Медицина • 11 Қазан, 2018

Әлеуметтің әлеуеті арта түседі

421 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Бұл сапардың ерекшелігі, жуырда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан кейін Үкімет мүшелерінің кеңейтілген құрамымен алғаш рет жаңа стратегиялық міндеттерді өңір жұртшылығымен бірге талқылауы деуге болады. Сапар аясында Үкімет басшысы өңірдегі ірі индустриялық және әлеуметтік нысандарда болып, облыс активімен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жүздесу барысында Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мәселелері жан-жақты сөз болып, нақты тапсырмалар берілді.

Әлеуметтің әлеуеті арта түседі

Семейдегі серпіліс

Үкімет басшысы өңірдегі сапарын Семей қаласынан бастады. Әуелі шаһарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әуежайдың ұшу-қону жолағымен танысты. Айта кетейік, 30 жыл бойы жөндеу көрмеген әуежайға мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдар­ламасы арқылы 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Жаңғырту қорытындысы бойынша әуежай «В» санатындағы халықаралық әуежайларға арналған ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болмақ. Ал бұл 300 жолаушыға дейін тасымалдай алатын Boeing, Airbus, ИЛ-76 түріндегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске дейін, сағатына 200 адамға дейін қызмет көрсетуге жол ашылады. 

Премьер-Министр бұдан кейін қаладағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасында болды. Мұндағы операция жасау, қабылдау бөлмелері жаңа Triaqe жүйесіне көшірілген. Облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Марат Шоранов Жедел жәрдем ауруханасы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіл­генін, биылғы 8 ай ішінде 9 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетілгенін айтып берді. Сонымен қатар осы жерде Б.Сағынтаевқа облыстағы «Денсаулық» бағдарламасының орындалуы туралы ақпарат ұсынылды.

Үкімет басшысы өңірдің индус­трия­лық дамуымен, атап айтқанда машина жасау саласымен танысу мақсатында «Daewoo Bus Kazakhstan» және «СемАЗ» ЖШС-на барды. Б.Сағынтаев автоқұрастыру зауытының жұмысын көріп, тех­нологиялық процеспен және қосал­қы бөлшектер мен аккумуляторлар өндірісі желісімен, түрлі дайындау сатыларындағы автокөлік құрастыру сапасымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Әсемхан Досқожанов 2017 жылы 3 млрд теңгеге 136 автобус, ал биылғы қаңтар-тамыз айларында 2,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, конвейерден 82 Daewoo автобус шығарылғанын баяндады. 

Премьер-Министр Семей қала­сының зиялы қауым өкілдерімен де жүздесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жол­дауының басым бағыттарына жан-жақты тоқталды. «Мемлекет бас­шысының биылғы  Жолдауының өзгешелігі – әрбір қазақстандыққа арналғандығында. Жолдаудың негізгі өзегі – халықтың өмір сапасын жақсарту. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігіне жүктелген шаруа жетерлік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есеге өсіруі тиіс. Ал атқарушы билік жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлер салуы қажет. Тұрғындар ең алдымен бала-шағасын ойлайды. Қолындағы соңғы малын сатса да, баласы білім алса деп армандайды. Сондықтан жас ұрпаққа білім беретін педагогтердің мәртебесі жоғары болуы тиіс. Біз қазір Білім және ғылым министрлігімен бірлесе мектеп психологі мамандығының мәртебесін көтеруді, олардың жалақысы туралы мәселені қарастырып жатырмыз»,  деді Б.Сағынтаев.

Кеңесте Ұлттық экономика, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Инвестиция және даму, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен «Атамекен» ҰКП басшылары Жолдауды жүзеге асыру аясында ат­қарылатын жұмыстар жайлы баяндады. Ал Семей қаласының тұрғындары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамаларды қуаттап, қолдайтынын жеткізді. Кездесуде «Фирма «Азия» ЖШС-ның құрылтайшысы  Әсемхан Досқожанов Елбасының әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында кәсіпорын қызметкерлерінің ең төменгі жалақы мөлшерін 50 пайызға көтеру туралы шешім қабылданғанын айтты. «Біз Президент Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асы­руға әзірміз», деді ол.

Шәкәрім атындағы Семей мем­лекеттік университетінің профессоры, белгілі ғалым Арап Еспенбетов Мемлекет басшысының Жолдауында педагогтердің мәртебесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің маңыздылығы мен уақтылы көтеріл­генін атап өтіп, Президентке Абай елі мен Семей халқы атынан ыстық ықы­ласын жеткізуді өтінді.

Өндірісі өскелең өңір

Үкімет басшысының жұмыс сапары одан әрі Жарма ауданында жалғасты. Б.Сағынтаев Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында болды. Бүгінгі таңда кен өндіру кешенінде 1097 адам жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде 97,2 пайызы – еліміздің азаматтары. Бұдан өзге кәсіпорынға мердігер ұйымдардың 700-ге жуық қызметкері тартылған. Қазіргі кезде мұнда жылына 2 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту комбинатын салу жобасы іске асырылып жатыр. Жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Кәсіп­орынға салынған инвестицияның жалпы көлемі 133 млрд теңгеден асады. Өн­діріс орнын аралау барысында ком­бинаттың бас директоры Юрий Овчинников кен өндіру кешенінің күллі ұжымы Жолдаудағы әлеуметтік бастамаларды қызу қолдайтындығын ерекше атап өтіп, өз кезегінде жұмыс­керлерінің еңбекақысын арттыру мәсе­лесі қаралып жатқанын тілге тиек етті.

Үкімет басшысы бұдан кейін облыс орталығына келді. Өскемендегі жаңа шағын ауданда орын тепкен №46 орта мектепте болып, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы талаптарына сәйкес жабдықталған физика, биология, химия және роботты техника каби­неттерін, IT-сыныпты аралап көріп, өңір­дегі білім беру сапасына оң баға­сын берді. Мектеп директоры Г.Ауғанбаева жаңа модификациядағы сыныптар интерактивті сенсорлық тақ­талармен, микроскоптармен, хи­мия­­лық тәжірибелерге, биология жұ­мыс­тарына арналған арнайы жаб­дықтармен жарақтандырылғанын айт­ты. 

Бүгінде облыста «Назарбаев зият­кер­лік мектептері» стандарттарына сәйкес 277 орта мектепті жаңа модификациялау және роботты техника сыныптарымен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. 1 қыркүйектен бастап 277 жалпы білім беру мектебінде IT-сыныптары ашылды. 

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында өт­кен облыс активімен және қала жұрт­шы­лығымен кездесу барысында Б.Сағынтаев бастаған Үкімет мүше­лері мен өңір басшысы Даниал Ах­метов Жолдау аясында алдағы уа­қытта қолға алынатын жобалар туралы айта келіп, жұмыс сапарын қорытындылады. Д.Ахметов Жол­дауды жүзеге асыру бойынша әр са­лада кеңінен өңірлік жұмыс жос­пары әзірленгенін, негізгі міндет халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту, табысын еселеуден тұратынын атап өтті.    

Раушан НҰҒМАНБЕК, 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы