Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық симпозиумы өтті

648 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде «Қызылжар-2018»  атаумен ұйымдастырылған халықаралық симпозиумға Қазақстан мен Ресейдің жас ғалымдары қатысып,тәжірибе алмасты. Пленарлық отырыстарда шекаралас аймақтарда туризмді дамыту мәселелері талқыланды.  

Солтүстік Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық симпозиумы өтті

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жиналған жас ғалымдар екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумының күн тәртібіне ұсынылатын тақырыптар жайлы ой-пікірлер алмасып, қызықты, құнды жобаларға қолдау білдірді.

«Биыл қараша айында Петропавл қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық форум екі ел үшін де аса маңызды. Өйткені, шекаралас аймақтарда орналасқандықтан, бірлесіп шешетін ортақ мәселелер аз емес. Кез келген мемлекет үшін туризм табыс көзі, туристерді ынталандырушы сала болып саналады», деді  «Қызылжар-2018» форумына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Университет ректоры Серік Өмірбаев оқу орны Ресейдің 83 университетімен серіктестік орнатқанын, әріптестік аясында  237 жоба іске асырылып  жатқанын атап көрсетті. 500-ден астам  халықаралық келісім жасалыпты.

Алқалы бас қосуға қатысқан ҚР Тұңғыш Президент қоры жанындағы ғылыми кеңес төрағасының орынбасары Сұхраб Жаппаров өз сөзінде пікірталас алаңында көкейкесті мәселелердің қозғалғанын, бағалы ұыныстардың айтылғанын жеткізді. Біздің басты мақсатымыз–озық жобаларға баға беру, қолдау, деді ол.

Су және экология мәселелері институтының бас ғылыми қызметкері Дмитрий Черных жиында су ресурстарын тиімді қолдану жайын көтерді. Оның ойынша, Ертіс, Орал өзендерінің салалары Қазақстан мен Ресейді көктей өтеді. Бұл орайда, Қытай елімен бірлескен бағдамаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Өйткені Ертіске құятын өзендер осы ел аумағынан бастау алады. Қытай негізгі су пайдаланушы болғандықтан, Ресей мен Қазақстан көп жағдайда тәуелді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы