Бұл жолғы Жолдау, педагогтер қауымын төл мерекелері қарсаңында ерекше қуанышқа бөледі. Өйткені маңызды құжатта Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін тапсырды. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін қанаттандырып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні анық. Педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Сол себепті, қоғамның ауыр да, жауапты жүгін арқалаған мұғалімдер үлкен құрметке лайық.
Жалпы, облысымызды педагогтердің мәртебесін арттыру, қолдауды мақсат еткен көптеген игі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – жыл сайын облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Үздік педагог» байқауы. Бұл байқаудың мұғалімдер үшін пайдасы зор. Жақында ғана «Үздік педагог-2018» республикалық байқауының қорытындысы шығып, нәтижесінде жеңімпаз атандым. Мен үшін – үлкен мәртебе, зор жетістік. Бұл тек қана менің мерейімді үстем еткен жоқ, мен жұмыс істейтін М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың, облыстың абыройы.
Елбасы Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналуы тиіс екенін атап көрсетті. Осыған орай мектептердегі химия, биология, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілі курстарын тәмамдап, нәтижесінде қазір олар халықаралық талаптарға сай бағдарламалар негізінде пәндерін үш тілде жүргізіп жатыр. Осылайша еліміздің мектептері кезең-кезеңмен Мемлекет басшысы жүктеген жаңартылған білім мазмұнына көшетін болады.
Бала – еліміздің ертеңі, біздің болашағымыз. Оларға кәсіби бағдар беруіміз қажет. Жалпы, орта мектептерге кәсіби диагностика жасап, тапшы мамандықтарды айтып, балаларға бағыт көрсетуіміз керек. Мектепте оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын қалыптастырып, алған білімдерін өмірде қолдана білетін жаңашыл, сыни, жақсы ойлай алатын тұлға қалыптастыруымыз қажет. Бұл да Мемлекет басшысы жүктеген міндет.
Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделген. Олай болса, жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясы – осы ұлттық құндылықтарға бағытталған.
Гүлназ МЫҢЖАСАРОВА,
«Үздік педагог-2018» республикалық байқауының жеңімпазы
АҚТӨБЕ