Өнер • 01 Қазан, 2018

Берлинде қазақстандық суретші әйелдер көрмесі ашылды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Берлиндегі «Бетаниян» суретшілер үйінде (Kunstquartier Bethanien) Қазақстан Ұлттық музейінің «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасы аясында «Астық және раушан гүлдер: қазақстандық суретші әйелдердің төрт буыны» атты көрме ашылды. Экспозицияға танымал қазақстандық суретшілермен қатар жас өнер иелерінің де туындылары қойылған. Ұйымдастырушылар аталған көрме заманауи мәдениетімізді әлемге насихаттау бағытындағы кезекті шара екенін айтады. 

Берлинде қазақстандық суретші әйелдер көрмесі ашылды

Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты – текеметпен ашылады. «Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысты», дейді ол. 

«Астық және раушан гүлдер» экспо­зициясының басым бөлігі 1980-1990 жылдары қалыптасып, бүгінгі күндері де дамып келе жатқан өнерді жан-жақты қамтыған. Іс-шараға ұйытқы болушылар бұл бағытта Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүл­фа­йруз Ысмайылова сияқты алдыңғы буын суретшілердің үлкен еңбек сіңіргенін айтады. 

Экспозициядан орын алған еңбек­тер қатарында Сәуле Сүлейменова­ның цел­лофаннан жасалған туындылары бар. Соның бірі – 1930 жылдары Қа­зақ­­стан­да­ғы ұжымдастыру кезінде ел хал­қының үштен бірінің өмірін жал­маған нәубетті кезеңді бейнелейтін «Ашар­шылық» атты еңбегі. 

Көрменің тең жетекшісі Алмагүл Меңлібаева «Тоқамақ» және «Степное барокко» бейне инсталляцияларын ұсынды. Бақыт Бүбіқанованың «Жаңа жыл түні» туын­дысының өзегі – әйел. Суретші әйел­ді композицияның ортасына орналастырып, оның қоғамдағы рөлі мен орны туралы сауалды көлденең тартады. Әйелдің жалаңаш денесі – әлеуметтік рөлдерді мәжбүрлеп таңуға қарсылық іспетті. 

Сонымен қатар көрмеде Анар Әубәкір, Лидия Блинова, Ғания Шағатаева, Зоя Фалькова, Креол орталығы (Мария Виль­ковиская, Руфия Жендербекова), Ғайша Маданова, Әйгерім Мәжітқан, Алмагүл Меңлібаева, Гүлнұр Мырза­ғалықова, Гүлнұр Мұқажанова, Катя Никонорова, Сәуле Сүлейменова, Гүл­марал Тәтібаева, Елена Воробьева, Наталья Дю сынды суретшілердің туындылары қойылған. 

«Егемен-ақпарат»