Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Игілік ауылындағы игілікті іс

1258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылында күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының ескерткіші ашылды.

Игілік ауылындағы игілікті іс

Игілік ауылдық клубының алдынан бой көтерген күйші ескерткішінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, белгілі күйші, өнер зерттеушісі, "Көкіл" мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, жоба авторлары ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов, жазушы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева, күйші, өнертану ғылымдарының кандидаты Ербол Үсенбаев және қобызшы Саян Ақмолда Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты.

Мәдени оқиғаның шымылдығы ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбековтің Мәді Шәутіұлы рухына арналған арнау өлеңімен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. 

Салтанатты шарада әуелі сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарын бүгінгі мәдени оқиғамен құттықтады. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой аясында ашылып отырған күйші ескерткішінің болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама екенін атап өтті. Ал өз сөзінде ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов Мәді күйші жайында тағылымды естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Алтын Досжанова күйші рухының мәңгі өлмейтінін, халықтың есінде мәңгі сақталатынын айтты. Ал күйші Ербол Үсенбаев Мәді күйшінің "Қоңыр" күйін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары да сөз алып, күйші туралы естеліктер өрбітті.

Бұдан кейін Игілік ауылдық клубында "Көненің көзі дәулескер  - Мәді" тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Аталған конференцияны Маралтай Райымбекұлы ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқып ашып, Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелер айтты. Сонымен қатар, бүгінгі шараға орай құттықтау жолдаған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің хатын көпшілікке оқып берді.

Күйші композитор Мәді Шәутіұлы тағдырлы күй өнерінің шебері, Қаратаудың теріскейінде өмірге келген кешегі Ықылас пен Сүгірдің заңды ізбасары. Мәді Шәутіұлы дара қолтаңбасы қалыптасқан композитор ғана емес, ол сонымен қатар өте көне күйлерді жеткізуші құйма құлақ өнер иесі" делінген хатта.

Өз кезегінде Маралтай Райымбекұлы бүгінгі шараға орай КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовтің, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның және күйші Жанғали Жүзбаевтың құттықтауларын жеткізді. Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген "Мәді" өмірбаяндық кітабының да тұсауы кесілді. Өз сөзінде күйші Абдулхамит Райымбергенов 1983 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң, жас маман ретінде фольклор экспедициясы құрамында Жамбыл облысына келгенін, сонда Мәді күйшімен жолығып, бірқатар көне күйлерді өз аузынан жазып алғанын айтты.

Байқадам ауылының ар жағында Коммунар совхозынан Мәді қарияны сол ауылдың тұрғыны Балтабай Дәуірбековтің көмегімен тапқанын әңгімеледі. "Мәді күйші үйге кіріп келгенде қайран қалдым. Сырттан басқа дәуір кіріп келгендей. Не болмаса біз өткен ғасырға өтіп кеткендейміз. Балтабайдың үйінде отырып, Мәді күйшінің шығармаларын магнитофонға түсірдік. Бұрын-соңды көп орындала бермейтін аңыз күйлердің он шақтысын тартып берді. Көне аңыздарды айтып отырып, іле күйін тартып әкетіп, жалғастырып аңызын айтып отырды" деп естелік айтты күйші. Сонымен қатар, күйші Ербол Үсенбаев, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева және қобызшы Саян Ақмолда Мәді күйші жайында сөз қозғап, оның күйшілік мектебіне тоқталды. Сонымен қатар, ауыл аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерді. Жазушы Дәурен Қуат Мәді күйшінің тағдырынан тағылымды әңгімелер шертті. Конференция барысында аудан әкімі Балабек Нарбаев Алматыдан арнайы келген қонақтарды "Сарысу ауданына 90 жыл" мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, Мәді Шәутіұлының өмір және өнер жолын қамтыған кітап көпшілікке таратылды.

Мәді күйші 1909 жылы Игілік ауылында дүниеге келіп, 1995 жылы өмірден өткенге дейін сол ауылда ғұмыр кешкен қайталанбас өнер иесі. Ата-анасынан ерте айырылған ол туысы Бегман Боданов деген кісінің отбасында өседі. Домбыраны жеті жасында осы елге аты танымал Қосқұлақ Пірімбет домбырашыдан үйренеді. Алайда 18 жасында шешек ауруынан екі көзі бірдей көрмей қалады. Алайда ол артына өлмес мұра қалдырған күйші әрі композитор ретінде ел есінде. Оның орындауындағы 24 күй ұлт музыкасының асыл қазынасына қосылды.

Бүгінде Қазақ Радиосының "Алтын қорында" сақтаулы тұр. Кезінде Мырзатай Жолдасбеков, Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергенов сияқты ғалымдар Мәді күйші жайлы еңбектер жазды. Ал осы ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік көрсеткен Маралтай Райымбекұлы "Алтайдан бой көтеріп, Жерорта теңізіне найзасын шайған Ұлы Дала перзенттерінің қай-қайсысы да әспеттеуге, ұлықтауға лайық. Батырлары көз ілмей атадан балаға мирас байтағын жаудан қорғаса, ақын-жыраулары осынау әзіз халықтың рухын аспандатып, мерейін тасытқан. Мәді бабамыз сондай құрметке лайық" деп конференцияны қорытындылады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Сарысу ауданы