Күрес • 21 Қыркүйек, 2018

Отгонцецег Галбадрах қола жүлдені иеленді

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дзюдодан Бакуде шымылдығы ашылған әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен Отгонцецег Галбадрах қола медальді иеленсе, Гұсман Қырғызбаев қалың топтың арасында қалып қойды.

Отгонцецег Галбадрах қола жүлдені иеленді

48 кило салмақ дәрежесіндегі сайыстың алғашқы айналымдарында Отгонцецег Галбадрах бразилиялық Габриэла Шибана мен испаниялық Лаура Абеленде Мартинесті еш қиналмай ұтқанымен, ойда-жоқта украиналық Дария Белодедке жол берді. Жұбаныш бәсекесінде словениялық Маруся Стангарға сан соқтырған жерлесіміз шешуші тұста өзінің сыралғы қарсыласы, әлем чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, моңғолиялық Ұранцецег Мұңбатты жеңіп, қола медальді мойнына ілді.

Әйелдер арасындағы аса жеңіл салмақта тосын нәтиже тіркелді. Финалда былтырғы жылғы әлем чемпионы, 23 жастағы Жапонияның жұлдызы Фуна Танаки мен 17 жастағы украиналық Дария Белодед белдесті. Бұл бәсекеде көпшілік даңқты балуанның жеңіске жететініне қылаудай да күмән келтірген жоқ. Десек те Дария асқан дарын иесі екен. Даңқты қарсыласынан еш қаймықпаған бойжеткен кездесудің басынан аяғына дейін өте сауатты күресіп, ақыры әлем чемпионы атанды.

Ерлер бәсекесінде Ғұсман Қырғызбаевқа ерекше сенім арттық. 60 кило салмақтағы көшбасшымыз Елдос Сметовтің Жакартада өткен Азия ойындарында жарақат алғаннан кейін ұлттық құрама бапкерлері жоғарыда есімі аталған дзюдошыны дүбірлі додаға үкілеп қосты. Бастапқы бәсекелерде тунистік Сахин Ахмет Қаба мен монаколық Ян Сиккардиге сан соқтырған Қырғызбаев үшінші белдесуінде Бразилияның белді балуаны Ерик Такабатакқа есе жіберіп, жетінші орында қалып қойды.

Бұл салмақта бас жүлде үшін талас жапониялық Наохисо Такато мен ресейлік Роберт Мшвидобадзе арасында өтіп, бұл айқас алғашқысының пайдасынан шешілді. Ал әлем чемпионатының қола медалі Жапонияның тағы бір өкілі Руюжу Нагаяма мен грузиялық Амиран Папинашвилиге бұйырды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»