25 Қыркүйек, 2018

«Хат қоржын» (25.09.2018)

770 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (25.09.2018)

...үлгі тұтады

Ардагерлер еккен егіс 

Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» атты мақаласы кезінде жұртшылыққа үлкен серпіліс әкелгендігі белгілі. Расында еңбексіз еш нәтиже болмайтындығына нарықтық қатынасқа бой үйреткен қандастарымыз қазір анық көз жеткізгендей. Осы орайда Қызылорда облысы, Шиелі кенті ардагерлерінің биылғы бастамасы жұртшылықтың көңілінен шықты.

Аудан орталығында тұратын бір топ ардагердің өтінішіне сай аудан әкімдігі олардың егіс егуі үшін арнайы жер бөлуге тапсырма берген болатын. Осы шаруаның басы-қасында жүрген кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдішүкір Батырбаевтың басшылығымен 9 гектар жер айдалып, арықтары тартылып, ол егін егуге деген құлшыныстары бар 44 ардагерге бірдей бөлініп те берілді. Көп ұзамай, өздерінің қалауынша түрлі дақылдар егіп, күтімге алды. Нәтижесінде, бірінің қызанағы мен қияры ерте өнім бере бастаса, көп ұзамай әңгелек пен қауын-қарбызы да өздерінің тұтынуларына жарады. Ардагерлер Алдан Бәйімбетов, Қали Дүйсеманов, Әйтен қажы өз тәжірибесімен бөлісіп, өзгелерге жөн көрсетуден ерінбейді. 

– Жуырда аудан әкімі арнайы келіп, бақшалықтың жұмысымен танысты. Өнімнен дәм татты. Алдағы жылы бұл шаруаны кеңейтуге кеңес берді, – дейді 78 жастағы Әбдішүкір Батырбаев. 
Иә, зейнетке түрлі саладан шыққан ардагерлер қол қусырып отырмай, осылай дала төсінде еңбек етуде. Бұл өнеге көпшілікке ой салуы тиіс оңды іс. Олардың ойынша, кетпен шабу – дүние табу ғана емес, сергектік кепілі. 

Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ 

Қызылорда облысы, 

Шиелі ауданы

...алғысын жеткізеді

Аналарының айтқанын орындады

Жомарттық – алғыс, мақтау күтпей жәрдем беруді білдіретін қазақтың қанында бар өте жақсы қасиет. Жомарттық қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастарды ұйымдастыратын әрі реттеп отыратын моральдық-этикалық мәнді норма мен принцип. Тана мырза ауылында Сара Ахметқалиева апаймен көп жыл көрші болдым. Ақкөңіл, ақжарқын, қонақжай адам болды. Сара апай өмірден өтіп кетсе де сол сыйластықты Мұрат аға мен балалары әлі жалғастырып келеді. Марқұм: «Әй, қыз, көшсем үйімді саған берем, үй салсам үйімді саған қалдырам» деп отыратын. Сол ана сертін балалары Шыңғыс пен Исатай орындады. Әкелеріне заманауи әдемі үй салып берді де, «Анамыздың тірі кезінде берген сертін орындаймыз» деп, өз үйлерін барлық жиһаздарымен бізге тегін сыйға берді. Осы қайырымдылық, жомарттық қасиеттері үшін Мұрат Қасенов аға мен балалары Шыңғыс пен Исатайға аналық жүрегіммен алғысымды білдіремін. Осындай қазақтың қолы ашық, Атымтай жомарт азаматтары көп болып, ұлттық санамыз жаңғырса, ұлттық кодымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі сақталары сөзсіз.

Айжан БАЙҒАЛИЕВА 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

...үн қосады

Бата бере білу де өнер 

«Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылғы сәуір айындағы нөмірінде Серікбай Тұржанның ойласу орайындағы «Бата бере білеміз бе?» атты мақаласы жарияланып, автор көпшіліктің ойында көптен бері жүрген жайды көтерген екен. 

Дана халқымыз «Адам ақ тілектен көгереді» деген, «Көсегең көгерсін» деген халық даналығының мәні де осында жатса керек. Ал тілектің түйіні бата екенінде дау жоқ. Себебі бата халқымыздың ғасырлар бойғы ой елегінен сұрыпталып өткен ұлағатының ұйытқысы. 
Байыптап зерделесек, бата әу баста ел данасының, ер анасының, көрген көсемдерінің, дүлдүл шешендерінің, көш басы сараларының, көзі ояу дараларының лебізінен шығып, уақыт өткен сайын дамып, санаға сіңіп, шымырлана түскен. Содан жақсының тілегін берсе екен, жомарттың жүрегін берсе екен деген ниетпен әр босаға иесі төріне шыққан игілерден, ықыласы түзу әр пендеден жақсы лебіз естіп, жарты ырысқа кенелгісі келгендей болатын үрдіс қалыптасқан. Батаның жалпы халықтық сипатқа ие болып, асыл қазынамыздың салмақтысына айналуы осыдан болар.
Жиреншенің батасы, Бұқар жыраудың, Төле бидің, Қаз дауыс­ты Қазыбектің батасы деп қаншама ұлы перзенттерінің ақжолтай лебіздерін халқымыз туындай көтеріп, арындай асқақтатып келе жатқаны да осыдан болса керек. Батаны киелі санайтынымыздың да негізі осында жатыр ма деп ойлаймын. 

Өз басым жастайымнан дария қарттардың әңгімесін тыңдап өскен­діктен бе, әлде әкем жарықтықтың өнегелі сөздеріне ерекше ілтипат білдіргендіктен бе екен, әйтеуір бата-тілекке дегенде ықыласым бөлекше болды. Қорыта айтарым, бата бере білу де өнер. Ендеше, бата біздің бағымыз екендігін үнемі ескере жүрейік. «Батамен ел көгерер» деген халық даналығын да есімізден шығармайық дегім келеді.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ

Түркістан облысы

...үміт артады

Жұмыссыз жүргені жанымызға батады

Менің ұлымның «жұмыс табамын» деп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Өзім еңбек жолымды 1970 жылы Прорва кен орнында қарапайым мұнай өндіру операторы болып бастадым. Жарты ғасырға жуық еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Ізімнен ерген кенже ұлым мұнайшы мамандығы бойынша жоғары білім алды. Оқу бітірген жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп келді. Енді қызметке тұрайын десе, еш жерге алмайды. Жұмыс берушілердің бәрі бірдей еңбек өтілін сұрайды. Жұмыс жасап үлгермеген жастан жоқ нәрсені талап етуге бола ма? 
Осыны айтып, облыс әкімдігіне, өзім еңбек еткен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығына, жергілікті жұмыспен қамту орталығына, «Нұр Отан» партиясына да бардым, ешқайсысынан нақты жауап болмады. Жүрегіме операция жасалғандықтан, жұбайым екеуміздің зейнетақымыз дәрі-дәрмектен ауыспайды. Сондықтан жалғыз асыраушымыз ұлымыздың жұмыссыз жүргені жанымызға батады. Жағдайымызды ескеріп, тиісті орындар қол ұшын береді деп үміттенеміз. 

Қалдыбай ҚАНАТБАЕВ,

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері

Атырау

 ...кеңес береді

Қылығың қыздай болсын

Біздің отасқанымызға 20 жыл болып қалды. Әлі күнге дейін күйеуім мақтаумен, мақтанумен, жаным-күнім деумен келеді. Оған менің құлағым да, етім де үйренген. Қол көтермек түгілі дауыс көтерген емеспіз. Үйленген кезде екеуміздің арамызда барлық жағынан теңсіздік жоғары болатын. Қазір олай емес... Сондықтан барлық мәселені ақылмен шешкен дұрыс. Әйел өзін қанша жерден биік сезінсе де, еркектен бір саты төмен ұстауға үйрену керек. Қысқасы, татулық пен бірліктің кілті әйелдің қолында...

Әйел затына айтар өзіндік кеңесім бар. Күйеуің неше жыл отассаң да еркелетсін десең, қылығың қыздай болсын. Әрбір айтқан сөзіңе сақ бол.
Еркекке тазалық, дәмді тағам, жылы сөз, ыстық сезім керек. Санассаң, өктемдік етсең, дауыс көтерсең – онда қателескенің. Отбасыдағы кикілжің мен араздық осыдан басталады.

Мәриям АСАНОВА