Әдебиет • 04 Қазан, 2018

Юнус Оғуз. Әлемді көркем шығарма құтқарады

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір біздің әлем қауіпті. Жаһандық сая­сатта үлкен ойыншылар мен құрбандар бар. Белгілі сценариймен жүреді. Біреу ерікті, біреу еріксіз көнеді.

Юнус Оғуз. Әлемді көркем шығарма құтқарады

Кеңес уақытында әлем екі полюске ғана бөлінді. Бір жағында мұз­дай қаруланған кеңестік идеология, екінші жағында ақша мен материалдық игілікті бәрінен биік қойған АҚШ пен Еуропа елдері. Екі жақты жарыстың нәтижесінде КСРО құлады. Бірақ бәсеке тоқтаған жоқ. Бір полюс қана қалған күннің өзінде әлем­ді қан басты, соққан желден ажалдың исі сезілді. Әлемді уысында ұстағысы келетін «алыптар» кез келген қадамға ба­ру­ға да­йын. Әлемді сонша қауіпті етіп тұр­ған не? Геосаяси, геоэкономикалық, әс­кери-гео­­­стратегиялық қызығушылықтар. Эко­номика, саясат әлемінде гегемонияға жету үшін әс­кери-геостратегиялық күштерді пай­да­ланады. Соның себебінен мыңдаған жа­зық­сыз жан жапа шегеді. Осының жолында қазір қанша ақша желге ұшып, террорлық озбырлық күш алды. Осындай пиғылдың кесірінен Йемен, Сирия, Ирак, Ливия, Тунис, оған қоса ондаған африкалық мемлекет гума­нитарлық апатты бастап кешіріп отыр. Тіпті, әр күн сайын осы елдердің халқы жер­­ден де, әуеден де бомбаланып, жапа ше­гуде. Бір қорқыныштысы, бұл қалыпты құ­былысқа айналып барады. Жан сауғалап, жерін тастап қашқандар босқындар болып шыға келді. Қашқандардың бәрі тірі қалып жатқан жоқ. Марқұмдардың нақты санын да есептеп жатқан жоқпыз. Бұл басынудың, бассыздықтың ішінде моральдық террор да бар. Әкенің көз алдында еш кінәсі жоқ бала, баланың көз алдында аяулы ана оққа ұшып, ажал құшып жатыр. Бұл неткен ауыр соққы екенін сезіне аламыз ба?

Бұл террормен әлемді үрейде ұс­тап отыр­ғандар оны ислам дінімен байланыс­тыр­ғылары келеді. Ислам – бейбіт дін. Дінге күйе жағудың жазасын адам бермейді...

Біздің талантты ақынымыз, драматург Гусейн Джавид: «Қантөгісті тоқтата алған адам – әлемнің құтқарушысы» дей­тін. Әрине, оны болдырмау үшін, өзара мәде­ниеттердің диалогін күшейтіп, соған баса назар ауда­руымыз қажет. Осы мәдениеттердің диа­логі әлемді соғыстан құтқара алады. Бейбітшілікті сақтау үшін қызмет етеді. 

Бұл диалогтің бір тармағы – әдебиет. Адам баласының қалыптасу, өсу жолында әдебиеттің орны айрықша екені бар­шаңызға белгілі. Бала күнінде роман, я повесть оқып, соның қаһарманы сияқты ер­жүрек батыр болғысы келмеген жан бар ма?! Махаббат жырларын оқыған сайын жү­регі атқақтап, сезім пернелері жарыса со­ғып, ғашық болуға ынтықпаған жігіт бар ма?! Оқып отырған шығармасындағы жақсы көр­ген кейіпкері бір апатқа ұшыраса, шіркін, соның орнында мен болғанда былай істер едім деп қиялға кім берілмеді дейсіз. Өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруға сеп­тігі тиген әдебиет осынысымен аяулы, қым­бат. Әлемдегі бейбітшілікті сақтау жо­лында әдебиет соғысыңыздан да, саясат пен экономикаңыздан да қуатты. Көркем әдебиетті оқу арқылы адам ойланады, жаңа көзқарастар пайда болады, өзін шын мәнінде адам қатарына қоса бастайды. Өзінің робот емес екенін ойлап, бұл жарық әлемге ұлы махаббатпен келгенін мо­йындап, сол махаббатпен өмірден қоштасу керегін түсінеді.

Көркем әдебиеттің насихаты әлемдегі бей­бітшілікті сақтау үшін ауадай қажет. Көр­кем әдебиет адам баласының жүрегін жұм­сартып, гуманизмге тәрбиелесе, бұл қауіпті әлемді қауіпсіз, бейбіт әлемге айналдыруға болады деген сөз. Бірақ біз әлі қауіпті әлемнің тұрғындарымыз... 

Юнус ОҒУЗ,

Әзербайжан