20 Қыркүйек, 2018

Интернеттегі шабуылдар үдеп барады

694 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі мемлекеттік деңгейде қолға алынған цифрландыру шаралары ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен ұштасып жатыр. Сондықтан да Мемлекет басшысының 2017 жылғы Жолдауында қылмыстың кейбір түрлерімен күрестің өзектілігін көрсетіп, құзырлы орындарға нақты тапсырма жүктелген болатын. Соның нәтижесінде елімізде «Қазақстан киберқалқаны» бағдарламасы бекітілді.

Интернеттегі шабуылдар үдеп барады

Осыған орай, Ұлттық қауіп­­­сіздік комитеті «Мем­ле­кет­­тік техникалық қыз­мет» кәсіп­орнының дирек­то­­ры Ержан Біржанов мем­ле­кет­тік органдар мен ақпарат­тық-коммуникация инфра­құрылымы аса маңызды объек­тілердің (АКИАМО) ақ­па­рат­тық қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөнінде брифинг өт­кізіп, бағдарламаның маңыз­дылы­ғы мен күнделікті қол­данылуы жайындағы ақпа­рат­тармен бөлісті. 

Е.Біржанов брифингте ведомство қызметінің негізгі ба­ғыт­тары туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, қыз­мет көрсетудің (DoS, DDoS) тоқ­татылуы, интернет желісіндегі фишинг, интернет-ресурстарды бұзу/шабуылдау әрекеттері, зиян­­ды бағдарламалар, ботнеттер және ақпараттық қауіп­сіз­дікке қатысты басқа да оқи­ға­лар ес­керіле келе, халықаралық құры­лымдармен өзара іс-қимыл қар­қын алып келеді. 

– Қазіргі уақытта Армения, Әзербайжан, Аустралия, Банг­ладеш, Беларусь, Ресей, АҚШ, Латвия, Литва, Малайзия, Мол­дова, Грузия, Индонезия, Үнді­стан, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Румы­­ния сияқты елдермен мемо­ран­думдар шеңберінде ын­ты­мақ­тастық орнатылды. Көр­се­тілген бағыттар бойын­ша ын­тымақтастық кибер­қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге, оның ішінде интернет желісі арқылы террористік және экстремистік мақсатта компьютерлік шабуылдарды жүзеге асыруға қарсы іс-қимыл жасауға ықпал етеді, – деді кәсіпорын директоры.

Мемлекеттік техникалық қызмет кәсіпорнының директоры 2012 жылы интернет жүйесінде 800 жайсыз оқиға тіркелген болса, 2017 жылы бұндай деректердің саны 25 мыңнан асқандығын немесе келеңсіз жағдайлардың 300 есе артқандығын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, қылмыс­кер­­лер де цифрландыру бағ­дар­­ламаларының даму көші­нен қалмай, өздерінің қитұр­қы, тонаушылық, бүлдіру әре­кеттерін жандандырып келеді. Оған қоса, бұрын жеке-жеке әрекет ететін қыл­мыс­кер­лер енді топтарға бірі­гіп, қылмыс­тарының аясын да кеңейте түскен. Жалпы, аталған қызмет құрылғалы бері осындай 100 мыңнан аса оқиға анықталып, талданып, тиісті шаралар қол­данылған. Интернеттегі қыл­мыс­керлердің нысанасына алдымен сату-сатып алуға лайық­талған сайттар ұшырайды екен. Сонымен қатар мемлекеттік органдарының сайттарында орналасқан мәліметтерге шаб­уыл­даушылар да өз қылмыс­тарын үдетіп келеді. 

Е.Біржановтың айтуынша, ертеректе ғаламтор арқылы қаржы жымқыруға бейімделген қаскөйлер соңғы кездері жеке тұлғалардың мәліметтерін қолға түсіруге талпыныс жасауда. Сондай-ақ Мемлекеттік тех­никалық қызметтің дерек­теріне қарағанда, әлемде тәулігіне 300 мыңға жуық вирустар пайда болуда. Олармен күрес үздіксіз болғанымен, қылмыскерлердің қулықтарына құрық бойламайды екен. 

Сондықтан да «Қазақстан киберқалқан» бағдарламасы аясында мамандардың білімін арттырып, жетілдіруге маңыз берілген. Осының арқасын­да жүйелік ортақ желіге қосыл­ған мемлекеттік органдардың кибер­қауіпсіздігі барынша қор­ғалған. 

Осы арада Е.Біржанов атап өт­кендей, көптеген жеке тұл­ғалар вирустар, зиянды бағ­дарламаларға қарсы күресе­тін жүйенің маңыздылығын қаперге ала бермейді, интернет ресурстарында қолдана­тын құпия сөздердің жеңіл түрін пайдаланады және ол мә­лі­меттерді өзгелерге ұстата салу­дың қаупін ескермейді екен. 

Брифингте, сондай-ақ бүгін­гі күні «Мемлекеттік тех­ни­калық қызмет» кәсіп­орны «Киберқауіпсіздік тұжырым­дамасын бекіту (Қазақстан киберқалқаны) туралы» Үкімет қаулысына сәйкес Ұлттық ақ­па­раттық қауіпсіздік жөнін­дегі үйлестіру орталығын құру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатқандығы баяндалды. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»