Кино • 25 Қыркүйек, 2018

Өнер олжасы – «Оралман»

532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Оралман» фильмі – ұлттық кинематография қорына олжа болып қосылған үздік туынды! Almaty Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатында табыс етілген ұлттық «Тұлпар» жүлдесінің алты аталымы бойынша жеңімпаз атанған туынды бұған дейін де бірнеше байқауда топ жарған болатын.

Өнер олжасы – «Оралман»

Мәдениет және спорт минис­трлігінің тапсырысы бойынша Ш.Ай­манов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Оралман» көркем фильмі Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясының  барлық мүшесі қатысқан жабық дауыс беру қоры­тындысы бойын­ша үздік фильм деп танылды. Одан бөлек, фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков үздік режиссер, ал басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда үздік актер атанды. Сондай-ақ «Үздік сценарий» аталымы бойынша фильмнің сценарий авторлары Нұрлан Санжар мен Сәбит Құрманбеков марапатталды. «Үздік суретші» жүлдесі фильмнің қоюшы суретшісі Рустам Одинаевқа табысталса, «Үздік композитор» жүлдесі «Оралман» фильмінің музыкасын жазған Айдос Сағатовқа бұйырды. 

Кинематография саласындағы ұлттық «Тұлпар» жүлдесін отан­дық кинематографты қолдау, мәдени ерекшелікті және ұлттық киноиндустрия негізін сақтау, жер­гілікті және халықаралық жұрт­шы­лық арасында қазақстандық үздік жұмыс­тарды насихаттау мақсатында құрыл­ған болатын. Аталмыш жүлде – кинематографияның және отандық киноның дамуына үлес қосқан жетіс­тіктері үшін кино саласы мамандарына берілетін кәсіби марапат. 
Биыл «Тұлпар» жүлдесінде 2017 жылдың 1 қазаны мен 2018 жылдың 30 қыркүйегі аралығында көрермен назарына ұсынылған, сонымен қатар прокатқа шығуға жоспарланған қазақ­стандық көркем, деректі және ани­мациялық фильмдер іріктеуден өтті. 

ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскер жендеттерінің қысы­мынан туған жерін тастап, Ауған­станға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасының арада өткен сандаған жылдық үзілістен кейінгі елге оралу тарихы мен талайлы тағдыры баяндалатын фильм өзінің мазмұндық мәні мен көркемдік деңгейінің жоғарылығын әр уақытта дәлелдеп келеді. Атап айтар болсақ, кинотуынды бұған дейін Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ картина Италияда өткен ХХ халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» аталымында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Одан бөлек, Германияда өткен 66-шы халықаралық Мангейм-Хай­дельберг кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүл­демен марапатталса, ақпан айында Непалда өткен 22-ші халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі» жүлдесін қанжығасына байлаған болатын. Ал осы жылдың сәуір айында Бішкекте өткен «Ақ Ілбіріс» ұлттық киножүлдесінің қос бірдей марапатына қол жеткізді: фильм «Орталық Азияның үздік фильмі» жүлдесімен, ал картинада бас­ты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Орталық Азияның үздік актері» жүлдесімен марапатталды.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»