Медицина • 17 Қыркүйек, 2018

Туберкулез екі сағатта анықталады

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдарда еліміздегі туберкулез ауруына шалдыққандар көреткіші 2,4 есеге дейін азайған. Қазіргі кезде емделу мерзімі 33-тен жиырма айға дейін төмендеп, заманауи зертханалық жетістіктердің нәтижесінде екі сағатта анықтау мүмкіндігі туды.

Туберкулез екі сағатта анықталады

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов саладағы бірқатар жағымды өзгерістермен қатар жаңа технологиялық жетістіктердің еліміздің алыс аймақтарында тұратын науқастарды қашықтықтан бақылауға жол ашып отырғандығын мәлім етті. Тиісті ем қабылдау үшін  емханаға күнделікті келу міндетті емес. Яғни, қоршаған ортаға қауіп тудырмайтын науқастар дәрілерін үй жағдайында қабылдап, смартфон арқылы емдеу мекемесімен байланысқа шығып отыруы жеткілікті. Жаңа технологиялар қолдану арқылы медбикеге түсетін салмақ та азаюда. Мысалы, емхана дәрігері күніне 10-15 адам қабылдайтын болса, бейнебайланыс арқылы бұл көрсеткіш 40 адамға жеткен. Қазіргі кезде еліміздің барлық аймақтарында емханалық деңгейдегі зертханаларда бұрындары 2-2,5 ай күтетін сараптама қорытындысын екі сағатта анықтауға мүмкіндік туып отыр.

Мәлік Әденов соңғы он жылдағы көрсеткіштердің 2,4 есеге дейін төмендеуі, бүгінгі Қазақстан медицинасының жетістігі деп атап өтті. Науқастан көз жұмғандар әрбір жүз адамға шаққанда 5,4 пайызға төмендеген. Мысалы, 2000 жылдардың бас кезінде 4000-нан аса науқас көз жұмған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш  500 шамасында болды. Ал он жыл бұрынғы көрсеткіш бойынша 31 000 болса, өткен жылғы мәліметтер бойынша елімізде 16 мың науқас тіркелген.

Салада жүргізілген нысанды бағдарламаларға орай университет бітірген мамандар үшін 6 ай тәжірибеден өтіп, резидентураны аяқтамастан кәсіби жұмысын жалғастыру мүмкіндігі жолға қойылды. Соның нәтижесінде аймақтардағы фтизиатор мамандарына деген сұраныс 2016 жылы 240-тан өткен жылғы көрсеткішке сәйкес 106-ға дейін төмендеген.

Бүгінде туберкулезбен күрес мемлекет тарапынан кешенді түрде жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде туберкулезге қарсы барлық дәрі-дәрмектер қолжетімді. Құрт ауруын емдеу мен алдын алу жағынан Қазақстан Орталық Азия елдері мен көрші Ресейден алда келеді.

Еңбек мигранттарын емдеуде де Қазақстанда тиімді бағдарламалар қарастырылған. Олардың тегін емделуі мен алдағы уақытта өз елінде емін жалғастыруын қадағалау мақсатында Тәжікстан, Қырғызстан елдерімен келісімдер жасалып, бұл тәжірибе Өзбекстанмен де жүзеге асатын болады.

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Әлемдік денсаулық ұйымымен әріптестікте жұмыс істеп келеді. Аталған ұйым еліміз аймақтарында құрт ауруына шалдыққан науқастардың емделу барысын қадағалап, қазақстандық дәрігерлердің туберкулезді емдеу шараларын қалай жүзеге асыратындығына сараптама жасап отырады. Осындай ықпалдастықтар мен халықаралық әріптестіктер нәтижесінде адамзат өміріне қауіп төндіретін дертпен күрес күшейтілген.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар