Байөлкелік бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып қазақтың қасиетті ордасы Астанаға аттанған тұста, яғни қыркүйек айының 22-сі күні байөлкеліктер үшін ежелден бері қыран баптаушылардың ұйық мекені саналып келген «Қызыл қайың» ауылында құсбегі қыздар арасында жарыс ұйымдастырылды деп, хабарлайды моңғолиялық ақпарат көзі «МОНЦАМЭ» агенттігі.
Айшолпанның жетістігінен кейін аталмыш өлкеде балдағына құс қондырған қыздар көбейген. Жергілікті атқамінерлер бұл жолғы құсбегілер тойын өткен ғасырдың басында саятшылық өнерді игеруімен даңқы шыққан Қожамжар төренің қызы Алманың құрметіне орай өткізген көрінеді.
Саятшы апамыздың атын ұлықтау мақсатында есімі қойылған «Алматөбе» басында өткен қыз құсбегілер сайысына 8 және 16 жас аралығында 12 бойжеткен бүркітші қатысып, олар құсты қолға шақыру, шырғаға салу сияқты аталымдар бойынша сайысыпты. Ақырғы қорытындыда қызылқайыңдық бүркітші қыз Н.Сұлушаш үздік деп танылса, келесі жүлделі орындарға Б.Балдыр, С.Ақелік атты қарындастарымыз ие болыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»