Экономика • 26 Қыркүйек, 2018

Үздіктердің үздігі: қазақстандық газ операторы озықтар рейтингісінен ойып орын алды

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресейдің беделді Neftegaz.RU мұнай-газ ақпарат агенттігі ТМД елдерінің газ саласындағы компаниялар рейтингісін жариялады. Сарапшылар газ компанияларын өзара салыстыра келе, қазақстандық «ҚазТрансГаз» компаниясын үздіктер қатарында екінші сатыға жайғастырды. Бірінші орын ресейлік «Газпром» еншісінде.  

Үздіктердің үздігі: қазақстандық газ операторы озықтар рейтингісінен ойып орын алды

Агенттік жазғандай, ТМД елдерінің газ нарығы алуан түрлі дамып келеді. Кейбір елдерде бұл салада соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеушілік бай­қалады. Яғни, көгілдір отынның әлемдік экономикадағы рөлі артқан сайын газ өндіру, тасымалдау, өңдеу және сатумен айналысатын компаниялардың да үлес салмағы арта түсуде.

Осы орайда Neftegaz.RU агенттігі  ТМД-дағы ірі газ тасымалдаушы ком­па­ния­лардың рейтингісін ұсынып отыр. Мақалада жазылғандай, сараптама компаниялардың нарықтағы даму серпініне, газ тасымалдау желілерінің (ГТЖ) және қызмет көрсетілетін магис­траль­дық құбырлардың жағдайына, тасымалданған табиғи газ көлеміне және компанияның аймақтық және әлемдік газ нарығына тигізер әсеріне негізделген. Рейтингке 9 компания енгізілген. Біз атқарған қызметін сараптай отырып, агенттік таңдаған үздік 3 компания туралы жазуды жөн деп таптық.

1. «Газпром» (Ресей)

«Газпром» – газ кен орындары­на гео­логиялық барлау жүргізу, өн­діру, та­сы­малдау, сақтау, өңдеу және өт­кізу, газды мотор отыны, тағы бас­қа тү­рін­де өткізумен айналысатын ресей­лік алпауыт энергетикалық компания. Компания табиғи газ қоры, оны өн­діру және халықаралық нарыққа шы­ғару бойынша әлемдік көшбасшы. «Газ­промның» иелігіндегі газбен жаб­дықт­ау желілері ауқымы және техни­ка­лық тұрғыдан жабдықталуы жағынан әлемдегі ең ірі жүйе. Одан бөлек, «Газпромның» қаржылық ахуалы да мықты – компанияның 2017 жылғы пай­дасы 7%-ке өсіп, 6,546 трлн рубльге жетті. Компанияның газ тасымалдау ба­ғы­тындағы әлеуетті жобалары ретін­де бүгінде «Бованенково-Ухта – 2»; «Север­ный поток – 2»; «Сила Сибири»; «Турец­кий поток» және «Ухта – Торжок - 2» жобаларын ерекше атауға болады. 2017 жыл – «Газпром» тарихында ең көп көлемде газ тасымалданған жыл болды. Оның жылдық көлемі 194,4 млрд м3 құрады. 

2. «ҚазТрансГаз» (Қазақстан)

Қазақстан Республикасының ұлттық газ операторы – даму серпіні бойын­ша ТМД елдері ішінде ең жоғары көр­сеткішке қол жеткізді. Сарап­шы­лардың пікірінше, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда компанияның қаржылық көрсеткіштері 88%-ке өсті.

Компания тауарлық газды магистраль­дық және таратушы желілер арқылы тасымалдайды, газдың халықаралық транзитін қамтамасыз етіп, экспортқа шығарады, ішкі нарықты толықтай газбен қамтамасыз етеді. Компания енші­сіндегі газ тасымалдау желілері – Ор­та­лық Азиядағы ең ірісі (40 мың км астам газ тарату желілері, 19 мың км ас­там магистральдық құбырлар), ішкі на­рықты газбен жабдықтайтын желі­лер де «ҚазТрансГазға» тиесілі. Соң­ғы жылдары «ҚазТрансГаз» да, жал­пы, Қазақстан­ның бүкіл газ саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл көгіл­дір отынның ішкі нарықта тұтыну көрсет­кіш­терінің артуы, Қытайға экспорт және өзге де себептерге байланысты.

2017 жылы «ҚазТрансГаз» газ тасымалдауды 12,7 млрд м3 көбейтіп, жалпы көрсеткішті 100,9 млрд м3 жеткізді. «Қазақстан жаңа магистральдық газ құбырларын, заманауи компрессорлық стансалар, газ айдайтын қуатты қондыр­ғыларды салу және басқа да озық технологияларды пайдалана отырып, «Қазақстан-Қытай» тасымалдау дәлізін іске қосып, өзінің тасымалдау әлеуетін барынша тиімді пайдалана білгенін мойындау керек» деп атап өтеді сарапшылар. 

3. SOCAR (Әзербайжан)

Ел аумағындағы (құрлық пен теңізде) мұнайгаз кен орындарын іздеу, барлау және өндіру, сондай-ақ мұнай, газ және газ конденсатын шығаратын, өңдеу­мен айналысатын және тасымалдайтын Әзербайжанның мемлекеттік компания­сы. SOCAR газды 4 магистральдық газ құбыры арқылы Грузия мен Түркияға (Шах-Дениз кен орны) және Иран мен Ресейге тасымалдайды. Қолданыстағы газ тасымалдау желілері мен магистралдық газ құбырларының ахуалы өте жоғары деңгейде. Одан бөлек компания жаңа бағыттарды игеру үшін құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуде: мемлекет үшін әлеуеті жоғары деп Трансанадолы газ құбыры (TANAP), Трансадриатика газ құбыры (ТАР) және  AGRI газ құбырын біріктірген TAP-TANAP ГТЖ саналады. Дегенмен Әзірбайжан ішкі нарықтағы газ тапшылығына байланысты импорт көлемін арттыруға мәжбүр.  

Аталған компаниялардан өзге, Neftegaz.RU агенттігі жариялаған рейтингте ТМД-ның өзге де газ компаниялары орналасқан: 

4. Газпром Трансгаз Беларусь (Беларусь Республикасы)

5.Түрікменгаз (Түрікменстан)

6. Узтрансгаз (Өзбекстан)

7. Газпром Қырғызстан (Қырғыз Республикасы)

8. Газпром Армения (Армения)

9. Молдовагаз (Молдова Респуб­ликасы)

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»