Өнер • 20 Қыркүйек, 2018

Мөлдірдің мөлдіреген әлемі

1107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мөлдірдің жан дүниесі кенеп бетін көмкерген түрлі-түсті бояулардан нәр алады. Қылқалам дейтін құдірет көңілін кернеген мың түрлі мазасыздықтан арылтып, жүрегіне тыныштық ұялатады. Санасын сырлы  сезім билеген сондай сиқырлы сәттерде өзін тек сурет үшін, өнер үшін ғана жаралғандай сезінеді. Қара түндей құшағына алған қалың ойлардың құрсауынан тек осы бір алданышы ғана құтқара алатынын анық біледі. Оның өлшемінде тазалық пен өнер егіз ұғым.

Мөлдірдің мөлдіреген әлемі

Мөлдір Сағындықова сурет өнерін бүкіл өне бойынан өткізіп, оның қадір-қасиетін ес білгеннен-ақ жадына тоқып өскен кәсіби суретші. Өрімдей қызды осынау әлемге іңкәр еткен туған жердің тұмса табиғаты мен әке тәрбиесі болса керек. Әкесі де қолөнер шебері. Перзентінің бойынан талант ұшқынын байқаған ол, қызының болашағынан зор үміт күтіпті. Әке үміті мен өнерге деген құштарлық қаршадай қызды арман арқалатып қалаға аттандырған.

– Өз қатарластарының ішінде  батыл, шоқтығы биік, түстері қанық қыздарымыздың бірі Мөлдір. Түстерді емін-еркін қорықпай пайдалануы, ашық қараңғы тұстарын таңбалармен алғанда еркін көсілтіп салатыны, түстерді құбылтуы,  ойнатуы арғы жағымыздан келе жатқан рухымыздың биіктігін көрсетіп тұрады. Кенеп бетін  дұрыс шешіммен пайдаланады, композициялық шешімі өзгелерге ұқсамайды. Бірізділіктен, еліктеуден  ада. Өз жолын тауып, өмірге жаңалық әкелгісі келеді. Даралыққа деген ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық, ерекшелік табуға деген талпыныс  оның ішкі дүниесінен сыр береді. Шынайылық бар. Туа біткен таланты мен осы аталған  қасиеттері оны үлкен шығармашылық жолға әкеледі деп сенемін, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.

Оның картиналары шеберлікпен стилистикалық мәдениетке,  ерекше көңіл-күйге, махаббат пен мейірім шуағына толы. Түспен және формамен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істейді, сезім сыры рухтың күшімен өріле біткен жігерлі де көркем, сиқырлы образдар тудырады. Кейіпкерлерін өмірдің өзінен, айналасындағы адамдардан іздейді. Ұйықтап жатқан студент, армандап отырған қыз, кешкі қонақ сынды тұрмыстық тақырыптарда өрілген картиналарында жанға жайлы жылылық бар. Үміт, арман, сағыныш, мұң секілді сезімдерді кенеп бетіндегі кейіпкерлері арқылы береді.

«Сурет салу мен үшін кәдімгі терапия іспетті. Көңілім құлазығанда немесе қатты қуанған сәтте шабыттанамын. Көңіл-күйім болмағанда айнадағы өз бейнем арқылы композиция саламын, сол кезде жаным рахат тауып көңілім көтеріледі. Осындай шақтарда салынған жұмыстар көбіне-көп сәтті шығады. Әсіресе өз туған жерімді, балалық шағымды бейнелегім келеді. Тау баурайына барып табиғатқа  шынайы қарап тұрып салғанды жаным сүйеді. Осылай салынған этюдтер фотосуретке қарағанда сол кездегі сезімдерді сәтті бере алады» дейді Мөлдір.

Терезеге қарап телміріп отырған бейтаныс арудың жанарында жасырынған мөлтек сыр, айна алдында өз бейнесін сомдау арқылы өз болмысының суретін көрсеткісі келген суретші қыз сізді де өз жан-дүниеңіздің айнасына үңілуге шақырады.

       

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ