Экономика • 12 Қазан, 2018

Ет экспорты әлеуетін арттыру жолында

656 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде биылғы жылы етті мал ша­руашылығын дамытудың жаңа бағ­дарламасы іске қосылды. Мақсаты – мем­лекет және қаржы институттары тарапынан шаруаларға кешенді түрде қолдау шаралары арқылы саланың экспорттық әлеуетін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру болып табылады.  

Ет экспорты әлеуетін арттыру жолында

Бұл – Мемлекет басшысының тұ­рақ­ты басымдық беріп келе жатқан өзек­ті мәселелерінің бірі. Елбасы жа­қында Қазақстан  халқына арнаған «Қа­­зақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнім­ді­лігін және қайта өңделген ауыл ша­руа­шылығы өнімінің экспортын 2022 жыл­­ға қарай 2,5 есе көбейту», деп атап көр­сетті. 

Иә, елімізде мал шаруашылығын, оның ішінде етті мал шаруашылығы са­ласын дамытуға қажетті барлық қолайлы жағдайлар бар. Еліміз жайы­лымдық жердің көлемі бойынша әлем­де бесінші орынды иеленеді. Мал ша­руашылығы үшін 180 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Фер­мерлердің қатты жем-шөп базасын құру үшін 2 миллион гектардан ас­там жерді суармалы шабындыққа ай­налдыруға мүмкіндіктері бар. Со­нымен бірге халқымыздың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады және атакәсіппен айналысу дағдысы дәстүрге айналған. 

Қазақстандық фермерлерді ет­ті мал шаруашылығын дамыту мақса­тындағы іске жұмылдыруда соңғы жыл­дары жемісті жұмыс істеп келе жат­қан республикалық «Сыбаға» бағдар­ламасының берері мол.

Жақында Ақтөбе облысында атал­ған бағдарлама бойынша Ресей Феде­рациясынан асыл тұқымды ірі қараның бірінші партиясы әкелінді.

– «Сыбаға» бағдарламасының не­гізгі мақсаты – фермерлік шаруашы­лық­­тар­ды қолдау және ірі қара мал басы санын көбейтуді қамтамасыз ету болып табылады. Ақтөбе облысында аталмыш бағдарламаның аясында фер­мерлер шетелден асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуда. Бүгінгі күн­ге дейін облысымыз бойынша 43 фер­мерлік шаруашылық осы мақсатта же­ңілдетілген несие алды. Оларға қор тарапынан қаржыландыру нәтижесінде 2 мыңнан астам етті асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға қаражат берілді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қар­жылық қолдау қоры» акционерлік қо­ға­мы Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина. 

Нақты мысал келтіретін бол­сақ,­ Ақтөбе облысы, Байғанин ауданын­дағы «Қызыл шоқы» шаруа қожалығы биыл­ғы жылы Ресейдің Пермь айма­ғынан герефорд тұқымының 75 бас ет­ті сиырларын сатып алды. Шаруа қожалығының басшысы Ринат Ерға­лиев­тің айтуы бойынша, «Қызыл шо­қы» шаруа қожалығы 2012 жылдан­ бері бұл салада жемісті жұмыс атқа­рып келеді  екен. Шаруа қожалығы қоныстанған Байғанин ауданында­­­­ғы «Қызыл бұлақ» селолық округі аудан­­ орталығынан 85 шақырым қа­шық­­­­тықта орналасқан. Қазіргі кезең­де шаруа қожалығында 900 шаршы метр аумақты алып жатқан мал­ ша­руашылығы кешені бар. Соны­мен бір­ге 4840 гектар жайылым және 15 гек­тар шабындық жер де осы шаруа қожалығының иелігінде көрінеді. Ша­руашылықта жем-шөп дайындауға қа­жетті техникалар да сақадай-сай. 

– Мал шаруашылығын дамыту үшін жасалып жатқан мемлекеттік кө­мекті тұрақты көріп келе жатырмыз. Алғаш рет «Қызыл шоқы» шаруа қожалығы 2016 жылы «Ауыл шаруа­шылығын қаржылық қолдау қорынан» «Игі­лік» бағдарламасы бойынша 30 мал басын сатып алу үшін несиелік қар­жы алды. Біз бұл несиелеудің артық­шылықтарын барынша сезіндік. Атап айтқанда, берілген қаржының үс­теме проценті төмен және ұзақ мерзім­ге беріледі, – дейді өз сөзінде «Қызыл шо­қы» шаруа қожалығының басшысы Ринат Ерғалиев. 

Гүлжанат Ерғазинаның пікірінше, асыл тұқымды етті мал шаруашылығы са­ла­сында еңбек ететін фермерлерге барынша қаржылық мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, бір фермердің 70 миллион теңгеге дейін несие алатын мүмкіндігі бар. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Оның үстіне алғашқы екі жылда фермерлер несие төлеуден босатылады. Мемлекет субсидиялау арқылы несиенің 14 проценттік үстеме ақысын 4 процентке дейін төмендетуге және шетелдерден етті асыл тұқымды малдың құнын азайтуға субсидия төлейді. Сонымен, тиімді сыйақы үстемесі жылына 4,4 % аспайды.

– Биылғы жылы біз Қордан 40 мил­лион жеңілдетілген несиеге қол жет­­кіздік. Өзіміз Ресейдің Пермь айма­ғындағы Кляпов елді мекеніне ба­рып 75 бас герефорд асыл тұқымды ірі қара сатып алдық. Қазіргі күні әке­лінген асыл тұқымды мал арнайы ка­рантиннен өткізіліп, шаруа қожа­лығының жайылымдарында жайылып жа­тыр, – дейді Ринат Ерғалиев.      

Міне, осылай шағын шаруашы­лық­тар 2017-2021 жылдарға арналған агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың Мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін кө­теру жұмыстарына қатысуда. Бұл бағыт бойынша шаруашылықтар шетелден асыл тұқымды мал сатып алып, одан төл алады. Етті жас малды бор­дақылау алаңдарына тапсырады. Олар, тиісінше еттің тауарлы кө­ле­мін жинақтап, оны ішкі және сырт­қы нарықтарға жеткізумен айналысады. Бұл жұмыстың арқасында шаруа­шылықтардың бәсекеге қабілеттілігі көтеріліп, жергілікті малдың саны мен сапасы артады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген агроөнеркәсіптік кешенді мем­лекеттік қолдаудың жолдары осын­дай. Ең маңыздысы – ауыл тұр­ғын­дары жұмыспен қамтылып, отан­дық азық-түлік нарығының тұрақтылығы нығайып, саланың экспорттық бағыт­тылығы күшейеді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»