Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2018

Катонқарағай ауданы тұрғынының сібір жарасынан көз жұмғаны расталды

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, ветеринарлық қадағалау жөніндегі өңірлік инспекцияның, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен ветеринария басқармасының мамандары кеше осы оқиғаға байланысты брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Катонқарағай ауданы тұрғынының сібір жарасынан көз жұмғаны расталды

Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданының Кіші Нарын ауылының тұрғыны 19 қыркүйекте санитарлық авиацияның көмегімен Өскемендегі инфекциялық ауруханаға сібір жарасы диагнозымен түсіп, 21 қыркүйекте көз жұмғаны хабарланған еді.

Мамандар Кіші Нарын ауылының тұрғыны сібір жарасы дертіне шалдыққанын растап, ауру белгілері марқұмның денесінен бір аптадан кейін біліне бастағанын, індетті өзі сойған тайынша етінен жұқтыруы мүмкін деген болжамдарын жеткізді. Сонымен қатар брифингте сібір жарасын жұқтырған малдың етін қайтыс болған жігіттің ауылдастары да тұтынғаны айтылды. Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков брифинг барысында қарасанмен ауырған малдың етін жеген адамдардың саны 37-ге жеткенін, бұл сан әлі өзгеруі мүмкін екендігін тілге тиек етті. «Ең алғашқы тексеру кезінде ауру малға жанасқандардың саны 20 адам болған. Стереологиялық және бактериологиялық талдаулар марқұмның ағзасынан да, сойылған малдың етінен де сібір жарасы диагнозын анықтады. Сойылған малдың қалған еті түгелдей залалсыздандырылып, жойылды» - деді ол.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова індетті жұқтырып, көз жұмған жігіттің 1971 жылы туғанын, осы оқиға бойынша аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков төрағалық ететін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыс бойынша аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Төлеген Мұхаметқалиев 21 қыркүйектен бастап 14 күн бойы Кіші Нарын ауылынан ешқандай мал сыртқа шығарылмайтынын, алынған сынамалар мен өзге де деректер шұғыл түрде Астанаға жөнелтілгенін, сараптама қорытындылары бойынша аудан әкімдігі карантин жариялауы тиістігін айтты. «Ол шешім бірнеше құзырлы органдармен расталуы керек. Біз уақыт жоғалтпас үшін бүгіннен бастап ауылдан мал шығаруға тыйым салдық. Сондай-ақ, осы ауылдағы 150 бас мал жергілікті ветеринарлардың жіті бақылауына алынды. Олар аталмыш малдардың температурасын ұдайы бақылауда ұстайтын болады», - деді Т.Мұхаметқалиев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН