Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Жуырда қос мекеменің бірлесіп ұйымдастыруымен байланыс саласы қызметкерлері арасында өткізілген байқау жария етіліп, «өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» басылымдардың таралуына белсене атсалысқан жеңімпаздар марапатталды. Серіктестік директоры Жарасбай Сүлейменов жаһандану үрдістеріне сай озық технологиялар енгізіліп, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттарды жедел жеткізудің түрлі әдіс-тәсілдері қанша қолданылса да, Ахмет Байтұрсынов «халықтың көзі, құлағы hәм тілі» деп баға берген баспасөздің бір саласы газет өміршеңдігін жоғалтпайтынын, қуатты үні, мән-маңызы төмендемейтінін, бұл орайда Елбасы саясатын, Үкімет тапсырмаларын, өңір жаңалықтарын қалың жұртшылыққа жеткізу басты бағдар болып қала беретінін жеткізді.
Байланыс бөлімшесі арасында Есіл аудандық торабы, ауылдар бойынша Ивановка елді мекені бірінші орынға лайық деп табылды. Тимирязев ауданында пошташы болып жұмыс істейтін Роза Құсайынованың 118 адамды газетке жаздырған жанкешті еңбегі жоғары бағаланды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.
«Қазпошта»АҚ облыстық филиалының басшысы Бекжігіт Бекбердиев газет-журналдарға жазылу науқаны басталғанын, олардың тиражын көбейтуге септігін тигізетін мұндай байқаулардың дәстүрге айналатынын мәлімдеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы