Тарих • 10 Қазан, 2018

Қазақтың қара есептері

3663 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық қазынамыздың бірі – қазақтың байырғы қара есептері. Яғни, қазақ халқының байырғы көне есептерінен ұлтқа тән ерте замандағы тұрмыс-салты, әлеуметтік өмірі мен мәдениеті және де басқа сипаттары туралы аса құнды ақпараттар алуға болады. Осы тақырыпты зерттеп жүрген белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітқасым Байбеков жақында редакциямызға келіп, Ұлы даланың рухани мұрасы іспеттес көне есептерді насихаттау мақса­тында ұсыныс жасаған еді. Соған орай, біз авторлармен келісе отырып,ұлттық құндылықтарымыздың бір парасы саналатын қазақтың қара есеп­терін жариялауды қолға алып отырмыз.  Сонымен қатар басылым жанашырлары үшін жағымды жаңалық, газетке жарияланған қара есептердің жауабын дұрыс тапқан оқырмандарымызға арнайы сыйлықтар қарастырылған. 

Қазақтың қара есептері

Бірінші есеп: 

Асқа келген адам қанша?

Ертеде қазақ даласында шағын ас беріліпті. Даяшылар асқа жиналған халықты санап көрсе, тура 100 адам екен. Содан қызметшілер әр адамға бір-бір табақ ас тартуды жоспарлап, осылай атқарғалы жатқаны туралы ас иесі ақсақалға хабар беріпті. Оқиғаға қаныққан ас иесі: «Олай жасамаңдар, асқа келген әр төреге төрт табақ, әр қожаға қос табақ, төрт қараға бір табақ тартылсын», депті. 
Сөйтіп табақ ас иесінің айтуы бойынша тартылған екен, ешқандай табақ та, адам да артылып, не кем қалмай дәл болыпты. Ендеше, асқа қанша төре, қанша қожа және қанша қарапайым адам қатысты? 

Екінші есеп: 

Сарбаз қанша шақырым жол жүрді?

Ертеде жаугершілік заманда Бөгенбай батырдан тапсырма алған барлаушы сарбаз Бөкең жасағы орналасқан тұстан 50 шақырым қашықта сағатына бес шақырым жылдамдықпен келе жатқан жау әскерін мұқият барлап алады да, өз әскеріне жасырын шауып келіп, жау тура­лы өзі көрген ақпарды жеткізіп, қайтадан жау жаққа ат ауыстырып қайта оралады. Тасалау жерге тұра қалып, қасынан өтіп бара жатқан жаудың әскер саны қанша, қарулары қандай, аттары тың ба, шеріктері жиыңқы, әлде шұбыртпалы ма, тағы сол сияқты сипаттарды аңғарып, көргенін қолбасшыға жеткізе салып, тағы да ат ауыстырып қайтадан жау жаққа оралады.
Барлық мәліметті толық­тай алған Бөгенбай әскері шайқасқа сақадай сай дайын­далып, өзінен екі есе көп жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, жеңіске жетеді. Егер де барлаушы сарбаздың жылдам­дығы сағатына 60 шақырым болса, онда ол бас-аяғы қанша шақырым жолды тоқтаусыз шауып өтті?

Үшінші есеп: 

Абыз және қырық қарақшы

Талас өзенінің бойында Дөңгелек саз деген жерге елге әйгілі егде тартқан зергер қоныс теуіпті. Есепке жүйріктігіне, болжам­паз­дығына қарап халық оны Абыз деп атапты. Бір күні оның үйіне қырық қарақшы келіп:
– Сенде тай тұяғындай сом алтын бар екен, соны алу­ға келдік, – дейді қарақшы­лар­дың басшысы. Сонда Абыз аспай-саспай, жайдары түрмен:
– Жұдырықтай алтыным бар екені рас, бірақ сендер қырық адам екенсіңдер, бә­ріңе бөлгенде ол түк те болмайды. Сондықтан кім болса да біреуің ғана алыңдар.
– Сонда ол кім болмақ? – деп сұрайды карақшылар. 
– Бәрің көк шалғынға дөңгеленіп отырыңдар. Қатар­ларыңа қырық бірінші болып мен де отырайын. Одан соң іштеріңдегі біреуіңнен бастап оңнан солға қарай бір, екі, үш,.. деп санай бастаймын. Кімде-кім оныншы болып шықса, сол алтыннан күдер үзсін.
Қарақшылар Абыздың ұсынысына таңдана, қызыға қарайды да, бір ауыздан қа­былдап, бәрі алқақотан дөң­геленіп отырады. Оларға алтын иесі де қосылады. Со­дан соң ол оң жағындағы «пәлен» адамды бір деп санап, оныншы адамды орнынан тұрғызды. Одан әрі тағы да бір, екі деп санап келеді де тағы да бір оныншы адамды қатардан шығарады. Сол тәртіппен соңына дейін айнал­дырып санағанда Абыз­дың өзі ғана қалады. Сонда Абыз санауды қалай жүргізген және өзінен бастағанда нешін­ші адамды «бір» деп санаған?

Дайындаған 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ЕСКЕРТУ: Есеп жауаптарын [email protected] поштасына жолдауларыңызды өтінеміз!