Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты» деп атап айтқандай, қоштасуға қарақұрым ел, Шерағаңның шекпенінен шыққан шәкірттері жиналып, дара тұлғаның туысқандарына, күллі қазақ жұртына қайғырып көңіл айтты.
Алматының Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қаралы митингіні ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы ақын Ұлықбек Есдәулет ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы болған Шерхан Мұртазаның Тәуелсіздік жылдарындағы қосқан өлшеусіз үлесі туралы айта келіп, қайраткер қаламгер туралы «Шерағам ел іргесін бекітуде Елбасымыз біреу, қалғанымыз тіреу болуымыз керек деп қиын-қыстау сәттерде Елбасының сенімді серігі бола білді, ел болашағы үшін Көк байрақтың астына тізе қосуымыз керек деп қадап айтты. Оның артында ұрпаққа мирас болып өлмейтін шығармалары қалды, арқыраған айбатты, найзағайдай жарқылдаған намысы қалды» деді.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халықтың Шерағасына» айналған нар тұлғалы қаламгердің, қарымды қоғам қайраткерінің ауыр қазасына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын оқып берді. Сондай-ақ қоштасу барысында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің және Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың көңіл айту хаттары оқылды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Шерхан Мұртаза туған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын Нұрлан Оразалин және басқалары сөз сөйледі.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында жетпіс жылдық тарихы бар партиялық «Социалистік Қазақстанды» нағыз халықтық «Егемен Қазақстанға» айналдырған даңқты қаламгер Шерхан Мұртазаның денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.
Алаштың аяулы тұлғасымен қоштасуға арналған қаралы митингі Астанадағы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында да өтті. Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақ телевизиясының ардагерлері Сұлтан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қатысып, қаламгердің өмірі туралы жарқын естеліктермен бөлісті.
Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа арасындағы қараорман қазақпен бірге Әулиеата халқы да ардақты азаматын азалады. Қайраткер тұлғамен Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл жұртшылығы қимай қоштасты. Саябақтағы Шерхан Мұртазаның үлкен портреті салынған баннерге әулиеаталықтар гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ