоқ. Азия ойындарынан кейін демалып жатқан едім. Қазіргі бабыма қарап айтсам, көрсеткен нәтижеме дән ризамын. Бәсекелестер мықты екен. Мысалы Әлем кубогында жарысып жүрген Дубченко осал емес. Носов болса Литвада керемет көрсеткіш тіркеген. Өздерінің айтуынша Туладағы жағдай үшін кек аламыз деп келіпті. Тулада мен оларды жеңіп кеткен едім. Енді олар менің еліме келіп жеңіспен тойлатқысы келді (күліп). Жарақат алғаннан ке йін өзімді енді-енді жақсы сезіне бастағандаймын.

Айта кетейік, Павел Воржев Қытай кубогы жарысында ауыр жарақат алып еді. Спринттегі екінші орынды ресейлік Алексей Носов алса, үшінші орын қазақстандық Сергей Пономаревке бұйырды.  Кейрин сайысында Сергей Пономарев алдына жан салмады.  

«Бәсекелестік мықты болып, жарыс тамаша өтті, - деп атап өтті Сергей Пономарев. – Келер жылы жарыс дәрежесі тағы бір жоғары сатыға көтеріледі деп ойлаймын. Негізігі мақсатымыз алдағы уақытта өтетін Әлем Кубогіне ұпай жинау болатын. Іріктеуге сәл ғана жетпей қалды. Спринтте іріктеуге іліктім, ал енді кейриннен де өттім. Әлем Кубогіндегі негізгі мақсатым 2020-жылы өтетін Олимпидаға ұпай жинау. Барлығы қолымнан келетініне сенімдімін».

Кейрин сайысы бойыншы Павел Воржев екінші, ресейлік Александр Дубченко үшінші орынды иемденді.

«Астанада өткен Silk Way Series жарысы біз үшін өте маңызды, - деді велотректегі спринт сайысы бойынша ұлттық құраманың бапкері Валентин Савицкий. – Соңғы рейтингтік ұпайларды халықаралық рейтингтің жабылуы алдында иемденген Сергей Понаморов Әлем Кубогінің кезеңдеріне қатысатын болды. Қазіргі таңда шабандоздар арасында Әлем Кубогіне қатысатын екі велесебедші бар. Олар Павел Воржев пен Сергей Пономарев. Иемденгеніміз ұлттық квоталар болып табылады. Енді бізде спринттен және кейриннен иемденген екі квота бар».