Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Ақмола облысында 61 ІТ сыныбы ашылды

431 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың қараша айында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысқан кездегі берген тапсырмалары мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру міндетін орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы 22 стратегиялық маңызы бар партиялық жобаларды жүзеге асыруды бастап кеткен болатын.

Ақмола облысында 61 ІТ сыныбы ашылды

Соның ішіндегі негізгі басымдыққа ие болған жобаның бірі «Тегін ІТ сыныптарын ашу» партиялық жобасы. Бұл мақсатта мамыр айынан бастап қолға алған жұмыс нәтижесі бойынша Ақмола облысының мектептерінде 61 тегін ІТ сыныптары ашылды. Заманауи компьютер, 3D принтерлерімен жабдықталып, интернет желісіне қосылған сыныптар 900-ге жуық оқушыға «Pascal», «Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мүмкіндік беруде.

Роботтехника негіздері мен компьютерлік бағдарламаларды тереңдете оқытатын ІТ сыныптары 32 сағаттық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ал, 40 ұстаздың жалақысын төлеуді жергілікті меценаттар мен бизнес өкілдері өз мойындарына алып отыр.

Мәселен, Целиноград ауданындағы №5 мектепте ашылған ІТ сыныбына «Шаңырақ» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Максим Божко демеушілік жасаса, Зеренді ауданына қарасты 7 мектепте аталмыш сыныптардың ашылуына жәрдемдескен «Азат» ЖШС-нің директоры Наталья Горбунова қаржылай көмек көрсеткен.

Бүгінде Целиноград ауданында – 6, Астраханда – 10, Көкшетау, Степногорск қалаларында – 3-еуден, Ақкөл және Аршалы аудандарында – 3, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Есіл, Біржан сал аудандарында – 2-еуден, Сандыктау ауданында – 6, Жарқайың, Қорғалжын және Шортанды аудандарында 1 сыныптан ашылып, жұмысын бастап кетті.

М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясында балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныбы жұмыс істейді. Осы арқылы оқушылар «Pascal», «Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйірмесі ашылып, оқушылардың ІТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білім алуына жол ашылған. Нәтижесінде мектеп оқушылары түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде көкшетаулық мектеп оқушылары кеңінен қолданатын, 9 жəне 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған веб-сайтты да дәл осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапқан.

Жалпы, баланың ой өрісі мен білімін шыңдауға арналған партияның тың жобасы 2020 жылға дейін жалғасын таппақшы.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы