Жеңіл атлетика • 20 Қыркүйек, 2018

Кенияда жаттығып жүрген қазақ қызы

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр Шығыс Қазақстанда облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубы құрылған болатын. Клуб құрамына Лондон Олимпиадасының чемпионы, Азия ойындарының төрт дүркін жеңімпазы Ольга Рыпакова, биылғы Азия ойындарының қола жүлдегері Надежда Дубовицкаямен қатар, Нора Джеруто, Дэйзи Джипкемей, Каролин Кипкируй секілді кениялық желаяқтар да алынған еді. Жақында Өскеменде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы клубтың бір жылдық жұмысын қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жиында клубқа жаңа мүшелер қабылданғаны жайында айтылып, клуб директоры Асхат Сейсембеков марафоншы қазақ қызы Гүлжанат Жанатбекті таныстырған-ды. Баспасөз мәслихатынан кейін шетелде жаттығуға мүмкіндік алған жеңіл атлетті әңгімеге тарттық. 

Кенияда жаттығып жүрген қазақ қызы

– Гүлжанат, Сіз 5, 10 ша­қы­рым қашық­тықтар бо­йын­ша қыздар арасында Қа­зақ­станның үш дүркін чем­пионы, Гонконг­те өткен Азия чемпионатының қола жүл­­де­герісіз. Рио-де-Жанейро Олим­пиа­дасына да қатыстыңыз. Өскемендік «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубына қашан шақырту алдыңыз?

– Мен Талдықорған қа­ла­­сында дүниеге келгенмін. «Altay Athletics» клубымен келі­сімшарт жасасқалы екі айдан астам уақыт болды. Осы клубқа қабылданғаннан кейін Кенияға барып, сол елдің жеңіл атлеттерімен бірге жаттығу өткізіп келдім. 

– Кениядан алған әсе­ріңіз қандай? Ол жақтың же­лаяқ­тары қалай жаттығады екен?

– Екі айдай сол елде болдым. Кения – желаяқтар елі. Қазір біздің елде де жеңіл атлетикаға, бұқаралық спортқа жақсы көңіл бөлініп,«Астана марафоны», «Алматы марафоны», «Шымкент марафоны» секілді жарыстар өткізіліп келеді. Мен 42 шақырымға жүгіретін марафоншымын. Кения маған кәсіби тұрғыдан дамуыма көмектеседі деп ойлаймын. 

– Сонда сізді Кенияда жат­тығып жүр­ген алғашқы қазақ деуімізге бола ма?

– Болатын шығар. Кения  астанасы Найроби қаласында жаттықтым. Бұл шаһар «чем­пион­дардың қаласы» деп аталады. Екі дүркін Олимпиада, екі мәрте әлем чемпионы Дэвид Рудиша мен жартылай марафоннан әлемнің үш дүркін чемпионы Мэри Кейтани де осы қалада жаттығады. 

– Сіз кімдермен бірге жат­тығасыз?

– Бапкерім – Кеннет Ротич. Мен Нора Джеруто, Дэйзи Джип­кемей, Каролин Кип­кируй, Шэдрак Коеч секілді кениялық желаяқтармен бірге жаттығамын. 

– Кенияда екі айдай бол­дыңыз. Не түй­діңіз? Кения­лық­тардың желаяқ болуының сыры неде?

– Біріншіден, жүгіру олардың қандарына сіңген қасиет. Біздің елде спорттың бокс, ауыр атлетика, күрес сияқты түрлеріне жақсы көңіл бөлінсе, ол жақта жүгіруге айрықша ден қояды. Қай жерге қарасаң да, жүгіріп жүрген адамдарды көресің. Таңғы 5-те тұрсаң да көшеде жүгіріп бара жатқандарға көзің түседі. Әлем­нің көптеген мықты спортшылары осында жаттығады. Бұл жердің ауа райы да өзгеше, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан.

– Екі айда өз нәтижеңізді жақсарта алдыңыз ба?

– Биыл Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын бітірдім. Сабаққа көбірек көңіл бөліп, емтихан тапсырып, диплом қорғап, жарыстарға дұрыс қатыса алмадым. Біраз уақыт жаттығуды тоқ­татуға тура келді. «Altay Athletics» клубына шақырту алған­нан бері жаттығуды қолға алып жатырмын. Нәтиже бірден бол­майды ғой. Әуелі Кенияның ауа райына, тамағына бейімделу керек. Келесі жылға дейін нә­тижемді жақсартамын деп ойлаймын.

– Кенияға қайта барасыз ба?

– Бірер күнде ұшамыз. Қа­ра­шаға дейін сол елде жаттығамын. Осы айда 42 шақырымдық үлкен марафон өтеді. Қазір соған қаты­суға әзірленіп жатырмын. Ме­нің жүгірудегі ең жақсы нәти­жем – 2 сағат 38 минут. Бұл – Қазақстан бойынша жақсы көр­сеткіш. Ал әлемдік деңгейге же­ту үшін 42 шақырымды 

2 са­­ғат 30 минутта жүгіруің қа­жет. Демек, 8 минут түсіру керек. Олимпиада ойындарында жақ­­­сы көрсеткіш – 2 сағат 20 минут.

– Алдағы жоспарыңыз қан­дай?

– Ендігі жоспар – халық­аралық деңгейдегі жарыстарға қатысу. 42 шақырымды 2 сағат 35, 2 сағат 30 минутта жү­гіруді мақсат етіп отырмын. Азия ойындарына дейін екі ай Кения спортшыларымен бірге жаттықтым. Олардан үйре­неріміз көп. Өкінішке қарай, Қазақ­станда ұзақ қашықтыққа кәсіби түрде жүгіретін спортшылар саусақпен санарлық. Бұған білікті жаттықтырушылардың жоқ­тығы да себеп. Үлкен қа­шық­тыққа жүгіру үшін кемін­де 6 ай, 1 жыл көлемінде дайын­д­ық керек. Сонда ғана нәти­же шы­ғады. Дегенмен, Токио­ға жақ­сы дайындықпен барамыз деп ойлаймын. Осы мүмкін­дікті пайдаланып, шетелде жат­тығуыма, тәжірибе жинауыма мүмкіндік берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа, «Altay Athletics» кәсі­би жеңіл атлетика клу­бының дирек­торы Асхат Сей­сембековке алғысымды біл­дір­гім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретте: Гүлжанат бап­кері Кеннет Ротич және желаяқ Каролин Кипкируймен бірге