Тарих • 03 Қазан, 2018

Қанына отаршылдық сіңген Чувилин

665 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіл – ұлт болмысы. Оның тағдырына алаңдау – тұтас ұлттың болашағына алаңдау.  1924 жылы – «Еңбекшіл қазақ» газетінің №176 санында жарық көрген бұл мақалада сол жанайқай айтылған. Ащы айтылған. «Қанына отаршылдық сіңген Чувилин» атты мақаланың авторы «Нығмет» деп жазылыпты.

Қанына отаршылдық сіңген Чувилин

Коммунистер партиясының ХІІ сиезі ұлттар мәселесі туралы шығарған қау­лысында автономиялы халықтардың мемлекет һәм партия мекемелерінің істері сол халықтардың өз тілінде жүргізілуінің сөзсіз керектігін соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсеткен. Онан соң Қазақстанның Орталық Комитеті Қазақстанның қай жерінде, қай уақыттан бастап мекемелер қазақ тілін қолдануы керектігін көрсетіп, декрет шығарған. Қазақ тілін жүргізу деген мәселенің тез іске асуы керектігі орыс, қазақ газет-журналдарында талай жазылған. Біздің ойымызша, бұл мәселені жұрттың құлағына сіңіру жағынан ешбір кемшілік болмаса керек еді. Бірақ біздің ойлағанымыздай болып шықпады. Құлағына сіңбеген кереңдер, кеңестер Ресейінің коммунистер партиясының саясаты ішіне кіріп шықпайтын сұм жүрек меңіреулер әлі бар көрінеді. Жақын арада Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетасы адамды мынадай күйдіретін хабар әкеліп отыр. 

Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің декретін іске асыру үшін Қарқаралының уездік оқу бөлімінің бастығы жолдас Қасымұлы өзінің мекемесінен орыс қызметкерлерінің біреу-екеуін шығарып, орнына қазақ қызметкерлерін алып, істі қазақша жүргізе бастайды. Мұны уездегі ірі мекемелердің бірінің басында отырған Чувилин деген жолдас естіп, Қасымұлын шақырып алып: «Қарқаралыда қазақ тілін жүргізуге әлі ерте, қазақ тілін жүргіземін деген сен – ұлтшылсың, алашордашылсың», деп аузына келгенді көкіп, жекіп-жекіп қоя береді. Қасымұлы Чувилиннің мұнысы жолсыз екенін білсе де, амалы жоқ, қазақ қызметкерлерін мекемеден шығарып, орыстарды қайтадан алып, оқу бөлімінің ісін баяғы Некең салған жолға қайта түсіреді.

Қарқаралы уезі – қазақ уезі. Орыс жоққа таяу, аз. Қазақтан орысша да, қазақша да оқығандар көп. Олардың бәрі де қазақ жұртына бір орыстай қызмет істей алады. Сол себептен, Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті  қазақ тілін жүргізу туралы шығар­ған декретінде Қарқаралы уезіндегі мекемелер тегіс 1924-ші жылы бірінші январьдан бастап істі қазақ тілінде жүргізілсін деген. Олай ойлап, былай ойлағанда Қарқаралы уезінде қазақ тілін жүргізуге кедергі болатын ешбір себеп жоқ. Чувилиннің «әлі ерте» деген сөзін бір-ақ мағынада ұғу керек.  «Ерте» деген сөзі мемлекет ісін өз тілінде жүргізетіндей, бұрынғы орыстар отырған орындарға қазақтарды отырғызатындай қазақ жұртына теңдік заман туған жоқ. Ондай теңдік қазаққа әлі «ерте» деген сөз. Мұндай сөз кімнің аузынан шығатын сөз? Бұл ұлтшылдық қанына сіңіп қалған, ұлы орыстың отаршылдарының сөзі. Чувилин сондай ұлтшылдыққа мас болған  отаршыл болуы керек. Орыстың отаршылдарының қазақты аузына алған коммунист қазақ жігіттеріне оп-оңай ұлтшылдық, алашордашылдықтардың таңбасын баса қоятын әдеті.

Орындардағы жігіттер орталық үкіметтің заңын іске асыруға ұмтылғанында, ұлтшыл атына ұшырағанда, ондай заңды шығарып отырған  үкімет онан әрі он есе ұлтшыл болу керек. Әрине, Чувилин сияқты сырты ортақшыл, іші отаршыл сұмдардың қазақ үкіметіне көзқарасы солай. Егер советтер үкіметі  Чувилиндерді еркіне жіберсе, қазақ жұртына әуеден жауған  шұғадан шұлғау да тимес еді. Бірақ Чувилиндердің сорына қарай еңбекшілдер үкіметінің тұтынған жолы басқа. Ұсақ ұлттарды езу, құлдану, олардың өз тілімен пайдаланып өркендеуіне бөгет салу  советтер үкіметінің негізінде жоқ. Советтер үкіметінің жолы – дүние жүзінің еңбекшілдерінің көсемі Лениннің жолы, соның партиясының жолы. Көздеген мақсаты – жер үстіндегі еңбекшілдерді бірлестіріп, әділсіздік, құлдықты жою, адам баласын бақытты өмірге жеткізу.

Ұлтшылдық, отаршылдық жалпы еңбек­шілдердің, оларға басшы болып  отырған коммунистер партиясының түпкілікті істеріне үлкен кесір. Орыстың отаршылдығы  жойылмай,  бұрынғы тепкі жеген ұлттардың сенімін алу, оларды еңбекшілдер ұйымына тарту ешбір мүмкін емес. Сондықтан біздің партия отаршылдыққа қарсы рақымсыз күрес ашып отыр. Партияның тәніндегі мерез ұлы орыстың отаршылдығын өткір қылышпен кесіп тастап, орнын қырықтықпен қырқып, тамырымен жоқ қылу керек деп отыр. 

Олай болса, орындардағы партия коми­теттері мәймөңкені қойып, Чувилиндерді таңбалап, партиядан қуулары керек.  Ортақшыл партиясының ішінде ұлтшылдарға орын жоқ екенін жұрт  білсін, көрсін, есінен шығармай жүрсін.  

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар