Өнер • 21 Қыркүйек, 2018

Сырлыбек Бекботаев: Дала әуені

882 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ол қылқаламын сүйкеген тұста бір адамның мәселесі бүкіл адамзаттың басына түскен қиыншылыққа айналып шыға келеді. Бір ауылдың түйткілі жалпы қоғамның бас ауыртар мәселесі ме дерсіз. «Жалқыдан жалпыға» – фотосуретші Сырлыбек Бекботаевтің өмірлік ұстанымы. 

Сырлыбек Бекботаев: Дала әуені

Көшпенділер философия­сы, дала өркениеті, кеңістік пен уақыт түсінігін жаңаша түрлендіріп жүрген Сырлы­бектің картиналары эмоциялық қабылдаудан гөрі интеллектуалды ойлануға жетелейді. Мәселен, өткен мен бүгіннің тоғысындағы әйел ғұмырын арқау еткен «Дала әуені» (2011) атты фото сериясында да идея­лық маңыз алдыңғы орынға шығарылған. Ондағы әуенге құлақ салсаңыз, күйбең тірліктің тасасындағы әйел өмірінің алыстан талып жеткен үні бірте-бірте үдей түскенін байқар едіңіз. Әйел ала таңнан қара кешке дейін бел жазбастан жұмыс істей жүріп бесігін төбесіне көтереді. Қым-қуыт тірлікте ешкімге ренжіген емес, ештеңеден түңілген емес. Әуелден солай болуы ке­­рек көрінген. «Жазмыштан оз­мыш жоқ» дегенге әбден мойын­сұнған және бұл әуен үзілместен жалғаса бермек.

«Бұл дала – менің туып-өскен жерім. Мұнда балабақша, кинотеатр сияқты мәдени орындар атымен жоқ. Айналаңнан көретінің жапан дала, құла түз. Ал бұл фотосуреттегі әйелдер болмысының өзіндік себебі бар. Мен ес білгелі анамның қолы бос отырғанын көрген емеспін. Сиыр сауудан ататын таңы қора-қопсының, үй шаруасының өмірі бітпейтін жұмыстарымен жалғаса бе­ретін. Менің шешем ғана емес, барлық шалғайдағы әйелдердің өмірі осылай бір-біріне ұқсас. Түгесілмейтін шаруаның бітпейтін әуені менің жаныма батады», дейді фотосуретшінің өзі. 

Ол кез келген фотосуретті түсірмес бұрын алдымен жобаның жекелеген көрін­іс­терінен бастап, тұтас құры­лымының эскизін сызып алады. Эксперименталдық-сим­воликалық мәнердегі мұн­дай туындыларының бірі ретінде Қазақстанның түрлі өңірлерінде түсірілген 7 бөлім­нен тұратын «Үлкен мәлі­мет» (2013) атты жұмысын айтуға болады. Мұнда да бас тақырып – ауыл тіршілігі. 

Жалпы, Сырлыбектің шеберханасы дәуір атмосфе­ра­сының формалық-мазмұн­дық ізденістерімен дараланады. Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетін графика мамандығы бойынша аяқтаған ол кейінгі жылдары инсталляция, фото-видео инсталляциясы, перфоманс жанрында шеберлігін шыңдап келеді. Форма қалыптастыруға ерекше мән беретін суретшінің қай шығармасында болсын жан тебіренісі мен жанашырлықтан туған терең күйзелісі, бәрімізге етене таныс өмір шындығы жатыр.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»