25 Қыркүйек, 2018

Афон тауының иконалары Бейбітшілік және келісім музейінің сәніне айналмақ

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламентаралық Православие Ассамблеясы Астанада ашылғалы жатқан Бейбітшілік және келісім музейіне Қасиетті Афон тауының иконаларының көшірмелерін сыйға тартты - деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Афон тауының иконалары Бейбітшілік және келісім музейінің сәніне айналмақ

Иконаларды тапсыру рәсімі Афинада Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Парламентаралық Православие Ассамблеясының (ППА) басшылығы – Грекия Парламентінің депутаттары Афанасиос Бурас және Иоаннис Саракиотиспен кездесуі шеңберінде өтті.

Кездесу барысында Р. Василенко осы ұйымның парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуда және дінаралық үнқатысуды ілгерілетудегі үлесін жоғары атап өтіп, ППА-ны 2018 жылғы маусымда мерейтойлық 25-ші Бас ассамблеясын өткізумен құттықтады.

2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын өткізілетін VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қарсаңында қазақстандық дипломат грек депутаттарын аталған форумның бірегей сипатымен таныстырды. Іс-шараның басты мақсаты діни көшбасшылардың күш-жігерін тұрақтылыққа қол жеткізу, сондай-ақ өшпенділік пен төзбеушіліктен туындаған зорлық-зомбылық инциденттерін болдырмауға жұмылдыру екені атап өтілді. Осыған орай, Р. Василенко ППА Бас Ассамблеясының президенті - РФ Мемлекеттік Дума депутаты Сергей Гавриловтың Съезге қатысуын қоштады.

Р. Василенко Православие әлеміндегі Қасиетті Афон тауының мәртебесін назарға ала отырып, алдағы Съез жұмысының бірінші күні ашылатын Бейбітшілік және келісім музейінің экспозициясын толықтыруға арналған сый үшін ерекше алғысын білдірді. Иконалардың көшірмелерінде Симонопетра Монастырі (гравер Иоаннис Калдистің жұмысы, 1870 жылғы 27 наурыз) және Благовещение Пресвятой Богородицы (гравер Иеродиакон Эфимиостың жұмысы, 1850 ж.) сипатталады.

Қазақстан мен Грекияның ортақ тарихына тоқталған Р. Василенко елімізде 10 мыңнан астам этникалық грек - Қазақстан азаматтары тұратынын айтып кетті. Бүгінгі таңда гректер өз дәстүрлерін, туған тілін және мәдениетін сақтай отырып, сондай-ақ өздерінің тарихи отандарымен, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Грекияға кеткен қандастарымен байланысты үзбей, екі ел арасындағы «достық көпіріне» айналды. Сонымен қатар, елімізде әртүрлі есеп бойынша Православие дінін ұстанатын 4 млн. астам адам тұратын және де тәуелсіздік жылдары ішінде 200-ден астам жаңа проваславие шіркеулері ашылғанын, Қазақстан зайырлы және көпконфессиялы республика болып табылатынын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, грек депутаттары Президент Н. Назарбаевтың бейбіт өмір мен жасампаздықты, діндер мен халық арасындағы игі қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларының арқасында Қазақстан әлемге танымал болғанын атап өтті. Осы орайда, А. Бурас және
И. Саракиотис Астана қаласында өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жоғары мақсаттары мен идеяларын қолдайтындарын растап, форум қатысушыларына сәтті жұмыс тіледі.