Әлем • 22 Қыркүйек, 2018

Түркия «Қазақстан» журналын шығарды

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Н.Ә.Назарбаевтың Түркияға ресми сапарының қорытындысы бойынша, Түркияның белді саяси-экономикалық басылымдарының бірі «Дүния» газеті Қазақстанның жетістіктері мен Астананың 20 жылдығына тарту ретінде түрік және ағылшын тілінде қосымша «Қазақстан» журналын шығарды.

Түркия «Қазақстан» журналын шығарды

Қазақстан Президентінің Түркияға ресми сапары және Анкарада өткен Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы туралы кеңінен ақпарат қамтылған журналға Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдолла Гүлдің «Астана Н.Назарбаевтың стратегиялық көзқарасы арқылы бас қала болып қалыптасты», Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлуның «Түрік кәсіпкерлері салған ғимараттар Қазақстанды гүлдендіріп отыр», Қазақстанның Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің «Транс-Каспий бағыты арқылы екі ел арасындағы сауда дами түседі», Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының «Орталық Азияға арналған шетелдік инвестициялардың басым бөлігі Қазақстанға салынды» атты мақалалары енді.

Сонымен қатар, 100 мың тиражбен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен басылған журналда «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы С.Тұяқбаевтың, Астана қаласының бұрынғы әкімі Ә.Есекешевтің, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақаловтың, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Күлгіновтің, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошановтың, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахимовтың, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың Қазақстанның өңірлік экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы көлемді мақалалары жарық көрді.

Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы мен Ақмола облысының шетелдік инвестиция тарту мүмкіндіктері туралы ақпараттар мен аталған өңірлердің қазіргі таңдағы даму көрсеткіштері жарияланған басылымда «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы А.Әріпхановтың, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының басқарама төрағасы Қ.Құдайбергеннің, «Даму» қорының басқарама төрағасы А.Сарқұловтың, «ҚазГеология» зерттеу компаниясының басқарма төрағасы Ғ.Нұржановтың мақалалары мен Қазақстанның сауда-экономикалық дамуына үлес қосқан түрік кәсіпкерлерінің қызықты естеліктері мен толғаныстары да жарияланды.

Еске сала кетейік, «Дүния» газеті 1 наурыз 1952 жылдан бастап Ыстанбұл қаласында шығады. Басылымның алғашқы редакторы белгілі журналист Фатих Рыфкы Атай болатын. Қазіргі таңда «Дүния» газеті «Дүния» компаниялар тобы тарапынан шығарылады.