Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2018

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет мектебі ашылды

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жоғары білімді жастарды мемлекеттік қызметке бейімдейтін арнайы мектеп өз жұмысын бастады. Мемлекеттік қызмет мектебіне түсу үшін ЖОО түлектері мотивациялық эссе жазып, тестілеу мен әңгімелесуден өтуі тиіс.

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет мектебі ашылды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесіп талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту, кадр қорын қалыптастыру мақсатында өңірде алғаш рет жоғары оқу орындары түлектері үшін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызмет мектебін ашты. Қазір жаңа мектепке қабылдау шаралары жүріп жатыр.

Мемлекеттік қызмет мектебі жас көшбасшыларды оқыту, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді.

Жақында Жәңгір хат атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті және Қазақстан инновациалық және телекоммуникациялық жүйелер университеті студенттермен кездесу өтті. Кездесуде мемлекеттік қызмет мектебінің міндеттері мен мақсаттары таныстырылып, тестілеу бағдарламасына қажетті Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің негізгі бағыттары туралы айтылды.

- Оралдағы мемлекеттік қызмет мектебіне жоғары оқу орындарының 4 курс студенттері ғана қабылданады. Мақсатымыз – келешегін мемлекеттік қызметке арнағысы келетін келетін жас маманның ЖОО дипломымен бірге мемқызметтің талап-дағдыларын да қоса меңгеріп шығуына көмектесу, - дейді Агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Мирболат Нұртазин.

Мирболат Сүйеуұлының айтуынша, мектепте алған сабақ мемлекеттік қызметтің имиджін көтеріп, жас мамандарды осы саладағы реформалармен таныстырады, нақты іс-тәжірибеге бағытталған көмек алады.

Айта кетейік, Оралдағы мемлекеттік қызмет мектебінде оқуға қазірдің өзінде 50 шақты жоғары курс студенті ниет білдіріпті. Арнайы сынақтан өткеннен кейін олардың 30-35-і ғана Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалында шеберлік сабақтарын алатын болады. Ал мектептің толық курсынан өткен студентке қорытынды шешім берілмек. Бір қызығы, бұл сертификат жас маманға мемлекеттік қызметке кіретін тест сынағында ешқандай жеңілдік бермейді. Басқалармен қатар толық сынақтан өтеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан