Әлем • 21 Қыркүйек, 2018

Асқар Жұмағалиев Үндістанның АТ және телекоммуникациялар министрімен кездесу өткізді

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Үндістан Республикасына барды. Сапар барысында қазақстандық мамандар Үндістанның цифрландыру жобаларымен танысып, Ұлттық информатика орталығына барды. Онда үнділік әріптестер ақпараттық қызметтер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жаңа шешімдермен таныстырды.

Асқар Жұмағалиев Үндістанның АТ және телекоммуникациялар министрімен кездесу өткізді

Нью-Делиде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен ҮР ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар министрі Рави Шанкар Прасад кездесті.  

Кездесу барысында Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып берді. Премьер-Министрдің орынбасары Үндістанның киберқауіпсіздік, адам капиталын дамыту, биометрия және т.б. салалардағы жобаларды іске асырудағы елеулі тәжірибесін атап өтті.

«Адам капиталын дамыту – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі. Жоғары кәсіби кадрларсыз цифрлық бастамаларды іске асыру мүмкін емес. Үндістанның білікті АТ-кадрларын даярлауда үлкен тәжірибе жинақтағанын көріп отырмыз. Үнді әріптестеріміздің осы саладағы тәжірибесі біздің қызығушылығымызды тудырып отыр», — деді Асқар Жұмағалиев.

Рави Прасад Қазақстанның цифрлық бастамалары әлемдік трендтерге сәйкес келетінін, ал Мемлекет басшысының жан-жақты көрсетіп отырған қолдауы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сәтті іске асырудың кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, министр мамандарды даярлау саласында тәжірибемен бөлісуге дайын екенін жеткізіп, Үндістан басқа да салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделі екеніне назар аударды.

Үндістанның Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрлігінде NASSCOM, NIELT, CDAC, SPTI, EP секілді жетекші үнді компаниялары өз өнімдерімен таныстырды. Қазақстан тарапы Астана Хабпен таныстырып, Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамыту келешегі туралы айтып берді.

Асқар Жұмағалиев үнді БАҚ-ның сұрақтарына жауап бере отырып, ешбір ел цифрлық жобаларды өз бетінше іске асыра алмайтынын атап өтті. Себебі, технологиялар үнемі өзгеріп, қарқынды түрде жетілдіріліп отырады, тұрақты негізде пікір алмасып, біліммен және тәжірибемен бөлісіп отыру қажет. Сондықтан да, осындай кездесулер Қазақстан үшін де, Үндістанға да өте пайдалы. Сондай-ақ, А: Жұмағалиев үнді компанияларын биыл 5 қарашада ашылатын Астана Хабқа шақырды.