Аударма • 26 Қыркүйек, 2018

Гендік өзгеріске ұшыраған бактериялар ауруды емдейді

839 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда жүргізілген сынақ барысында бір топ еріктіге бактериямен байытылған сусын берілді. Оның құрамындағы гендік өзгертілген микроденелер қан құрамында табиғи жолмен пайда болатын қышқылдарды жояды. 

Гендік өзгеріске ұшыраған бактериялар ауруды емдейді

Спенсер ГРАНТ, Science Source

Карл ЗИММЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Әдетте бұл өздігінен жүретін процесс. Бірақ кейбір адамдардың ағзасы мұндай қабілетке ие емес. Солар үшін бактериямен байы­тылған сусын таптырмас дәріге айналуы мүмкін. 

Бұл сынақ – синтетикалық био­логия деп аталатын ғылым сала­сы­ның жаңа белесі. Жиырма жыл бұ­рын инженерлер электроникаға ден қойғаны секілді, ғалымдар қа­зір тірі ағзалармен айналыса бас­тады. 

Ағзада жасушалар жеке-дара әрекет етпейді. Керісінше, бір­лесе жұмыс істеп, бір-бірін бел­сен­­діріп немесе жойып отырады. Син­тетикалық биологтар осы ерек­шелікті ұтымды пайдаланып, оларға гендік өзгеріс енгізуге талпынып жатыр. 

Қазіргі таңда мұндай тәсіл өнер­кәсіпте кеңінен қолданысқа ие. Көптеген компаниялар өзгер­тілген бактерияларды кішігірім зауыт секілді қолданып, антибиотик­тер мен күрделі қоспаларды киім тігу­де пайдаланып келеді. Ендігі меже – синтетикалық биология арқылы бактерияларды ішкі ағзаны емдеу­ге қолдану. 

Жоғарыда айтып өткен, ерік­тілер ішкен сусын құрамындағы бактерияларға гендік өзгерістер жасалып, фенилкетонурия деп аталатын сирек кездесетін ауруды емдеуге арналған. Мұндай науқасқа шалдыққандар ет пен ірімшік секілді протеині мол тамақтар іше алмайды. Өйткені олардың ағзасы фенилаланин деп аталатын амин қышқылы се­кілді жанама өнімдерді жоюға қа­білетсіз. 

Қан құрамында фенилаланин пайда болса, ондай қышқылдар мидағы нейрондарға зиян тигізіп, дамудың тежелуіне, ақыл-ой кеміс­тігі мен психологияның бұзы­луына әкеліп соғады. Фенил­ке­тонуриядан емделудің жолы – протеині аз тамақ жеп, тағамдық қоспалары бар коктейль ішу. 

Тышқандар мен маймылдарға тәжірибе жасаған Synlogic компаниясы өзгертілген бактерия­лар арқылы фенилкетонурия­мен ауыратын науқастарды емдеу­ге болатынын көрсетті. Биыл­ғы 4 қыркүйекте компания зерттеу­ші­лері дені сау еріктілерге жүр­гі­зіл­ген сынақ қорытындысы оң нәти­же бергенін мәлімдеді. Ен­ді олар фенилкетонуриямен ауы­ра­тын­дарға тәжірибе жасап көр­мекші. 

Synlogic-тың негізін салу­шы­­лардың бірі, Массачусетс тех­но­логиялық институтының синте­тикалық биологы Джеймс Дж.Кол­линс пен оның әріптестері ішек таяқшаларын өзгертіп, белгілі химикаттарды жоятындай етіп қайта жасап шыққан. «Бұл – гендердің шамын жаққан секілді әрекет», дейді Доктор Коллинс. 

Бұған дейін ғалымдар бейім­­делген бактерияларды тағы бір мақсатта қолдануды жоспар­ла­ған. Сол жобаға сәйкес, өзгертіл­ген бак­териялар ауаға тараған био­ло­гиялық шабуылды анықтап, оған жауап ретінде химиялық реакция беруі тиіс-тұғын. Бірақ кейіннен микробиома саласы пайда болды. 

2000-жылдардың ортасында микробиологтар сау адамның іш­кі ағзасында көптеген ағза түр­лері, миллиондаған микробтар өмір сүретінін байқады. Мик­ро­био­ма деп аталатын осын­дай орта­да тұрақты түрде химия­лық реак­циялар жасалып, адам ағ­засы­на керекті процестер жү­зеге асады. Ғалымдар мұндай әре­кет­тің адам ағзасын түрлі аурудан қор­ғай­тынын анықтады. 

Осыдан бастап синтетикалық биологтар өзгертілген бактерия­лар­ды ағзадағы ауруды анық­тай­тын құрал ретінде қаншалықты қол­дануға болатынын зерттеуге кірі­сіп кетті. 

«Микробиома жұмысының әсе­рін бағаламау мүмкін емес», дей­ді доктор Коллинстің бұрынғы сту­денті, Сан-Диего штатындағы Кали­форния университетінде өз зерт­ханасын ашқан Джефф Хасти. «Қысқасы, бұл жаңалық бәрін өз­гертті», дейді ол. 

Қазіргі таңда ғалымдар бактерияны ісікпен күресуге бейімдеп жатыр. Жоба сәтті шыққан жағ­дайда, олар иммундық жасуша­лардың молекулаларын тазалап, қатерлі ісікті жоюға болатыны­нан үміттенеді. Колумбия уни­верситетінің син­те­тикалық биологы Тал Данино: «Адам ағзасындағы бак­терия­ларды өзгертіп, басқа мақсатта пайдалануға мүмкіндік бар екеніне сенемін», дейді. 

Бұлар – бізді іштен емдеуге бейім­­делген микробтар. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»