Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2018

Қостанайлық полицейлер қырғызстандық жүк машинасын өрттен аман алып қалды

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Егер полицейлер болмағанда, машинамнан да, жүктен де түк қалмас еді. Жігіттерге алғысымды айтамын, жұмыста абыройлы бола берсін», деді қырғызстандық азамат Ташпулат Хасанов.

Қостанайлық полицейлер қырғызстандық жүк машинасын өрттен аман алып қалды

Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолы бойында ол жүргізіп бара жатқан үлкен жүк машинасы тіркемесінің доңғалағынан өрт шығады. Ол сасып қалады, не істерін білмей жүгіріп жүргенде, жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Берік Байкенов пен Арман Жолмағамбетов келе қалады да, өздерінің өрт сөндіру құралдарымен отты өшіріп алады. Полицейлер өртті көрісімен алдымен тіркемені машинандан ажыратады, жолды қоршайды. Жолаушы машиналардан да өрт сөндіру құралдарын алып, жанып жатқан доңғалақты өшіреді. Бірге келе жатқан ұзақ жолдағы жүргізушілер де полицейлердің сауатты, жылдам, саспай жасаған қимылына риза болады.

«Көз алдымызда машинадан от шықты. Алыс жолға шыққан жүргізушілердің өрт сөндіретін құралдары болуы тиіс. «Керек тастың ауырлығы жоқ» д еген ғой аталарымыз» дейді полицейлер. Олар жүргізушіге машинаның доңғалағын ауыстыруға да көмек беріп, жолға салып жіберді. Қырғызстандық Ташпулат Хасанов қостанайлық полицейлердің тек көмегіне ғана емес, олардың   адамгершілігіне, оның жасын сыйлаған тәрбиелілігіне де ризашылығын білдіріп, алғысын айта-айта кетіпті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай