Тарих • 17 Қыркүйек, 2018

Тәңіртауда бедерленген би

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шыңжандағы Құтыби ауданы орталығының батыс оңтүстігінде, 75 шақырым қашықтықтағы Тәңіртауда өте көп жартас суреттері кездеседі. Оның ғажайыптығы да сонда, бишілердің буын­дарын сыртылдатып, өрнекті өнерді төгілтіп жатқанын көз алдыңызға әкеледі.

Тәңіртауда бедерленген би

Жақында ғана Алматыда «Ан Арыс» баспасы шығарған Сәлима Оразқызының «Қазақ би өнерінің негіздері» деген Қытай Халық Республикасындағы Шыңжанның би өнері саласына ерен еңбек сіңіріп, әр ұлт өкілдерінен қан­шама талантты шәкірттер тәрбие­леген кәсіби бишінің сүбелі еңбе­гінде биге қатысты қызықты дүниелер бар.

Кітапта: «Шыңжанның Құтыби ауданы орта­лығының батыс оңтүстігінде, 75 шақырым қашық­тықта өте көп жартас суреттері бар. Жасыл алқап ішінде қызыл түстегі тастарға ойылған бұл суреттерде 200-300-дей адамның образы және билеп тұрған көрініс ойылған. Бұл жартас суреттерінің қашан ойылғаны белгісіз болса да, суреттегі әйелдердің басындағы қос мүйіздері мұнан шамамен 6 мың жыл бұрын өмір сүрген қос мүйізді ғұрыптарды еске түсіреді. Кейбір зерттеулер бұл жартас суреттерінің ойылған уақытын мұнан 4 мың бұрын деп шамалайды» деп, кәнігі би саңлағы көрген-білгендерін қағазға түсіре отырып, таңданысын білдіреді. Ғажап дерсіз, би өнерінің тылсым сырлары бәдізделуі сол кезеңнің өзінде қызғылт жартастарда оймышталып, өрнектеліп жетуі түрлі ойларға алып барар еді.

Қызғылт жартастағы бишілер­дің керім кейпі кербез оймышталған, көзіңізге керемет кейпін елестетеді. Жарықтық жартас жанарыңды өзіне тартып, өн бойыңды ыс­тық сезіммен айрықша аялап, Тәңір­тауды тербете түскендей. Тас бетіндегі оймышталған бедерлер билеп жүрген қыздардың кейпін көз алдыңызға әкеледі. Буындары сыртылдап, ырғақтармен ой тастап бара жатқандай елестейді. Шимай сызықтар айқыш-ұйқыш болып өрелі өнердің сән-салтанатын айқара ашқандай болады. Шын мәнінде, қоңыр әуен келетіндей, тым шалғайдан шығыстың бұйра толқындары жеткендей болады, сырнайлатып сазды әуез еліктіріп шадыман күйге түсіреді. Кәнігі бишінің кітабы үлкен, сырбаз өнер жолынан жастарға сабақ, әрі байқампаз жандарға деректі дүниені айтып отыр. Жан-дүниеңді толқытып, делебеңді қоздырып, сені де өз қатарларына шақырғандай. Мына тастағы таңбаларды бүгінгі күндерге кім қалдырды екен?

Ен даладағы шырқау шыңның тасасында күн мен түн қатып тас өрнектеген бәдізшінің тершіген маңдайын күстенген алақанымен бір тартып қойып, небір қиялдарға берілген болды деп енді біз ойға бері­ліп отырмыз. Тәңіртауда жартасты бәдіздеген хас шебер өрген өрімдер...

Сізге де таңсық шығар.

Көз алдымда Тәңіртауды тамсандырған таныс би...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ